Жылқыға жұт келді ме? Бірнеше өңірде жануарлар аштан өліп жатыр

344

Әсіресе Ұлытау мен Ақмола облыстарының шаруалары шабындық жер өлекселерге толды деп дабыл қағуда.

Сарышұнақ аязда жердің бетін жапқан қалың қар ерімей, жайылымға шыққан мал азық таппай арам қатқан. Әсіресе Ұлытау мен Ақмола облыстарының шаруалары шабындық жер өлекселерге толды деп дабыл қағуда, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Әкімдер ауа райының қолайсыздығынан өлген жылқылардың есебіне жету қиындап кеткенін айтты. Бір ғана Қонысбай ауылының өзінде ақпан айының соңынан бері 50 жылқы аштан қырылған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның солтүстігінде марал мен бұғылар жаппай қырылып жатыр

«Үкіметтен ешқандай шара жоқ, сол себепті мал қалай қырылды, солай қырылып жатыр. Далада болсын, қорада болсын. Енді шөпті жазда дайындауға ешқандай мүмкіндік жоқ. Маңайдың бәрі жыртылып тастаған. Баяғы екпе шөптердің бәрін жыртып тастаған», – деді Зеренді ауданының тұрғыны Темірбек Ғалымов.

Ұлытау облысында да жағдай мәз емес. Тіпті ауыл әкімдерінің өзі қырылған малдың есебін анықтай алмай әлекке түсіп жатыр. Далада жатқан өлексе көп. Оның үстіне жыртқыш аңдарға жемтік болған жылқылардың кімге тиесілі екенін білу де өте қиын.

«Өлген малдарды анықтау мүмкін болмай тұр. Ақтас кентінен 90 шақырымда мал өлгені тіркеліп тұр. Оған баруға ешқандай мүмкіншілік жоқ. Көп жерде мал иесінің қателігі екені айтылып жатыр. Мен оған келіспеймін. 2023 жылы қуаңшылық болып, шөп дайындау мүмкін болмады. Аздаған ғана шөп дайындалды. Ол қорадағы сиыр мен қойға ғана жеткілікті», – деді Ақтас кентінің әкімі Дулат Сүлейменов.

Ауыл шаруашылық министрлігіндегілер Ақмола облысында жедел штаб құрылып, қатқақ жерді қопсыту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Жылқылардың қыс мезгілінде қырылуына иелерінің малдарды фермаларда ұстамауынан және қажетті мөлшерде жем-шөп дайындамай, ашығуы себеп болған. Ақмола облысы ветеринария басқармасының мәліметі бойынша, 2023 жылдың желтоқсан айынан бері 117 бас жылқының өлімі тіркелген. Ұлытау облысында 2000 бас және Жаңаарқа ауданында қолда бар мал басының жартысы өлді деген ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп жауап берді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz
https://informburo.kz/kaz/newskaz/zylqyga-zut-keldi-me-birnese-onirde-zanuarlar-astan-olip-zatyr?utm_medium=referral&utm_source=idealmedia&utm_campaign=kaz.informburo.kz&utm_term=1300052&utm_content=10881687

Leave A Reply

Your email address will not be published.