Жамбылдық өнерпаздар Түркияның Нигде қаласында да өнер көрсетті

613

Əсем əуен фольклорлық ансамблінің Түркияның Нигде қаласына сапары сондағы тарихи орындарды аралаудан басталды. Кезекті концерт 2018 жылдың 7 қыркүйегінде ашық аспан астындағы амфитеатрда жалғасын тапты. Ұйымдастырылған шара жүргізуші Айшегүлдің өнерпаздарға сұрақ қойып, жалпы Түркияға келгендегі əсерлерімен бөлісіп, пікір алмасудан басталды.

Алаңға 5 мыңнан астам көрермен жиналды. Олардың ішінде осы қаладан 35 шақырым жерде орналасқан Алтай ауылының қазақтары да бар. Жиналған қауым, өнерпаздардың таланттарына риза болып, қосыла ән шырқап, қол соғып демеп отырды. Барша қазақ халқының мәдеиетімен, өнерімен таныстырған өнерпаздар да көпшілікке Əбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шуым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» сынды бірнеше халық әндерін әуелете шырқап, көрермен көзайымына айналды. Сондай-ақ, ҚР Түркиядағы елшісі А.Сапарбекұлы жəне Бор провинциясының мэрі Сыткы Ерат, Нигде қаласының мэрі Йылмаз Шимшек тамашалады. Шара барысында А.Сапарбекұлы Бор провинциясының мэрі Сыткы Ератқа Астана қаласының 20 жылдық ерейтойына орай Бәйтеректің символы өрнектелеген сағатты сыйға тартса, Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігінің атынан ұлттық шапанымызды аудан әкімінің орынбасары Клара Исакқызы жапты. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасы тарапынан Нигде қаласының мэрі Йылмаз Шимшекке «Көне — Тараз» кілемшесі табыс етілді.
Көпшіліктің көңілінен шыққан аталмыш жиында жиналған жұрттың сұранысымен сахна төрінде қандас Түркия қазақтары және елші А.Сапарбекұлы, Сыткы Ерат, Йылмаз Шимшек аудан өнерпаздарымен «Қара жорға» биін билесе, қазақ-ноғайлы Арсланбек Сұлтанбековтің «Домбыра» әнін жамбылдық делегацияға тарту етті.
Шара соңында, Нигде қаласының қонақжа халқы өнерпаздарға арнайы дастархан жайып, ұлттық дәм татқызып, ыстық ықылдастарын білдірді. Қазақ елінің мәдениетіне, өнеріне, ұлттық киімі мен әшекейіне ерекше қызығушылық танытқан қалың қауым өңіріміздің өнерпаздарымен естелік суретке түсіп, қимастықпен қоштасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.