Жамбыл облысының инвестициялық тартымдылығы жоғары. Шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың біздің елге қаржы құюға құлшынып тұратыны да сондықтан. Түптеп келгенде мұндай қатынастардың үлкен сенімге құрылатыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде ұдайы айтып, тиісті тапсырмалар беріп келеді.⠀
Сол себепті, өңірге инвестиция тарту ісі қашанда өзектілігін жоғалтқан емес. Ел экономикасының дамуында айшықты рөл атқаратын шетелдік инвесторлар тарапынан қаржыландырылатын жобалар бүгінде тек бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолға алу мақсатында ғана емес, өңірдегі экологиялық мәселелерді де шешуге бағытталып отыр.
Аталған бағыттағы жұмыстарға тек Тараз қаласы ғана емес, аймақ аудандарының да қосып отырған үлесі зор. Десе де, барға «қарын тойғызып», тоқмейілсіп отыратын заман емес қазір. Сондықтан аймаққа ақша саламын деушілермен байланысты бекіте түсіп, оларды қызықтырудың түрлі амал-тәсілдерін қарастырған жөн.
Бұл ретте, күні кеше Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков Қытай елінен келген инвесторлармен кездесті. Кездесуде Жорабек Нұрмергенұлы ауданның экономикалық даму бағыттары және экономикалық даму мүмкіндіктері мен әлеуеті жайында айтты.
Чанг Зенгин және Хю Юнгу бастаған қытайлық делегация өкілдері әріптестік аясында жұмыс істеуге мүдделі екендерін жеткізіп, олар жасыл өнімдер мен технологияларды жетілдіріп, жасыл экономиканы дамыту бағытында тәжірибелерімен бөлісуге ниет білдірді.
Содан соң қытайлық делегация өкілдері аудандағы индустриялық аймақ, тау шатқалы және «Меrke Radon» шипажайымен танысып, Меркінің табиғи әлеуетін туризм саласын дамыту мен медициналық сауықтыру шараларын жетілдіру бағытында тиімді пайдалануға қызығушылық танытты.
Қытайлық инвесторлар радон суының пайдасына аса мән беріп, шипажайдың инфрақұрылымын жетілдіру мен қызмет көрсету аясын кеңейтуге инвестиция салуға бастапқы ниеттерін білдірді.
Сонымен қатар олар бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша, 4-5 сәуір күндері Пекин қаласында өтетін арнайы жиында кеңінен талқыланып, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.