«Қаншайым»-ның тірлігі – өзгелерге үлгі

89

«Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас» деп бабаларымыз бірлік пен тірлік қағидаларын өсиет етіп қалдырғандай, адам қай қоғамда өмір сүрсе де оның толыққанды дамып, жетілуі үшін бекем бірлік пен берекелі тірліктің айнымас қағидалары ауадай қажет екені бесенеден белгілі.

«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» демекші, Қарасаз ауылындағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі саналатын «Қаншайым» шаруа қожалығы жүйелі жұмыс істеу арқылы аграрлық саланың дамуына және ішкі нарықты экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге көп жылдан бері мол үлесін қосып келеді. Аталған шаруашылық 1999 жылы құрылған. Қожалық Өмірбековтер отбасының отанасы Қаншайым Өмірбекованың атында болғанымен, шаруашылықтағы жүйелі жұмыстардың барлығын балалары бірлесіп ұйымдасып атқарып отыр. Бұл отбасының балаларының барлығы техникум бітірген білікті мамандар.
Бүгінде сексен жастың сеңгірінен асқан Қарасаз ауылындағы ордалы әулеттің отағасы Қуандық Өмірбековтің балалық шағы осы өңірдегі ескі атақоныстардың бірі – Бақатей өңірінде өтіп, сонда есейіп, алғашқы еңбек жолын 1962 жылы «Большевик» колхозынан малшы болып бастайды. Ол осындағы ұжымшарда 10 жылға жуық қой бағады. Мұнда ол еңбекқорлығының арқасында малдың басын көбейтуге молынан үлес қосады. 1973 жылы Қарасаз ауылына біржолата қоныстанып, осындағы Карл Маркс атындағы совхозда табаны күректей 40 жыл қой және жылқы бағады. Қуандық ақсақал совхоз тарағанша, қолынан қасиетті құрығын тастамай, озат жылқышы болған нағыз еңбектің майталманы.
-Біле білгенге мал бағу оңай жұмыс емес. 1973 жылдан бастап совхозда, совхоз тарағаннан кейін құрылған «Бірлік» өндірістік кооперативінде 2012 жылға дейін жылқы бақтым. Қиыншылықтың барлығына төтеп бердік. Малшының күнделікті өмірі мал баққан қазақтың қай баласына да таныс жағдай. Еңбек жалғыз менікі демеймін. Қаншайым апаларың өмір бойы менімен бірге жүріп, кездескен қиыншылықтардың барлығын бірге еңсере білдік,- дейді шаруа қожалықтың мүшесі Қуандық Өмірбеков.
Еңбек – өмір салты. Бұл отбасы еңбек еткеннен жаман болған жоқ. 1999 жылы жұмысын алғаш бастаған шаруа қожалықтың жұмысын бүгінде балалары бірлесіп жүргізіп отыр. Қуандық ақсақал балаларына үнемі ақыл-кеңесін айтудан жалыққан жері жоқ. «Ата көрген оқ жонар» демекші, шаруашылық жұмысының ілгерілеуіне балалары да мол үлес қосуда. Бір сөзбен айтқанда, кәнігі жылқышының балалары мен немерелері де аталары салған сүрлеуді даңғыл жолға айналдыруға күш-жігерлерін салуда. Бірі мал қыстауында мал бақса, енді бірі техниканың тілін терең меңгеріп, егістік алқапты игеруге күш салуда.
Бүгінде шаруасы шалқыған шаруа қожалықтың иелігінде 150 гектар егістік алқап бар. Оның көп бөлігіне малдың азығына арпа, бидай, мақсары егіледі. Қалғаны жоңышқалық алқаптың үлесінде. Одан бөлек 200 гектардай жайылымдық жерлері бар. Малдың басын көбейту үшін оған мал қыстауының қажет екені белгілі. Бұл шаруашылық ата-бабаның ескі қонысы болған Бақатей жерінде орын тепкен совхоздың бұрынғы ескі мал қыстауын сатып алып, бүгінде 100 басқа жуық қылқұйрық жыл он екі ай сонда бағылады.
Қай заманда да қазақ халқы жылқы түлігін киелі жануар санаған. Қазақ пен жылқыны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Халықтың киесі болған киелі түліктің бабын келістіріп отырған шаруашылық 2015 жылы шаруаларды қолдауға бағытталған «Құлан» бағдарламасымен жеті миллион теңге несиеге қол жеткізкен. Бұл қаржы тиісінше, жұмысқа үлкен демеу болды. Оған тиісінше, жергілікті жабы жылқылардан 25 бас бие, үш айғыр сатып алған. Бүгінде сол жылқылардың басы көбеюде. Шаруашылық үшін малға жемшөп дайындау жұмысы да аса маңызға ие екені белгілі. Осы орайда жерді тиімді өңдеп, одан мол өнім алу үшін де техника ауадай қажет. Шаруашылықта «МТЗ» және «Беларусь» маркалы екі дана трактор, екі тіркеме, жер жыртуға арналған соқа, дәнсепкіш, дәрібүріккіш, т.б. шөп тайлауға арналған қосалқы техникалардың барлығы бар.
-«Жылқы – малдың патшасы, Түйе – малдың қасқасы» деген. Ал халқымызда желмен жарысқан жылқыны жылқының тұяғынан да шыдамды адам бағады деген түсінік бар. Совхозда жылқы баққан жылдары 100 биеден 80 құлын беріп отырдым. Бұл ол кезеңде жоғары көрсеткіш саналатын. Жасым ұлғайса да әлі аттан түспей, шаруашылықтың сан-салалы тіршілігінен қол үзбей келемін. Мал да – баққан, қараған шаруа адамға бітеді. Қазіргі таңда жылқының басын көбейтіп, жыл сайын 10-15 басын жақсылап семіртіп, байлап сатамыз. Мақсатымыз – малдың басын көбейтіп, оның сапасын арттыру. Бұл бағытта жұмыстар жасалып та жатыр. Тағы бір жоспарымыз – ауылдағы үйдің жанынан жылқы бордақылау алаңын ашу. Осыған бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз.
Жалпы жылқы малының киелі жануар екенін жақсы білеміз. Жылқыны мініске мінсең – көлік, сойсаң – ет, саусаң – қымыз. Сондықтан ет өндірумен қатар, қымыз өндірісін қолға алуға ниет етіп отырмыз. Жалпы жылқыдан алынатын өнім саумал мен қымыздың адам денсаулығына пайдалы екенін жұртшылық жақсы біледі. Қымыз өндіру үшін де мемлекет тарапынан қолдау қажет. Мұндағы бір проблема ретінде мал қыстауындағы қора-жайларымыз да тарлық етіп отырғанын айтуға болады. Ол жақтан үлкен мал қораның құрылысын жүргізу жоспарымызда бар. Малдың басын осылай көбейтпесек, болмайды. Қымыз өндіруге арналған қондырғыларға қол жеткізсек, ауыл және аудан тұрғындарын экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар,- дейді Қуандық ақсақал.
Ауыл – алтын бесік! Халықтың алтын бесігі, құты мен ырысы болған ауылды түлету – барлығымыздың азаматтық парызымыз. Ауылды өркендету ісіне өңірдегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың да қосар үлесі зор. Мұндай сенім үдесінен шығуға «Қаншайым» шаруа қожалығының да талпыныс жасауы көңіл қуантады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.