Облыс әкімі Қордайдағы ауыл тұрғындарымен кездесті

114

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданына жұмыс сапары барысында Қарасу және Сортобе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.

Алдымен, Қарасуда өткен басқосуда аймақ басшысы облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

— Соңғы жылдары суармалы су тапшылығы мәселесінің өзектілігі сақталып отыр. Осы тұрғыда су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу маңызды болып отыр. Облыс орталығында тамшылатып суару және жылыжай кешендеріне арналған жабдықтарды шығаратын зауыт салу бойынша инвесторлармен жұмыстар жүруде. Сондай-ақ, ұңғыма қазу жұмыстарына да барынша көңіл бөлген дұрыс. Бұл ретте қазу шығындарын субсидиялау көлемін 80 пайызға дейін арттыру шаралары жүзеге асуда,-деген облыс әкімі ірі инвестициялық жобалардың маңынан жергілікті кәсіпкерлерге шағын жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету қажеттігін баса айтты.

Бұдан бөлек, Қордай ауылында табысты жүзеге асып жатқан құс шаруашылығының тәжірибесін басқа да ауылдарға тарату керектігін жеткізді.

Ербол Қарашөкеев мұндай шаралар жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрақты табыспен қамтуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Кездесуде ауылдық округ әкімі Рая Жасыбаева есеп беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы бөлісті.

Дәл осындай форматтағы кездесу Сортобе ауылдық округінде де өтті.

Басқосуларда ауылдықтар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, жауаптар алды.

Облыс әкімі көтерілген барлық мәселелер міндетті түрде назарға алынатынын, оларды тиісті заңнама аясында шешу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Аймақ басшысы бірлік пен тұрақтылық болған жағдайда ғана нақты нәтижеге қол жететінін баса айтты.

Кездесулерден кейін Ербол Қарашөкеев бірқатар азаматтарды жеке қабылдады.

Бұдан соң облыс әкімі Сортобе ауылындағы 75 адамға арналған полиция бөлімшесінің құрылысын көрді. Жұмыстардың сапалы әрі кестеге сәйкес мерзімде орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Нысан құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін толығымен аяқталады деп күтілуде.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.