Мектепте көп төбелесетін, бұзық қыз болдым – Жәмила БАҚБЕРГЕНОВА

108

Жақында елордадағы Ж.Үшкемпіров сарайында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өткенін спортсүйер қауым жақсы біледі. Сары құрлықтың 24 елінен 400 балуан қатысқан дүбірлі додада отандасымыз Жәмила Бақбергенова топ жарып, қазақ қыздары арасынан алғаш болып үш дүркін Азия чемпионы атанды. 72 келіге дейінгі салмақта күресіп, ширек финалда тайбэйлік Пинг Цен Хонгтың, жартылай финалда моңғолиялық Даваанасан Энкх Амардың осал тұсын тауып, финалда жапониялық Сумире Никураның жауырынын жерге тигізген бұрымды балуанымыз  turkystan.kz тілшісіне сұхбат берді.

 – Жәмила, былтыр Моңғолияда, оның алдында Үндістанда талай мықты балуанмен белдесіп, топ жарып едің. Осы жыл да сен үшін жарқын жеңіспен басталып отыр. Жарыс қалай өтті?

– Жарыс жақсы деңгейде өтті. Кез келген спортшы мұндай дүбірлі додада жеңіске ұмтылатыны белгілі. Ең бастысы, осы уақытқа дейін еткен еңбегіміз, жаттығумыз жақсы нәтиже беріп, үміт ақталды.

– Байқағанымыз, күрестен жапон қыздары мықты келеді. Өзің басты қарсыласым деп қай елдің балуан қыздарын айтар едің?

– Иә, менің басты қарсыласым – Жапония және Моңғолия қыздары. Осы жарыста аталған елдің балуандарын жеңгеніме қуаныштымын.

Мектепте көп төбелесетін, бұзық қыз болдым – Жәмила БАҚБЕРГЕНОВА

 

– Қай спорт түрі болсын, спортшы үшін формада болу маңызды. Балуан қыздар бабында болуы үшін не істеуі керек? Диета ұстайсың ба?

– Босаңсып кетпей, бабыңда жүру үшін үнемі жаттығу жасаудың маңызы зор. Өзім күніне 2-3 сағатымды жаттығуға арнаймын. Ал тамақтану тәртібімізге келетін болсақ, жарысқа бір ай қалған кезде диета ұстаймын.

– Сыңарың Мәдина да былтыр Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, ел мерейін асырған еді. Қазір қайда жүр? Бірге жаттығасыңдар ма?

– Мәдина осы жылы жарақатына байланысты бірнеше жарысты өткізіп алды. Бұйыртса, емделіп біткен соң, бозкілемге шығады. Иә, екеуміз бірге жаттығамыз. Ол менің әр жарысымды тамашалап, үнемі жазып тұрады. Оның қолдауы, қасымда жүргені мен үшін маңызды.

Мен де өзімнен гөрі оның жетістіктеріне қатты қуанамын. Бірақ күрескенін қарап отыруға дәтім шыдай бермейді. Оның орнына өзім бозкілемге шығып белдескім келіп тұратын. Оған «Күреспей-ақ қойшы. Екеумізге бір медаль жетеді» деп айтқан сәттерім де болды. Ал ол «Жоқ, күресемін, саған көмектесемін» дейді. Солай бір-бірімізді іздеп, қолдап жүреміз.

Мектепте көп төбелесетін, бұзық қыз болдым – Жәмила БАҚБЕРГЕНОВА

– Отбасыңда тағы спортпен айналысатын жандар бар ма? Жалпы, сендерді күреске кім алып келді?

– Әкем футболмен айналысқан. Күреске 14 жасымыздан бастап бардық. Өзімізден екі жас үлкен әпкеміз бар. Сол әпкеміз күреске алып келді. Мектепте көп төбелесетін, бұзықтау қыз болдық. Содан әпкемді қайта-қайта шақырып, ескерту жасай берген соң, бізге «Ақыры тыныш жүрмейді екенсіңдер, екеуің күреске барыңдаршы» деді. Энергиясын солай шығарсын деген болуы керек. Сосын айтқандай, күреске қатысып, жақсы нәтиже көрсете бастадық. Содан кейін интернатқа түсіңдер деп, әкем күрес мектебіне апарды. Негізі, әкем басында күреспен айналысқанымызды қаламаған еді. Біз барған мектепте дзюдо болмағаннан кейін «жарайды» деп көнді.

– Бұл спорт қыз бала үшін қиын емес пе?

– Әрине, оңай емес. Алайда жақсы көрсе, кейін үйреніп кетеді.

– Қызыңды күреске берер ме едің?

– Жоқ. Себебі, бұл – қиын спорт түрі. Күреспен айналысу үшін сенде күш, техника, жылдамдық, бәрі болуы керек. Мысалы, бокста аяғың жылдам болып, тез ұрсаң, қорғанысың жақсы болса, болды ғой. Ал бізде бүкіл денеңді қозғалтып жұмыс істеу керек.

Мектепте көп төбелесетін, бұзық қыз болдым – Жәмила БАҚБЕРГЕНОВА

– Қазір жеке бапкерің бар ма? Жалпы, қыздар мен ұлдарды жаттықтырғанда қандай да бір айырмашылық бола ма?

– Жеке бапкерім – Нұрсұлтан Теміров. Жұмыс істеп жатқанымызға бір жарым жылдай болып қалды. Әрине, айырмашылық болады. Қыздар ұлдар сияқты емес, көбіне тез ренжіп қалады. Сондықтан қыздарды жаттықтыруға психологиялық тұрғыдан ақылды адам керек деп ойлаймын. Негізі, қыздың өзіне де байланысты. Спортпен айналысамын деп, алдына нақты мақсат қойып келсе, күреседі, нәтиже шығарады. Ал тек өзім үшін деп келсе, қандай бапкер дайындаса да нәтиже көрсетпейді.

– Азия чемпионатында топ жардың, ендігі мақсатың қандай?

– Алға қойған мақсат көп. Амандық болса, көк Туымызды үлкен ареналарда желбіретіп, Әнұранымызды шырқатамыз!

Жәмила

– Әңгімеңе рақмет. Мақсатыңа жетуіңе тілектеспіз!

 

Сұхбаттасқан – 

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ.

https://turkystan.kz/article/220320-mektepte-kop-tobelesetin-buzyk-kyz-boldym-zhemila-bakbergenova/

Leave A Reply

Your email address will not be published.