РУ СҰРАСУ ҰЯТ ПА?

316
РУДЫ БӨЛІНУ ҮШІН ЕМЕС, БІРІГУ ҮШІН СҰРАҒАН….
Өткенде мынадай бір қызық жағдай болды. Әдеттегідей жұмыста отыр едік, жылмиып бір жап-жас жігіт келді. Жөн сұрастық, Орталық Қазақстан өңірінің тумасы екен. Ойымызда ештеңе жоқ, «бауырым қай рудан боласың?» дедік. Ана бала тыжырынды. Біз бейбақтың бетіне аса бір жақтырмай қарады. Дүңк еткізіп, «Қазақпын» деді. Отырған жұрт біртүрлі боп қалдық. Біз де қитығып, «қазақ екеніңді біліп отырмыз, ру-тегіңді білмегеніңе қарағанда, кірме болдың ғой шырағым». Бала ақиланды. «Қазақпын дедім ғой, болды емес пе, несіне қазбалайсыз, осы бір рушылдықты жаным сүймейді!» десін.
Ақыры үндемедік. Ішімізден қазаққа кірме қалмақ немесе татар-ноғайдың бірі шығар дедік те қойдық. Мына оқиғадан кейін қатты ойланып қалдық. Әлде, ру сұрау ұят па? Жас баланың қылығы көпке дейін ойымыздан кетпей жүрді. Сөйтіп жүргенде, жазушы Мұхтар Мағауинның мына бір сөзін оқып қалдық. Ол кісі былай депті: «Алдыма танымайтын бір адам келсе, оның руын, туған жерін сұраймын. Себебі, ол адамның ата-тегін, тұп-тұқиянын, жұртын білмесем, қалай әңгімелесе алам» депті. Хош сонымен.
Бірде көрнекті ақын Қадыр Мырзалиев Қостанайға барыпты. Күнтимес деген ауылға ат басын бұрады. Себебі, бұл Шоқан Уәлихановтың туған жері. Содан бір шалдар келеді. Қадырдан «Қай елдің азаматысың» деп сұрайды. Қадағаң:
-Батыстың Байбақтысымын, – дейді. Шалдар жамырап жүре береді.
-Ой, құда екенсіз, үйге жүр мал соямыз? Қадағаң аң-таң. «Мен сіздерге қалай құда болам?» десе, шалдар:
-Жастар білмейді ғой, атақты Сырым батырдың әпкесі ертеде (1743-45 жылдары) біз жаққа келін болып келді емес пе, сен құда болмай кім боласың, бабалар «құда мың жылдық» деп бекер айтты дейсің бе, қарағым!- депті. («Жалын» журналы. 2007 ж. №4)
***
Арада біршама уақыт өткен соң барып, «рушыл емес» баланың құпиясын таптым. Атасы қып-қызыл көмәніс болған… арғы жағы әрине кедей-батырақ. Әкесі де, партияның ұланы. Осылай руды жек көру, рушылдықты ұнатпау сезімі оған отбасынан дарыған.
Қазақтың біртуар ұлы, марқұм Ақселеу ағамыз: «Қазақ халқының рулық дәстүрін осыдан мыңдаған жылдар бұрын тарихтың еншісіне айналған алғашқы қауымдық құрылыстың наным-сеніміне теліп, ескі үрдістің қалдығы десек, онда көшпелілер қоғамының ең бір мәнді тетігін тани алмаған болар едік» деп, жазыпты мыңболғыр. (Тарақты Ақселеу. Көшпелілер тарихы. Атамұра-Қазақстан. Алматы, 1995 ж. 108-б)
Осы бір таным-тетікті жақсы білген Ресей отарлаушылары қазақ қоғамын бөлшектеудің негізі руда жатқанын жақсы аңғарған. Сөйтіп, олар қазақ қоғамын рулық бөлшектеу арқылы сан ғасырлық қалыптасқан бітім-құрылымын, ұлыстың тұтастығын, ағайын аралық береке-бірлігін бұзудың өте бір нәзік жолын тапты және оны жүйелі түрде заң және әскери құрылым күштерді пайдалана отырып, іске асырды.
Сөйтіп, отарлаушылар 1822 жылы қазақ даласында «Хандық билікті» жою туралы заң шығарды. Хандық билік толық жойылған соң қазақ қоғамының ең төменгі ұстыны рулық бірлікті ыдырату максатында, 1867-68 жылдары «Қазақтарды басқару туралы» жаңадан ереже қабылдады. Сөйтіп, рулық бірлікті ыдыратты. Бұндай зымяндықтың арғы жағында рулық дәстүрді ұрпақ санасынан өшіру саясаты жатқан болатын. Ана бала осы саясаттың ХХІ ғасырда тірі жүрген өкілі екен.
Кеңес кезінде қазақтың рулық түсінігі «надандықтың салдары», «ескінің қалдығы» ретінде бағаланды. Ру сұрасу ұят саналды. Осы бір отаршылық қасіреттің кесірі әлі өлмеген. Бұндай оқиға сіздерге де кездесіп қалып жүрер деген ниетпен осы мақаланы жазып отырмыз. Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ: ру сұрасуды ұнатпау, ол отарлаушылар таңған құлдық сананың көрінісі. Әйтпесе, қазақтар руды бөліну үшін емес, бірігу үшін сұраған. Солай емес пе, ағайындар!
Ерлан Алтай

Leave A Reply

Your email address will not be published.