Жібек жолында қос қуаныш

531

Жаңатұрмыс ауылдық округінің Жібек жолы ауылында балалар саябағы мен шағын футбол алаңшасы пайдалануға берілді.
Көңілдері көтеріңкі ауыл тұрғындары жаңадан соғылған шағын футбол алаңшасы маңына ертемен жиналды. Маңайы әртүрлі шарлармен безендірілген  футбол алаңшасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков қатысып, шараға жиналған ауыл тұрғындарын осы ауылдың алыс-жақындағы жастарының демеушілігімен қолданысқа беріліп отырған «Жібек жолы» балалар саябағы мен жергілікті бюджеттен қаржыландырылған спорт алаңының ашылуымен құттықтады. Шағын футбол алаңшасына жергілікті бюджет есебінен 7,5 миллион теңге қаражат бөлініп, жас жеткіншектерге тарту ретінде ұсынылды.
Аудан әкімінің орынбасары Дулат Бекбосынұлы өз құттықтауында балалардың бос уақытын тиімді өткізу, жаппай спортты дамыту мақсатында ел игілігіне берілген спорт алаңы — ауыл халқының бірлігі мен ынтымағын көрсетіп отырғанын, осы ауылдан ертеңгі күні елімізге танымал даңқты спортшылар шығатындығын жеткізді.
Ауыл азаматтары бірігіп соққан “Жібек жолы” балалар саябағы да өз ерекшелігімен көз тартады. Мұнда балалар ғана емес үлкендерде бірмезгіл кешкісін келіп, демалуға, серуендеуге болады. Бұл да ауыл азаматтарының туған ауылына тартқан сыйы болып отыр. Осындай әдемі де, көрікті саябақтар басқада ауылдарда да салынып жатса құба-құп болар еді.
Жібек жолы ауылының ардагерлері Қалдыбек Мейірбеков пен Бейсен Жүзгенбаев та айтулы шараның маңыздылығына тоқтала келе, нысанды іске қосуға үлестерін қосқан ауыл жастарына, мердігер «Мүгедек» Арқалық қалалық ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне алғыстарын білдірді.  Сондай-ақ жастарға осындай әдемі де, көз тартарлық футбол алаңшасын соғып берген аудан басшыларына да рахметін айтты. Енді ауыл балалары бұрынғыдай беталды жүре бермей сабақтан тыс уақыттарында футболды жандарына серік ететіндері де айтылды. Осындай жан жадыратар жарқын іске өз үлестерін қосқан ауыл азаматтары Сапаралы Туктеев, Нұрғали Штабаев, Алтынбек Жалназаров, Әлімжан Дауытбаевтарға алғыстарын айтуды да ұмытпады.

Спорт алаңшасы мен балалар саябағының  ашылу лентасын аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев пен ауыл қариясы Бейсен Жүзгенбаев қиды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашқан соң  көп ұзамай футбол алаңшасындағы ең бірінші футбол ойыны да басталып кетті. Көптен бері осындай ойынды асыға күткен футбол жанкүйерлері футболшы жастарға қолдау білдіріп отырды. Ойын алма-кезек шабуылмен басталып, көпке дейін қос команда бір-біріне гол соға алмай, қара терге түсті.
Дегенмен, ауыл жастары мен мектеп оқушыларынан жасақталған командалар арасындағы ойын тартысты өтіп, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тағайындаған Кубок, медальдар табыс етілді.
Шара соңында көпшілікке ас беріліп, әруақтарға құран бағышталды.

Сундетулла Абилов,
Жібек жолы ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.