«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы біздің киелі жерлерімізге келетін туристтер қаншама қалдықтарды қалдыратынын көрсету үшін осы арт-жобаны дайындаған.
Kazinform агенттігінің мәліметінше, белсенділер Бурабайда қоқыстарды жинап, содан Жұмбақтас тасының мүсінін жасады. Осы арт-нысан Қазақстанның мәдени мұрасының сақталуы мен тазалық үшін күрестің символына айналды.
Жыл сайын Бурабайдың табиғат тамашалауға келетін туристтердің саны жылдам көбейіп келеді. Көрікті жердің танымалдығымен қатар, қоқысының да көлемі артпаса азаймаған. «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының мүшесі Бауыржан Аманов талай тарихи оқиғаларға куә болған Жұмбақтасқа жазу жазып, маңайына қалдық тастап кететіндерге шара қолдану керек екенін айтады.
«Біздің киелі жерлер мен мәдени ескерткіштердің жойылуына немқұрайды қарай алмаймыз. Қазақстандықтарды табиғатымызды аялауға және тарихымызды қастерлеуге шақырамыз. Бәрін өзімізден бастайық. Қоқыстарды шашпай, айналамызды таза ұстайық. Жерге тасталған қоқыс сәл уақыттан кейін айналаны жұтып алуы да мүмкін», — дейді ол.
Еске сала кетейік, «Қоқыстас» арт-объектісі «Киелі табиғат» эко-сенбілігін және басқа да көптеген экологиялық бастаманы қолдау мақсатында ұйымдастырылған болатын.
https://turkystan.kz/article/235440-astanada-o-ystan-zhasal-an-zh-mba-tas-payda-boldy