Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Т. Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барды

186

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тұрғындармен кездесулері жалғасуда.

Алдымен өңір басшысы Дінмұхамед Қонаев ауылдық мәдениет үйінде Ақниет ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде облыс әкімі Президент тапсырмасына сәйкес, биыл облысымызға қарасты елді мекендерде 600-ден астам кездесу өткенін айтып, халықтың мәселесін шешуге бағытталған мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын тілге тиек етті.

Сұрақ-жауап кезеңінде Әбілхайыр ауылының тұрғыны Қанат Махатов 30 жылдан бері шешілмей келе жатқан таза ауыз су мәселесін көтерді. Сонымен бірге ауылдағы ең өзекті деген түйткілдердің біріне айналған жайылым жер мәселесі туралы сауалын жолдады.

Кездесуде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелер жергілікті биліктің назарында болып, мәселелерді дер кезінде шешуге тырысу қажет екенін айтты.

– “Бірлік бар жерде – тірлік бар”, – дейді дана халқымыз. Бұл нақылды тектен тек айтып отырғаным жоқ. Ауылдағы атқарылатын жұмыстар бұқара халық пен билік өкілдері бірлесе отырып жасалатын жұмыстар. Заң мен тәртіп бәрімізге ортақ. Сондықтан кез келген мәселені заң аясында шешкен дұрыс. Аудандық және округ әкімдері, бөлім басшылары тапсырылған жұмысты соңына дейін жеткізуге тиіс. Сонда ғана жыл сайын жыр болып келе жатқан, жол, ауыз су, жайылым жер мәселелері болмас еді, – деді Нұржан Нұржігітов.

Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, биыл облыс бойынша жол жөндеу жұмыстарына 24 миллиард 700 миллион теңге қаржы бөлінген.

Облыс бойынша 367 елді мекен болса, оның 82 елді мекенінде таза ауыз су мүлде жоқ. Ал мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін облысқа қарасты елді мекендер толығымен ауыз сумен қамтамасыз етілуге тиіс.

Келесі кезекте аймақ басшысы Көкдөнен ауылдық округі тұрғындарының талап-тілегіне құлақ түрді.

Ауылдық Мәдениет үйінде өткен кездесуде Көкдөнен және Жақсылық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары Карбоз Агибаев, Әнуарбек Тұрмамбетов ауылда жасалып жатқан игі істерге кеңінен тоқталып, аудан әкіміне алғыс білдірді.

Сонымен бірге, жиында Жақсылық ауылына мәдениет үйі және спорт кешені салынса деген ұсыныстар айтылды.

Облыс әкімі барлық сұраққа аудан әкімімен және тиісті бөлім басшыларымен бірге зерделей келе нақты жауаптарын берді.

Айта кету керек, кездесу соңында ауыл тұрғындарын облыс басшысы жеке сұрақтарымен қабылдады.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.