Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте несие арқылы салынған көпқабатты үйлердің қаражатын келісім-шарт міндеттемесіне сәйкес бюджетке кері қайтару мәселесі қаралып, талқыға түсті. Сондай-ақ «Қала күні» мерекесіне дайындық жұмыстары барысы да күн тәртібіне көтерілді.
Жиында ең әуелі қала әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков сөз алып, 2021 жылы «Коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйін жобалау және салу, реконструкциялау» бағдарламасы бойынша №15 ықшамауданда көппәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға облыстық бюджеттен кредит есебінен 13 223,2 млн теңге бөлінгенін баян етті. 2021 жылғы 13 сәуірдегі №1,2 келісім-шарт негізінде кредит қарыз алушыға 2 жылға 4,25% жылдық сыйақы ставкасымен берілген. Несиені өтеу кестесіне сәйкес, 2023 жылдың шілде айында 6 215,1 млн теңге және қараша айында 7 008,0 млн теңге қайтарылуы тиіс болған. Алайда талдау барысында 2023 жылдың 1 қыркүйегіне «Азаматтарға пәтерлер сатудан түсетін түсімдер» сыныптама коды бойынша жылдық жоспар 12 851,6 млн теңгені құраса, жинақталған қаражат 2 038,5 млн теңге немесе 15,9 пайызды құраған.
Бүгінгі таңда №15 ықшамауданда құрылысы жүріп жатқан, пайдалануға тапсырылған көппәтерлі тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникация мен абаттандыру жұмысының аяқталмауы пәтер сатылымына кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ несиені толық және уақытылы қайтармау қаупі де туындаған.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков бұл мәселенің маңыздылығын айтып, сала мамандарына нақты тапсырма жүктеді.
Келесі кезекте сөз алған қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаева «Қала күні» мерекесіне орай 55 шара өткізу жоспарланып, оның бүгінде 28-і ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ күнделікті аумақтық округтерде «Туған жерім – Таразым» атты мерекелік іс-шаралар легі жалғасуда.
Аппараттық кеңесте округтердегі тазалық мәселесі де жіті қаралды. Шаһар басшысы әр округ бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде округ инспекторларының жұмысы бағаланатындығын қатаң ескертті.
Жиында нысандардың жылыту маусымына дайындығы, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту және жол құрылысы да қаралып, жауаптыларға нақты тапсырма берілді.
Тараз қаласының әкімдігі