Бес сағатқа кешігіп хабарласқан: Қарағанды облысында жоғалып кеткен 10 жастағы қыздың анасы жауапқа тартылды
Қарағанды облысында сабақтан кейін үйге оралмай із-түссіз жоғалған 10 жасар қыздың анасы жауапкершілікке тартылды. Деректерге сай оның қызы сабаққа бармай құрбысында болған
Қарқаралы аудандық ішкі істер бөліміне тұрғын 29 қыркүйек күні сағат 23:40 шамасында хабарласып қызының жоғалғанын айтқан.
Анасының айтуынша қыз түстен кейін сабаққа кетіп, үйіне сағат 19.00-де қайтуы керек болған.
«Бірақ қыз үйіне оралмаған. Дабыл қаққан әйел қызын өзі іздей бастағанымен, іздестіру нәтиже бермеген. Әйел полицияға қызы жоғалып кеткеннен кейін бес сағатқа кешігіп хабарласқан», — деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бүкіл полиция бөлімі іздестіру шарасын жүргізді. Полицейлер жоғалған қыздың сабаққа бармай, күні бойы құрбысымен бірге болғанын анықтады. Ал сағат 19.00-де оқушы қыз үйіне құрбысынан кеткен, содан кейін оны ешкім көрмеген.
«Жедел іздестіру топтары әр үйді аралап, жертөлелерді, шатырларды, кәріз құдықтарын тексерді. Бір жарым сағаттан кейін қыз аман-есен табылды. Ол үйге жаяу келе жатқанын, бірақ жолда қатты жаңбыр жауа бастағанын айтты. Жауында қалмас үшін домбыра ескерткішіндегі қуыста күткен. Сол жерде жайғасып, ұйықтап қалған», — деп қосты полиция.
Дәрігерлер тексеріп, психологпен сөйлескеннен кейін бала анасына қайтарылды. Мектеп оқушысының анасына қатысты облыстық ӘҚБтК-нің 127-бабы «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
https://turkystan.kz/article/234226-bes-sa-at-a-keshigip-habarlas-an-ara-andy-oblysynda-zho-alyp-ketken-10-zhasta-y-yzdy-anasy-zhauap-a-tartyldy