«KazАgroZhambyl-2024» форум-көрмесі: Жаңа мүмкіндіктер алаңы

223

Өткен аптада Тараз қаласында басталған І халықаралық көрме- форум Наурыз мерекесіне орай жалғасты. Негізінен ауыл шаруашылығы техникасы мен олардың қосалқы бөлшектері, тұқым және мал шаруашылығы, тамақ, қайта өңдеу өнеркәсібіне арналған жабдықтар тақырыбында өткен форумға шет мемлекеттерден келген меймандар ақшаңқан киіз үйлерге кіріп, дәм татты. Қазақтың наурыз көжесінен ішіп, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен танысты.

Наурыз мейрамына арналған концерттік бағдарламаларды тамашалады. Сонымен қатар, «Аударыспақ», «Қыз қуу », «Көкпар», «Бәйге», «Алтыбақан» сияқты ұлттық жарыстар да ұйымдастырылды.

«Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме павильонында ауыл шаруашылығы техникалары және сапалы тұқымдардан, асыл тұқымды төлдерден агрокөрме ұйымдастырылды. Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы Ауыл шаруашылығы министрліктерінен келген делегатт ар облысымыздың ауыл шаруашылығындағы озық техникалармен және сапалы өнімдермен танысып, өзара тәжірибе алмасты.

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының Шарбұлақ елдімекенінен келген Ералы Әшір тұқым себуде өте тиімді техниканы көрмеде көрсетіп, дихандарға таныстырды.

– Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын оңтүстік өңірге нолдік технологиямен егін егуге өте тиімді дәнсепкішті бүгінгі көрмеге алып келіп отырмыз. Бразилияның «VENCE TUDO» зауытынан шығарылған. Алты жыл бұрын екі данасын әкеліп, өз шаруа қожалығымызда қолданып көрдік. Ауа райының әртүрлі жағдайында пайдаланып, тәжірибе жасадық. Бұл техникамен тұқым сепкенде алдын ала жер жыртудың, өңдеудің қажеті жоқ. Артықшылығы да сонда – жерді жырту, өңдеу секілді жұмыстарды қысқартады. Мысалы, ол жұмыстарды жүргізген адамға ақы төлеу, техникаға құятын жанармай және уақытты шығындамайды. Тұқым себу үшін оңтүстік өңірде күздің күнінде жауын жауғанын күтеміз. Ал, мына техниканы қолданғанда жаңбырды да күтпей, әлгінде айтылғандай шығындарды қажет етпей, қатты жерге бірден қажетті тереңдікте дән егіп береді. Мысалы, алдын ала жер жыртып егілетін дәстүрлі әдіспен еккенде 180-200 килограмм нормада тұқым ексек, мына агрегатпен 150-160 килограмм егеміз.

Соның 100 пайызы өніп шығады. Міне, 6 жылдан бері өз шаруа қожалығымызда осыны пайдаланып, жақсы өнім а лып жүрміз. Осы тәжірибемізді басқа дихандарға да жеткізіп, осы техниканы пайдалануды ұсынып отырмыз. Өз қожалығымызбен қоса көрші ауылдардағы шаруалар біз арқылы тапсырыс беріп, Бразилиядан алдырып, қолданып жүр. Сол оң істі басқалармен де бөлісіп, қазіргі қымбаттап бара жатқан жанар- жағар майды, шаруада аса қажет уақытты үнемдеп, кейінгі кездері таптырмай тұрған шаруашылықтағы мамандарды қажет етпейтін техниканы таныстырдық. Бұл агрегаттың біреуін жүргізуге, тек бір адам ғана керек. Жүргізілуі де өте қарапайым. Қосалқы бөлшектерін алдын ала өзіміздің қоймаға әкеліп қойғанбыз. Егер біздің серіктестік арқылы осы техниканы алатын шаруа болса, керекті бөлшектерін де өзіміз тауып, қажетті қызметін көрсетеміз. Себебі, біздің серіктестік Бразилияның «VENCE TUDO» зауытымен дистрибьюторлық келісім шартқа отырған. Алушыларға қызмет көрсете де аламыз, – дейді «Sapa Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының міндетін атқарушы Ералы Нұржанұлы.

Ал, егіндіктің зиянке стерден қорғалуы үшін қажетті дәріні себуде ұтымды алып дронды «Navistar Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Серік Нұртазин таныстырды.

– Біз бүгінгі көрмеге компаниямыздың өнімдерінің бірі – ауыл шаруашылығына арналған XAG v40 агродронын алып келдік. Бөшкесінің сыйымдылығы 18 литр, ол 100 гектарды залалсыздандыруға жеткілікті. Бұл ең кіші моделі, әрине бұдан көлемдісі де бар. Осының өзі ауысымына 10 сағат жұмыс істей алады. Дәл осы моделі 6 миллион теңге тұрады. Түпкі өндірушісі – қытай елі, әлемдік деңгейде танымал бренд. Егін шаруашылығында өте ұтымды техника. Егер алушылар болса, өзіміз оқытып, үйретіп, алқапқа жіберіп көрсетеміз. Үйренуші толықтай меңгергенше қасында боламыз. Соңында осы техниканы оқып үйренгенін растайтын сертификат табыстаймыз. Бұл агродронның кепілдігі – бір жыл. Егер қандай да бір ақаулықтар шықса, міндетті түрде өзіміз келіп, қызмет көрсетеміз. Қажет болса, қосалқы бөлшектерін де ауыстырып береміз. Бастапқыда бізден оқып үйренген операторы ауысып жатса да қайтадан оқытуға дайынбыз. Қысқаша айтқанда, тұтынушымен барлық кезде байланыста боламыз, онлайн режимде кеңес беріп отырамыз. Компаниямыз негізі Көкшетауда, ал еліміздің барлық аймақтарында филиалы бар. Бұл агродрон фермерге егіннің зиянкестеріне қарсы залалсыздандыру дәрілерін себетін маманға ақы төлеуді қажет етпей, уақытты және суды экономдауға көмектеседі. Себебі, мұны жүргізетін, тек бір оператор ғана және бөшкесіне су құйып тұратын бір көмекші ғана керек, – дейді Серік Мұратұлы.

Бұл көрменің ауыл шаруалары үшін берері мол болғанын осындағы түрлі техникалардан байқадық. Егіннің жайы мен малдың қамына қажетті техникалар қол еңбегін аса қажет етпейтін әрі шығынды аз жұмсауға арналған заманауи үлгіде дайындалған. Сонысымен де шаруаға тиімді.

Егін шаруашылығында мол өнім алудың бірден бір кепілі – сапалы тұқым себу. «KazAgroZhambyl-2024» форумы аясында Түркі агробизнес форумының экономикалық ынтымақтастық ұйымының 8-ші тұқым шаруашылығы конгресі өткізілді.

Тұқым шаруашылығындағы мәселелерді талқылаған Конгрес Түрік тұқым өсірушілер қауымдастығы TÜRKTOB және ECOSA Экономика лық ынтымақт астық ұйымының тұқым шаруашылығы қауымдастықтары 70-тен астам халықаралық сарапшыларды жинады. Сарапшылар Қазақстанның әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларында тұқым шаруашылығының, өндірісті ұлғайтудың және өнімділікті арттырудың өзекті тақырыптарын талдап, пікірлерін ортаға салды. Өткен жылы ауа-райының қолайсыздығына байланысты осы маусымда фермерлер сапалы тұқыммен қамтамасыз етудің қиындықтарына тап болғаны есте. Сондықтан, форум осындай кедергілерден дұрыс жол табуды мақсат етті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан форум қатысушыларына сәттілік тілеген еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешені ел экономикасында маңызды рөлге ие екенін атап өтті.

– Бүгінгі Түркі мемлекеттер ұйымының іс-шаралары Қасиетті Рамазан айында және Наурыз мейрамы қарсаңында өткізіліп жатыр. Қос мереке құтты болсын! Форумның барлық қатысушыларына жемісті еңбек және мол табыс тілеймін!

Ауыл шаруашылығының дамуы – біздің азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің және экономиканың экспорттық әлеуетін іске асырудың маңызды факторы. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы – қазақстандықтардың жартысына жуығының негізгі табыс көзі. Соңғы уақытта біздің сала өнімнің өзіндік құнының жоғарылауынан және өткізу нарықтарының шектеулі болуы себебінен елеулі проблемаларға тап болуда. Осы проблемаларды шешу үшін минист рлік с а лаға талдау жасап, мәселенің негізгі себептерін анықтауға назар аударды. Нәтижесінде Жол картасы жасалды. Оның негізгі құралдарының бірі – ылғалды көп қажет ететін және монокультураларды қысқартуға, рентабельділігі жоғары дақылдар алаңдарын кеңейтуге бағытталған егіс алаңдарын әртараптандыру. Бұл шаралар мемлекеттік қолдау көлемінің ұлғаюымен, заманауи технологияларды енгізумен бірге өндіріс көлемінің өсуіне, өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады. Жол картасының маңызды бөлімдерінің бірі тұқымдарға арналған. Тәжірибеде көрсеткендей, тұқымның өнімділікке әсер ету дәрежесі 40 пайызға жетеді. Осыны ескере отырып, министрлік саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024-2028 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Бұл жоспар селекция мен тұқым шаруашылығының заңнамалық және нормативтік базасын жетілдіруге, селекция мен тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, жас кадрлардың осы салаға келуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар іс-шараларды көздейді. Екіншіден, ғылыми-техникалық прогресс өсімдіктердің жаңа сортт арын жас ау ке зінде бірқатар жалпы талаптар қояды. Олар өнімділіктің өсу мүмкіндіктерін толығырақ іске асыру үшін жоғары әлеуетті өнімділікке ие болуы тиіс. Осылайша, селекция процесін жетілдіру үшін агрономдардың, селекционерлердің, биохимиктердің және басқа да мамандардың пәнаралық интеграцияланған зерттеулері жүргізілетін болады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын жасау және өсімдіктердің үздік шетелдік сорттарын біздің жағдайларға бейімдеу бойынша селекция мен тұқым шаруашылығының жетекші әлемдік ғылыми орталықтарымен бірлескен жұмысты күшейту көзделіп отыр. Бұл бағытта бірлескен жұмыстар басталды. Тұқым шаруашылығы мен селекцияны дамыту үшін саланың заңнамалық базасы маңызды мәнге ие. Селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы заңнамалық актілерді жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі ха лықара лық одаққа сәйкестендіру мақсатында «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңға өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, мұндай өзгерістер «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңға да енгізілмек.

Сондай-ақ, осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін мемлекеттік қолдаулар қарастырылуда. Түпнұсқа және элиталық тұқым алу 70 пайыз және бірінші репродукциялық және гибридті тұқым алу 50 пайыз субсидияланады. Айта кету керек, тұқымға субсидия нормативі өткен жылы орта есеппен 30 пайызға көтерілді. Сонымен қатар, селекциялық-тұқым шаруашылығы техникасын және тұқым тазарту жабдығын сатып алуға мемлекеттік қолдау 2023 жылы өтеу үлесі 25 пайыздан 50 пайызға дейін өсті. Қазақстанда өндірілген тұқымдар ғана емес, шетелден сатып алынған тұқымдар да субсидияланады. Соңғы жеті жылда тұқымдарға арналған бюджеттік субсидиялар көлемі 2 есеге өсіп, 2023 жылға қарай 16,5 миллиард теңгеге жетті, 2017 жылы 8,5 миллиард теңге болған. Бұл сортты жаңартуға оң әсерін тигізді, 6 жылда 2023 жылға қарай элиталық тұқымдардың үлесі 5,2 пайыздан 7,1 пайызға дейін ұлғайды.

Қазақстан тұқым шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша жемісті ынтымақтастыққа мүдделі және осы тиімді диалог алаңы бизнеске, үкіметтік емес ұйымдар мен инвесторларға байланыс орнатуға мүмкіндік береді деген үміттемін. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенінде бизнес жүргізу үшін жаңа трендтер мен перспективаларды талқылауға да жол ашатынына сенемін. Бүгінгі форумға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, нәтижесі жемісті болуына тілектеспін, – деді министр Айдарбек Сейпілұлы.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл форум ең алдымен өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерінің өзара тиімді ынтымақтастықты, агроөнеркәсіп саласындағы бастамаларды іске асыруға бағытталуымен облысымыз үшін маңызы ерекше екенін айтты.

– Жамбыл облысы – жоғары экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан өңір. Экономикалық даму әлеуеті зор. Соның ішінде өте маңызды саласы – ауыл шаруашылығы. Аймақта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 5,5 миллион гектарды құраса, егістік жердің көлемі 786,6 мың гектар. Ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімнің 60 пайызын беретін сала – бұл егін шаруашылығы. Сондықтан егіс алқаптарынан алынатын жоғары өнімге қол жеткізу үшін сапалы тұқым қажет. Айта кету керек, біздегі тұқым шаруашылықтары өндіретін тұқымдар сапалық сипаттамасы бойынша шетелдік баламаға сай келмей жатады. Тұқымды өсіру бір жұмыс, оны әрі қарай өңдеп, сатылымға шығаруға жеткізу керек. Былтырғы жылы біз шаруаларды сапалы жоғары репродукциялы тұқыммен қамту мақсатында ғалымдардың жетекшілігімен 12 түрлі күздік бидай дақылын сеуіп, дақылдың шығымдылығы мен сапасына сынау тәжірибесін жүргіздік. Мұндағы тағы бір мәселе – оларды егіске сапалы дайындау. Алайда, техникалық мүмкіндіктің, яғни тұқымды жетілдіретін зауыттың жоқтығы бізге қолбайлау болып отыр. Сол себепті, тұқым шаруашылығы жөніндегі мамандандырылған форум тұқым шаруашылығын және тиімді ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, тұқым нарығындағы ағымдағы жағдай мен жаңа трендтер үшін өзекті, ең маңызды мәселелер шешімін табады деген ойдамын.

Жалпы, тұқым шаруашылығын дамыту бағытында барлық қолдауларды көрсетуге әзірміз. Мәселен, шетелдік тұқым өндіруші компаниялардың өнімдерін тәжірибеден өткізуге болатын 231 гектар алқабымыз бар. Бұл өз кезегінде шетелдік әлеуетті инвесторлар мен отандық кәсіпкерлердің демонстрациялық ортақ алаңына айналуына зор мүмкіндіктер береді. Ендеше барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, – деген Ербол Шырақпайұлы облысымыз шетелдік серіктестер ұсынатын жобаларды жүзеге асыруға әзір әрі инвесторлармен бірге жұмыс істеуге ашық екенін жеткізді.

Айта кетейік, облысымыздың 181,8 мың гектар жері суармалы, 7,2 мың гектары көпжылдық екпелер, 134,9 мың гектары шабындық, 4,4 миллион гектары жайылымдық және 210,1 мың гектары бөгде жерлер.

Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұқым шаруашылығы өте кенжелеп қалғанын, тіпті еліміздің егіндігіне қажетті 90-95 пайыз тұқымы сыртқы елдерге тәуелді екенін айтқан болатын. Соған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқым саласына 2024-2028 жылдарды қамтитын кешенді жоспар дайындап, онда жалпы тұқым шаруашылығымен айналысатын ұйымдардың, институттардың, лабораториялардың барлығы материалдық-техникалық жағдайын жаңарту, сонымен қатар жаңа селекцияларды шығару жолдары қарастырылған. Бұл тұрғыда тәжірибесі үлкен шетелдік компанияларды біріктіріп, өз еліміздің сапалы тұқымын жетілдіру мақсатында бүгінгі форумда шетелдік компаниялар шақырылған.

Сонымен қатар, агробизнес өкілдері үшін компаниялардың тұсаукесері және стратегиялық келісімдер мен келісімшарттар жасауы көзделген B2B сериясы өтті. Отандық фермерлер серіктестерді тауып қана қоймай, өз өнімдерін өткізу нарығын да кеңейту мүмкіндігіне ие болды.

Қорыта айтқанда, «KazАgroZhambyl-2024» форум-көрмесі Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін дамытуға ықпал ететін ең ауқымды іс-шара болды. Сондай-ақ, мерекелік жағдайда түркі мемлекеттері ұйымының елдері арасында тарихи келісімдер жасалатын орынға айналды десек, артық емес.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.