«Тайып құлап мұндай ауыр жарақат алу мүмкін емес»: Алматыда 4 ай бойы комада жатқан сарбаздың ата-анасы жанайқайын айтты

36

Фото: Видеодан скрин

Спорттық университеттің 1-курс студенті Ербаян Мұхтарды әскери комиссариаттың қызметкерлері келіп, шақыртумен алып кеткен. Анасы Гүлсім Қамидің айтуынша, ұлы еш қарсылықсыз, өз еркімен кеткен. Ербаянның анасы әскери бөлімдегі командир мен сержанттардан мардымды жауап ала алмаған. Айтатындары бір, “бала әжетхана кіріп, аяғы тайып құлады”.

Ербаянның денсаулығына байланысты әскери дәрігер пікір білдірді.

“Амбулаториялық ем алып жүрген еді. Температурасы 36,8 градус болды. Антибиотиктер тағайындалып, ем алып жатқан еді. Осы себепті әскерден босатылып, казармада дем алып жатты. Тәуір болып келе жатқанда дәретханаға барып, басы айналды ма әлде тайып құлады ма екен”, – дейді әскери дәрігер Дәулет Омаров.

Гүлсім Қамидің айтуынша, баласының басының артқы жақ, оң жақ тұсы зақымдалған. Дәрігерлердің Ербаянға қойған ресми диагнозы – ауыр ашық бас миының жарақаты, мидың ауыр жарақаты, оксипитальді сүйектің сынуы, мидың ісінуі, бастың желке тұсының көгерген жарасы.

Ербаянның анасының айтуынша, жарақаттарға байланысты сот-медициналық сараптамасы өткізілген.

“Бұл сарапшы үшін аса күрделі жағдай емес. Мен диагнозбен танысып шықтым. Бастықтардың айтқанымен келісе алмаймын. Өйткені адамның басы айналса да, тайып құласа да мұндай ауыр бас-ми жарақатын алуы мүмкін емес. Тек адам есін жоғалтып, шүйдесімен құлаған жағдайда ғана мұндай жарақат алуы мүмкін”, – дейді патологанатом Тахир Халимназаров.

Гүлсім Қамиева ұлының әскерге үйреніскен жоқ ақша сұрауы жиілегенін айтады. Ол ақшаны Ербаян дүкеншінің нөміріне жіберуді сұраған. Ербаянның досынан 30 мың теңге көлемінде ақша сұрағаны да анықталды. Мұнымен сарапшылар әскери бөлімде әлімжеттік пен зорлық-зомбылық бар деген қорытындыға келді.

Алайда Алматыдағы 5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және және әлеуметтік құқық жөніндег орынбасары Айтжан Мұхамедияр мекемеде әлімжеттіктің болуы мүмкін емес екенін айтып, сарапшылардың болжамын жоққа шығарды.

“Бізде сарбазды ұру, балағаттау деген жоқ. Бүкіл офицерлер мен әскери қызметшілер қатаң бақылауда. Күнделікті сарбаздардың денесінде жарақаттың бар-жоғы тексеріледі. Бізді әскери полиция мен прокуратура тексереді. Әлімжеттікті болдырмау үшін іс-шаралар өткіземіз. Біздің мекеме түрме емес. Әр сарбазда банк картасы бар. Ата-анасынан ақша сұраса, біз оларға тыйым сала аламаймыз. Мүмкін тәтті алатын шығар, одеколоны бар. Бірақ сержант пен офицерлер ақша жинамайды”, – дейді ол.

Гүлсім үш жарым айдан бері төсекке таңылған баласының бет-жүзінен көзінің асты мен мұрнының аймағы көгергенін байқаған. Хирург Ербаянның бірінші рет ауырып, ауруханадан шығарылған кезіндегі құжатымен танысқан. Ол сарбаздың мұрнының қисықтығы мен сынықығын байқаған. Сондай-ақ ол мұрны сынған азаматтардың әскерге қабылданбайтынын атап өтті.

Осы тұста Ербаян ауырып ауруханағ түскенде, ем шараларын жүргізген дәрігер Әлия Әбенова науқастың жағдайы туралы айтты.

“Толық медициналық ақпартты айта алмаймын. Ол туралы әке-шешесіне ғана айтамыз. Негізі реанимациядағы науқасқа кіруге болмайды. Бірақ біз ата-анасына аз уақытқа ғана рұқсат бердік. Жағдайы ауыр. Науқастың ата-анасы ол туралы да біледі. Ешқандай өзгеріс жоқ. Комада жатыр. Жасанды желдету аппаратымен демалып жатыр. Зондпен және парентералды жолмен тамақтанады. Дене қызуының түскеніне 3-4 күн болды. Бұған дейін дренаждар, ота жасалды. Науқастың ми қарыншалары қабынған. Жағдайы соған байланысты ауыр”, – дейді дәрігер.

Сондай-ақ ол Ербаянның бұған дейін жағдайы жақсарып, есін жиғанын айтты.

“12 қаңтар күні жағдайы тұрақталған соң госпитальға жібердік. Ата-анасы да біледі, баласы әке-шешесін таниды, қолын қысады, команданы орындайды. Сол себепті ота керек емес деп шешіп, емін жалғастырдық. Дәрі-дәрмегі уақытыл берілді. Жағдайы тұрақталған соң емін жалғастырып, госпитальға аудардық. Бірақ 10 күннен соң науқас қайта ауыр жағдайда ауруханаға түсті”, – дейді медицина қызметкері.

Ербаян есін жиған кезде ата-анасымен көрісіп тұрған. Күндердің бір күнінде әке-шешесі одан “Сені біреу ұрды ма?” деген сұрайды. Бұл сауалға Ербаян басын изеп, көзімен ишара жасап жауап берген.

“Ерні жыбырлап, әлденені айтуға тырысады. Бірақ даусы шықпайтын. Сұрағыма көзіп жұмып, басын изеп жауап берді”, – дейді анасы.

Сарбаздың әкесі де №12 аураханада жатқан ұлының 20-25 күнде есін жиып, жағдайы жақсарғанын растайды. Ата-ананың бар талабы – Ербаянды Алматыдағы №12 аураханадан Астанадағы мамандандырылған ауруханаға ауыстыру.

“Біздің бар сұрайтынымыз – балалардың Астанаға ауыстырып беру. Әсери бөлімнің қызметкерлері “Біз сендерге пәтер жалдап беріп отырмыз” деп отыр. Міндетсініп отырғандай. Үйдің жанында болса жақсы болар еді. Келген бетте алып кетейік деп едік, хирургтар бермей қойды. Қазір жол көтере алады деп отыр”, – дейді Ербаянның әкесі Хамит Айтмағамбетов.

Негізі Ербаян Алматыда емделіп, дәрігерлер оны нейрохирургия орталығына жібере алады. Орталықтан ем алып шыққан соң ғана дәрігерлер сарбазды әке-шешесіне бере алатынын айтқан.Ол үшін Ербаянның отбасы Астанадағы ауруханалардың науқасты қабылдайтынына көз жеткіз керек екен.

Бұған дейін Алматыда отандық борышын өтеу үшін барған 21 жастағы сарбаздың жұмбақ жағдайда комаға түскені туралы жазған едік.

https://stan.kz/tayip-kylap-mynday-auir-zharakat-alu-mumkin-emes-almati-398407/

Leave A Reply

Your email address will not be published.