Қазақстанда мұғалімдердің білімін бағалау тесті 3 сәуірден басталады: Оған кімдер және қалай қатыса алады?

133

Осы аптада мұғалімдердің білімін бағалау тестіне өтініш қабылдау басталды. Өтінімдер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қабылданады. Ал білім сынағы 3 және 22 сәуір аралығында өтеді. Оған кімдер қатыса алады және қалай өтініш береді?

Тестілеуге кімдер қатыса алады:

  • мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының педагогтері;
  • білім беру ұйымдарының әдіскерлері;
  • жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтері;
  • қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері;
  • білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің басшылары;
  • техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері;
  • педагогикалық бағыттар бойынша ЖОО және колледж бітіруші түлектері;
  • педагогикалық бағыттар бойынша техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, тәжірибесі жоқ кандидаттар.

Өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қабылданады:

  • Ең алдымен электронды поштаны жазып, сайтқа тіркелу қажет.
  • Электронды поштаңызға растау туралы хат келеді. Хатта пайдаланушы аты мен құпиясөз де көрсетіледі.
  • «Электронды мекенжайды растау» батырмасын басып, жаңадан ашылған бетте хаттағы пошта мен құпиясөзді енгізіп, кіру батырмасын басасыз.
  • ЖСН нөміріңізді, байланыс телефоныңызды енгізіп, сақтау батырмасын басасыз.
  • ЖСН жоқ адамдар «ҚР ЖСН жоқ» дегенді таңдап, аты-жөнін жазып, ұлты, азаматтығы, жынысы, туған күні, құжат нөмірі, байланыс телефоны туралы ақпаратты толтырады.
  • Мәліметтерді сақтағаннан кейін «Менің парақшам» беті ашылады. Бұл жерде мәліметтерді өзгертуге, өтініш беруге, электронды поштаны ауыстыруға, құпиясөзді өзгертуге болады.
  • app.testcenter.kz сайтына тіркелгеннен кейін парақшадағы «Өтініш беру» батырмасын басып, «педагогтердің білімін бағалау» тестілеуін таңдау керек.
  • Содан кейін тестілеуге қатысатын санаттар шығады. Өзіңізге сай қызмет түрін таңдап, жұмыс орнын белгілеп, оқу орны, диплом, біліктілік санаты секілді қажет жеке мәліметтерді енгізу қажет.
  • Тестілеу параметрлерінде облыс, тест тапсыру уақыты мен орны, тілі, тестілеу блогы сұралады. Тест тапсыру уақытында бос орындар көрсетіледі.
  • Барлық мәліметті енгізгеннен кейін өтініш беруші «келісемін» деген белгі қойып, ережелермен келісетінін растауы қажет. Содан кейін «өтініш беру» батырмасын басады.

Өтініш қабылданғанын жеке кабинеттегі «Менің іс-әрекетім» бөлімінен көре аласыз. Оны ашып, барлық мәліметтің дұрыстығына көз жеткізіңіз. Көзі көрмейтін педагогтер өтініш берген кезде «көру қабілеті бойынша мүгедектік» деген белгіні таңдай алады.

  • Тестілеу уақыты мен орнын өзгертуге болады. Ол үшін жеке кабинеттегі «Менің іс-әрекетім» бөліміне кіріп, өтінішіңіздегі мәліметтерді өзгерте аласыз. Не болмаса өтінішті жойып, қайтадан өтініш бере аласыз.
  • Алайда өтініштерді қабылдау базасы жабылғаннан кейін тестілеуді тапсыру орны мен уақытын, тестілеу тілі мен пәндерін өзгерту мүмкін емес.

Тест 50 тапсырмадан тұрады:

  • «Пәндік білім» бойынша – 30 тапсырма;
  • «Оқыту әдістемесі» бойынша – 20 тапсырма.

Тапсырмалардың формасы екі түрлі:

  • бір дұрыс жауабы бар тапсырмалар;
  • бір дұрыс жауабы бар мәнмәтіндік тапсырмалар.

Тест сынақтарын білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлейді.

Тест тапсыруға 90 минут уақыт берілсе, «Математика», «Физика», «Химия», «Информатика» пәндері бойынша тестілеуден өтетін педагогтер үшін тест 125 минутқа созылады.

 

Мына заттарды алып кіруге, қолдануға болмайды:

  • ұялы байланыс құралдары (пейджер, ұялы телефондар, планшеттер);
  • iPad (Ipad), iPod (iPod), iPhone (iPhone), смартфон, смарт сағат;
  • ноутбуктер, ойнатқыштар, модемдер (мобильді маршрутизаторлар);
  • радиоэлектрондық байланыстың кез келген түрі (Wi-Fi);
  • Bluetooth, Dect, 3G, 4G, 5G;
  • құлаққаптар (сымды және сымсыз);
  • шпаргалкалар және оқу-әдістемелік әдебиеттер;
  • калькуляторлар және түзету сұйықтықтары.

Өтініш беру кезінде мақұлдаған келісімде сертификаттаудан өтетін ғимаратта тыйым салынған заттардың біреуін пайдалануға тырысқаны үшін жауапкершілік алатыны жазылған. Тест тапсырушыдан тыйым салынған зат табылса ол бір жыл мерзімге сертификаттаудан өту құқығынан айырылады. Бейнежазбаны қарағанда тыйым салынған зат қолданғаны анықталса нәтижелердің күші жойылады.

Педагогтер тестілеуді жылына екі рет тапсыра алады. 12 ай ішінде берілген өтінім саны асып кетсе де, сәуір айындағы тестілеуге қатыса алады. 3-22 сәуір аралығында екі рет тапсыруға болады. Сәуір айындағы педагогтердің білімін бағалау тегін өтеді.

https://stan.kz/kazakstanda-mygalimderdin-bilimin-bagalau-testi-3-sauir-380163/

Leave A Reply

Your email address will not be published.