Емдеу мекемелері қашан бой түзейді?

603

Денсаулық сақтау саласында ана мен бала өлімін болдырмау, жазатайым оқиғалар мен суицидке жол бермеу, қауіпті аурулармен нәтижелі күрес жүргізу, жұртшылықтың спортпен айналысуын қамтамасыз ету өзекті мәселе. Десе де, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бір қарағанда ойдағыдай болғанымен, жыл соңына дейін 36 нысаналы индикатордың жетеуіне қол жеткізе алмауымыз мүмкін.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы денсаулық қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласын түсіндіру жөніндегі штабтың бірлескен отырысында сөз болды. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, биылғы жартыжылдықта жалпы қол жеткізілген көрсеткіштер көңіл көншітерліктей болғаны­мен, экстрополяция бойынша жылдың соңына дейін 7 ныса­налы көрсеткіштерге қол жеткіз­беу қаупі бар көрінеді. Бұл мәлімет негізінен жартыжылдық қорытындысы бойынша республикалық алқа мәжілісінде де атап өтілген екен.
– Облыста мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 7 бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Жетістіктер болғанымен, жалпы өлім-жітім бойынша №8, №9 Тараз қалалық емханалары, Қордай, Меркі аудандары 3 айлық көрсеткіштің есебі негізінде об­лыстық көрсет­кіштен жоғары тұр. Ана өлімі облыста 2 мәрте тіркелді. Бұл жағдай №5 Тараз қалалық емханасы мен Талас ауданында орын алды. Егер жыл соңына дейін тағы да ана өлімі тіркелетін болса, онда қажетті индикаторға қол жеткізу мүмкін болмайды. Нәресте өлімі бойынша №7, №9 қалалық емханалары, Байзақ Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Мойынқұм , Сарысу, Шу ауданы облыстық көрсеткіштен жоғары. Қан айналым жүйесі ауруларынан өлім бойынша жыл соңына дейін қол жеткізбеу қаупі №1, №2, №5, №8 қалалық емханалар мен Т.Рысқұлов ауданында туындап тұр, – дейді Хамит Саттарқұлұлы.
Жиында облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бас­қар­масының басшысы Нұрбол Жүнісбеков осы салада атқа­рылған шаруаларды бүге-шігесіне дейін баяндап, азамат­тардың дене шынықтыру және спортпен айналысуын қамту 28,9 пайыз­ға, балалар мен жас­өспірімдерді спорт мектептерінде дене шынықтыру және спортпен қамту 13,6 пайызға орындалғанын атап өтті. Ал, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова келтірген мәліметке сүйенсек, өңірімізде жыл басынан бері 8 оқушы өз-өзіне қол жұмсаған. Бұдан бөлек, Рахия Сейітбекқызы облыста 214 мың оқушы бар болса, соның 38 пайызы тегін тамақтандырылатынын, оқушылардың спортпен қамтылуы 38,1 пайызды құрағанын, 54 білім беру мекемесінде асхана жоқтығын, оның ішінде 35-і бастауыш мектептер екенін атап өтті.
– Біздің Конституциямызда мемлекеттің ең басты байлығы адам және оның өмірі мен денсаулығы екендігі атап көрсетілген. Сондық­тан, тұрғындардың денсаулығына, өмірінің қауіпсіздігіне бей-жай қарауға болмайды. Суицид – толық талдауды қажет ететін мәселе. Оқушылардың өзін-өзі өлімге не себепті қиятынын, оған қандай жағдай итермелегенін анықтауымыз керек. Осыны зерделеп, себебін тауып, нақты күрес жүргізуіміз қажет. Бұл мәселе бойынша білім және денсаулық сақтау саласындағы психологтар бірлесе жұмыс атқарып, қауіпті топтың тізімін жасауы маңызды. Сондай-ақ, әртүрлі аурулар бойынша көрсеткіші жоғары емдеу мекемелері сол дертпен тікелей күрес жүргізуді назардан тыс қалдырмауы керек, – деген Еркебұлан Дауылбаев тиісті аудан әкімдерінің орынбасарларына бағдарламадағы нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша іс-шаралар бекітіп, жұмысты жандандыру қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, өз жұмысын босаңсытып алған емдеу мекемелеріне жұмысты ширату қажеттігін міндеттеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.