Медиация – бітімгершілікке бастайды

59

Қазіргі таңда медиация ұғымын өте жиі кездестіруге болады. Әсіресе, медиацияның сот саласында қолданылуының көрсеткіші өсуі, әрине, қуантарлық жағдай. Өйткені, бұл — дауласушы тараптардың бір мәмілеге, консенсуске, екі жақтың жағымды және тиімді қанағаттанарлық шешімге келуі деген сөз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында медиация тақырыбына аса үлкен көңіл бөліп, ерекше атап тоқталып өткен болатын. Осыған байланысты, қазіргі таңда сот саласы ел Президентінің тапсырмасын орындауды қатаң бақылауға алып, осы бағытта белсенді жұмыстарын атқаруда.

Азаматтық істер бойынша сотқа жүгінген дауласушы тараптармен татуластыру рәсімдерін жүргізу кең ауқымда Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жүргізілуде. Яғни, азаматтық істерді қарау барысында сот мейлінше тараптарды татуластыруға немесе бір мәмілеге келтіруге бар күшін салуда.

Сонымен қатар, татуластыру рәсімдерін жандандыру мақсатында елімізде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен «Отбасылық сот» пилоттық жобасы да енгізілді. Яғни, бұл жоба отбасы институтын жандандыру, отбасы құндылықтарын сақтау, жанұялық жарасымдылықты сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, кәмелетке толмаған балалардың толыққанды отбасымен тұру және тәрбиелену мүмкіншілігін арттыру мақсатында енгізілген. Бұл жобаның қолданысқа енгізілу себебі — еліміздегі ажырасу фактілерінің арта түсуі десек болады.

Қылмыстық процесс барысында медиацияны, татуластыру рәсімдерін жүргізу тараптар қол жеткізген дау-дамайды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған тұлғаның жәбірленушімен татуласуы жолымен дауларды реттеу туралы келісімді білдіреді. Келісім Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын немесе оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады.

Әрине, медиацияны қылмыстық істердің барлық санатына қолдануға жатпайтынын ескеру қажет. Яғни, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданып, ме¬диаторлардың қарауына беруге бо¬лады.

Қорыта айтқанда, қазіргі уақытта тараптарды татуластыруға, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге қызықтыруға, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін «Медиация туралы» заңының қарқынды жалғасуы қуантарлық жағдай.
Сондай-ақ, медиация арқылы тараптардың татуласуы судьяларға түсетін жүктеменің де азаюына өз әсерін тигізетіні анық.

Қаракөз ТІЛЕМІСОВА,
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.