Таразда актриса Нұрсифат Салықованың мерейтойы аталып өтілді (Фоторепортаж)

828

Кез келген кісіге абырой еңбекпен, маңдай термен келеді. «Еңбектің наны тәтті…» дегенді бабаларымыз бекер айтпаса керек. Әр саланың өз қиындығы, машақаты бар. Оны еңбегін сіңірген адам ғана түсінеді, сезінеді. Сондай абыройлы, ардақты жанның бірі – облыстық қазақ драма театрының артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрсифат Салықова. Ол – өнер майталманы, театр және кино саласының шебері, әнші, бақытты ана. Облыстық қазақ драма театрында табан аумармай 60 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбегіне қарай – құрметі. Н.Салықованың 80 жылдық мерейтойы Жамбыл жерінде дүркіреп өтті, ерекше тойланды.

Мерейтой иесінің облыстық қазақ драма театрындағы өнер кеші басталар сәтте мекеме есігінің алдына ұзынша қызыл кілем төселді. Белгілі актрисаны құттықтауға келгендер сол кілемнің екі жағына бөлініп, қаз қатар сап түзеді. Кенет әлгі төсеніштің ұшар басынан Нұрсифат апамыз көрінді. Лауреат анамызды кімдер сүйеп келе жатыр деңіз! Мерейтой иесінің бір жағында Қазақстанның театр қайраткерлері одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, екінші жағынан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсынов қолтықтап келеді. Биік тұлғалардың бұл ардақтауына қалың қауымның қошеметі қосылды. Сол кезде Нұрсифат анамыздың қандай көңіл-күйде болғанын айта алмаспын, бірақ біздің ойымызда «Халыққа жасалған ерен еңбектің өтеуі, соған лайық құрметі болады екен ғой» деген тұжырым пайда болып, бақытты адамға деген қызығушылық сезімі атойлады.
Мерейтой иесінің кеші облыстық қазақ драма театры актерлерінің театрландырылған көрінісімен ашылды. Сахнада театр есігін жаңа ашқан, жас Нұрсифат тұр. «Маған өнер қо­нар ма екен?» деп толғанады, жүрексінеді жас актриса. Осы кезде оған аян беріледі. «Нұрсифат, үмітіңді үзбе, ұмтыл алға, алған бетіңнен қайтпа. Бақ біреуге түстенеді, біреуге қо­нады. Саған бақ қонады, қызым» деп жігерлендіреді өнер-ана.
Мұнан соң Кебектің ғашығы Еңлік, Айша бибінің досы Бабаджа ханым, хакім Абайдың жары Әйгерім образдарынан қысқаша көріністер көрсетілді. Мұның бәрі Нұрсифат Салықованың жас күнінде сомдаған бейнелері, ойнаған рөлдері болатын. Кейіннен сахнада алпыс жылға шегініс жасалып, жас Мақсұт Салықов пен жас Нұрсифат Салықованың образдары сомдалды. Бір-біріне ғашық, ынтық, өнерге құштар жас жүректердің түсінісуі, бір-бірін тапқандағы мөп-мөлдір қуанышты сәттері шынайы берілді. Мұнан соң екі ғашықтың отау құрғаны, жас Нұрсифаттың «Мен ана болдым. Бір қолыммен бесікті, бір қолыммен сахнаны тербеттім. Өнер жолы – қиын жол» деп толғанған сәті жүрек толқытты.
Сахнаға мерейтой иесі, ардақты әже, абыройлы маман, театр өнерінің тарланы Нұрсифат Салықова шыға келгенде көпшілік орнынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Мерейтой иесін облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов құттықтап, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың құттықтау хатын оқып берді.
Мұнан соң Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов, ҚР Парламенті Сенатының қызметкері Болат ­Бейсенбаев құттықтап, мерейтой иесіне «Ел ардақтысы» медалін тақты. Осыдай кейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданынан келген қонақтар Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовтың құттықтауын жеткізіп, мерейтой иесін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бұл кеш ыстық лебіздер мен құттықтауларға толы ­болып, соңы ән мен биге жалғасты. Осылайша, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Нұрсифат Салықованың 80 жылдығы лайықты деңгейде тойланып, атап өтілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.