Бүгін Ш.Ниязбеков ауылында аудан әкімдігінің қолдауымен Жамбыл ауданының 95 жылдығы мен суретші, Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбековтың 85 жылдығына орай «Ақындар адалдықты жырлайды» атты облыстық жас ақындар айтысы өтуде.
Бұл жолғы сөз додасының жөні бөлек, бітімі басқа. Неге десеңіз, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі аудан тарихы мен танымал суретшінің ғибратты ғұмырын жырлауға кіл жүйріктер келді.
Атап айтар болсақ, Дидар Апбасов, Аят Бәтей, Санжар Даярбек, Елібек Нұрмағамбетов, Ернұр Бейсен, Мұқағали Балтабай, Медеу Мырзатай, Інжу Жаңабай, Айсұлу Жүнісбек, Айым Көшербай, Әділет Медетқұл, Нұртай Әліпбай аламат айтыста сынға түсті.
Ақындар айтысының сөз барымтасын аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова ашып берсе, кешке арнайы келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлыпхар, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов жыр додасының маңыздылығына тоқталып, жас ақындарға сәттілік тіледі.
Кіл сөз мергендері басқосқан өнер додасына сөздің құнын білетін айтыс ақындары Айтмұқамбет Исақов, Есет Досалы, Ербол Қамбатыров, және Нұрлыбек Құрманов төрелік етті.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен жыр аламаны рухани жаңғырудың бір көрінісі болды десек те болады.
9.08.2023.
Жамбыл ауданы, Ш.Ниязбеков ауылы