Мәжіліс депутатының екі ұлына сот үкімі шықты

159

Коллаж Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тараз қаласының №2 соты алаяқтық, яғни адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша айыпталған 4 тұлғаға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот барысында Ерлан Күлекеевтің Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары бола отырып, сондай-ақ кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық (кейінгі екеуі депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары) субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.

Олар сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алған, олардың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша Дайрабаев пен Молдақалықты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындауды сұрады.

Ал басқарма басшысының орынбасары Ерлан Күлекеевті 6 жылға бас бостандығынан айыру, Елжан Елібайдың мүлкін тәркілеп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушылар кінәлерін мойындамай, өздерін ақтауды сұрады.

Сот үкімімен басқарма басшысының орынбасары болған Ерлан Күлекеев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.

Елжан Елібайдың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Ол 5 жылға сотталды.

Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуі де 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оларға пробациялық бақылау қойылады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

https://halyq-uni.kz/aleumet/18337-m-zhilis-deputatynyn-eki-ulyna-sot-ukimi-shykty/

Leave A Reply

Your email address will not be published.