19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауы өтті. Осыдан екі ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісті таратып, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген болатын.
Былтыр маусымда өткен референдумның қортындысы бойынша, депутаттарды сайлау жүйесіне өзгеріс енген еді. Яғни, депутаттар жаңа тәсіл бойынша жасақталды: барлық мандаттың 30 пайызы мажоритарлық әдіспен, 70 пайызы пропорционалды әдіс арқылы бөлінді. Яғни, үміткерлердің бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны өзін-өзі ұсынып, сайлауға түсу арқылы депутат болды. Сайлау кезінде сайлаушылар жекелеген тұлғаға және партияға екі бөлек дауыс берді. Бұл өзгерістің бәрі Парламентті ықпалды етіп, биліктің өкілді тармағын күшейту үшін енгізіліп отырғаны сол кезде айтылған еді.
– Халық бұл бастамаларды қолдады. Біз жоспарымызды бір жылда табысты жүзеге асырдық. Референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Билік жүйесін қайта жасақтау үшін маңызды саяси шаралар іске асырылды. Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа саяси дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты, – деді Мемлекет басшысы Наурыз мейрамындағы құттықтау сөзінде.
20 наурызда Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Түпкілікті қорытынды әлі мәлім болған жоқ. Дегенмен, нәтиже бойынша Мәжіліске 6 партия өтетіні белгілі болды. Өзін-өзі ұсынған кандидаттардың да қазір алдын ала қорытындысы ғана анық.
Алты партия үлес алады
Ереже бойынша, кемінде 5 пайыз дауыс жинаған партия Мәжілістен орын алады. Комиссияның алдын ала дерегіне сүйенсек, сайлау нәтижесі бойынша Парламент Мәжілісіне 6 партия өтеді.
«Amanat» партиясы – 53,90 пайыз немесе 3 431 510 адам дауыспен алға шыққан. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90 пайыз немесе 693 938 дауыспен екінші, Respublica партиясы – 8,59 пайыз немесе 547 154 адам дауыспен үшінші орында. Қазақстан халық партиясына сайлаушылардың 6,80 пайызы немесе 432 920 адам дауыс берген. «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30 пайыз немесе 146 431 дауыс жинаған. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41 пайыз немесе
535 139 дауыс, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5,20 пайыз немесе 331 058 дауыс алған.
Ал 248 291 адам, яғни электораттардың 3,90 пайызы «Бәріне қарсымын» бағанын таңдаған.
Мәжіліске өткен 6 партияның ішіндегі 3 партия Мәжіліске алғаш рет өтіп отыр. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, Respublica партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері алғаш рет мандат алады.
«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы 2015 жылы 5 қыркүйекте «Ауыл» қазақстандық социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан патриоттары партиясының бірігуінен құрылған. Партия төрағасы – Әли Бектаев. Партия жұмысы ауыл, агроөнеркәсіптік кешен проблемаларын, ауыл халқының мәселелерін шешіп, жағдайын жасауға бағытталған. «Ауыл» партиясы былтырғы Президент сайлауына Жигули Дайрабаевты президенттікке ұсынған еді. Онда «Ауыл» кандидатына 271 641 сайлаушы немесе 3,42 пайызы дауыс берді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 2006 жылы 10 қыркүйекте құрылған және 2007 жылы 25 қаңтарда тіркелген партия. Төрағасы – Азат Рахымжанов. Былтырғы Президент сайлауына партия Нұрлан Әуесбаевтың кандидатурасын ұсынған еді. Сайлау қорытындысы бойынша оған сайлаушылардың 2,22 пайызы дауыс берген.
Respublica партиясы биыл 18 қаңтарда құрылды. Партия төрағасы – Айдарбек Қожаназаров. Партия өзін қоғамдық өмірдің барлық саласында құрылымдық өзгерістерге бағытталған МЕТА-партия ретінде көрсетеді.
Осылайша, Мәжіліске өткен партиялар саны биыл екі есе артып отыр. 2021 жылы Мәжіліске 3 партия өткен болатын. 2016, 2012 жылдары да 3 партия өтсе, 2007 жылы 1 партия ғана мандат алған.
Партиялардың кімдерді ұсынатыны әлі белгісіз, депутаттар құрамының қанша пайыз жаңаратыны, жасы, басқа да ерекшеліктері сол кезде нақтыланбақ.
Тікелей сайланатындардың көбі – жаңа есімдер
Орталық сайлау комиссиясының бірмандатты округтер бойынша кандидаттардың қайсысының басым дауыс жинағаны туралы алдын ала қорытынды шығарды.
Астана қаласы №1 сайлау округі бойынша Дәулет Тұрлыханов 71 698 дауыс жинаған, ал Астана қаласы №2 сайлау округі бойынша Дәулет Мұқаев 51 769 дауыс жинапты.
Алматы қаласы №3 сайлау округі бойынша Ермұрат Бапи 23 690 дауыс жинаса, Алматы қаласы №4 сайлау округі бойынша Ерлан Стамбеков 15 930 дауыс, Алматы қаласы №5 сайлау округі бойынша Бақытжан Базарбек 22 685 дауыс жинап Парламентке өтіп отыр.
Шымкент қаласы №6 сайлау округі бойынша Данабек Исабеков
21 098 дауыс, Шымкент қаласы №7 сайлау округі бойынша Болатбек Нәжметдинұлы 19 851 дауыс жинаған.
Абай облысындағы №8 сайлау округі бойынша Нұртай Сабильянов 131 872 дауыс жинады. Естеріңізге сала кетейік, Нұртай Сабильянов бұған дейін де Мәжілістің ІІІ-VI шақырылымдарында, яғни 2004-2021 жылдар аралығында депутат болған еді.
Ақмола облысындағы №9 сайлау округі бойынша Айна Мысырәлімова 154 587 дауыс жинаған.
Ақтөбе облысындағы №10 сайлау округі бойынша Қазыбек Әбішев 238 195 дауыспен жеңді.
Алматы облысындағы №11 сайлау округі бойынша Ардақ Назаров 122 242 дауыс жинаса, Алматы облысындағы №12 сайлау округі бойынша Данияр Қасқарауов 153 225 дауыс жинапты.
Атырау облысындағы №13 сайлау округі бойынша Әділ Жұбанов 107 973 дауыспен бірінші орында.
Батыс Қазақстан облысындағы №14 сайлау округі бойынша Абзал Құспан 126 784 дауыс жинады.
Жамбыл облысындағы №15 сайлау округі бойынша Мұқаш Ескендіров 99 021 дауыс, Жамбыл облысындағы №16 сайлау округі бойынша Гүлдара Нұрымова 190 078 дауыс жинаған.
Жетісу облысындағы №17 сайлау округі бойынша Руслан Қожасбаев 132 678 дауыспен алға шыққан.
Қарағанды облысындағы №18 сайлау округі бойынша Құдайберген Бексұлтанов 132 471 дауыс, Қарағанды облысындағы №19 сайлау округі бойынша Арман Қалықов 145 228 дауыс жинады.
Қостанай облысындағы №20 сайлау округі бойынша Еркін Әбіл 181 175 дауыс жинаған.
Қызылорда облысындағы №21 сайлау округі бойынша 148 646 дауыс алған Мархабат Жайымбетов – бірінші орында.
Маңғыстау облысындағы №22 сайлау округі бойынша Еділ Жаңбыршин 117 880 дауыс жинады. Еділ Жаңбыршин бұған дейін VII шақырылым депутаты болған еді.
Павлодар облысындағы №23 сайлау округі бойынша Амантай Жарқынбек 168 625 дауыс жинаса, Солтүстік Қазақстан облысындағы №24 сайлау округі бойынша Еркебұлан Мамбеков 153 736 дауыс алған.
Түркістан облысындағы №25 сайлау округі бойынша Қайрат Балабиев 142 595 дауыс, №26 сайлау округі бойынша Ұласбек Сәдібеков 92 445 дауыс; Түркістан облысындағы №27 сайлау округі бойынша Темір Қырықбаев 117 584 дауыс жинаған.
Ұлытау облысындағы №28 сайлау округі бойынша Ерболат Сатыбалдинге 44 406 сайлаушы дауыс берген.
Ал Шығыс Қазақстан облысындағы №29 сайлау округі бойынша Лұқбек Тұмашинов 165 596 дауыс алыпты.
Әуелде айтып өткендей, көп дауыс жинаған кандидаттардың ішінде 2-еуі бұрын Мәжілісте депутат болған, қалғандары бірінші рет Мәжіліске барғалы отыр. Жеңіп шыққан үміткерлердің тек біреуі ғана – әйел адам.
Халықтың белсенділігі төмендеген
Бұл жолғы сайлауға сайлаушылардың 54 пайызы қатысқан. Ең белсенді аймақ – Қызылорда облысы, өңірдегі сайлаушылардың 66,44 пайызы дауыс берген. Ал ең төменгі көрсеткіш – Алматы қаласында. Мұнда электораттардың тек 25,82 пайызы ғана өз таңдауын жасаған.
– Нақтыланған деректерге сәйкес, сайлаушылар тізіміне 12 млн 35 004 сайлаушы енгізілді. Жалпы, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша республиканың 6 509 695 азаматы бюллетень алды. Ол тізімге енгізілген азаматтардың 54,09 пайызы, – деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.
Бұдан бұрынғы сайлаудағы көрсеткіштермен салыстырғанда, бұл жолғы сайлауда халықтың белсенділігі едәуір төмендегені байқалады. Мәселен, 2021 жылғы сайлауда сайлаушылардың 63,3 пайызы дауыс берген болса, 2016 жылы 77,1 пайыз электорат сайлауға барған. 2012 жылы белсенділік 75,4 пайыз болған екен.
Ал шетелдерде жүрген 12 132 қазақстандықтың 8800-і немесе 72,54 пайызы дауыс берген. Жалпы ел аумағынан тыс 77 сайлау комиссиясы жұмыс істеді.
– Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері жанынан 62 шет мемлекетте сайлаушылардың жалпы саны 12 132 адамнан тұратын 77 учаскелік сайлау комиссиясы ашылды.
Қазір шетелдегі барлық учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысын аяқтады. Дауыс беруге 8 800 Қазақстан азаматы қатысты, бұл –дауыс берушілердің 72,54 пайызы, – деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігі.
Бас прокуратура өкілі сайлау комиссияларының 18 мүшесі азаматтарға басқа адам үшін дауыс беруге бюллетень бергенін мәлім етті.
Бұған дейін дауыс беру күні болған әкімшілік құқықбұзушылық саны 40-қа жеткенін жазған едік.
Бас прокуратура мәліметінше, сайлау күнінде үгіт жүргізген 5 адам жауапқа тартылған. Одан бөлек, Сайлау комиссияларының 18 мүшесі азаматтарға басқа адам үшін дауыс беруге бюллетень берген. Ол азаматтар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 108-бабымен 17 адам әкімшілік жазаға тартылған.
– Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша дауыс беру күні 34 адамның тарапынан құқықбұзушылық тіркелген. Олардың ішінде 17 учаскелік комиссия мүшесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 110-бабы бойынша айыппұл салынды. Олардың барлығы жауапқа тартылды, – деді Нұрлан Әбдіров.
Байқаушылардың бағасы
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау күні науқанның өту барысын 80 мыңнан аса ұлттық байқаушы бақылаған.
– Дауыс беру күні байқауды 80 мыңнан аса ұлттық байқаушы жүзеге асырды. Оның ішінде кандидаттардың, саяси партиялардың 38 908 сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың 19 036 байқаушысы, 252 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің 23 383 байқаушысы және халықаралық ұйымдардың 793 байқаушысы қатысты, – деді Нұрлан Әбдіров.
Одан бөлек, бірқатар халықаралық байқаушылардың мәлімдемелері жарияланды. Мәселен, ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелері бойынша кезектен тыс парламенттік сайлау ЕҚЫҰ-ның халықаралық стандарттар мен міндеттемелеріне сәйкес сайлау өткізуге Қазақстанды жақындату мақсатында басталған реформалар тұрғысында өткенін мәлімдеген.
– Заңнамаға түзетулерде ДИАҚБ-ның бұған дейінгі бірнеше ұсынымдары ескерілген және сайлаушылар үшін таңдау жасау мүмкіндігін кеңейтті. Дегенмен, демократиялық сайлаулар өткізуге барынша негіз қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық базаларға одан ары да өзгертулер енгізу қажет, – деп айтылған ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының мәлімдемесінде.
ЕҚЫҰ-ның сайлауларды байқау жөніндегі қысқа мерзімді миссиясының арнаулы үйлестірушісі әрі жетекшісі Ирен Чараламбидес еліміздің барлық өңірінде миссияның 300-ден қысқа мерзімді байқаушысы жұмыс істегенін айтып өтті.
ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы делегациясының басшысы Рэйнхольд Лопатканың атап өтуінше, сайлау аясындағы бәсекелестік күрес деңгейі айтарлықтай өскен. Бірақ, әлі де болса заңдық және әкімшілік қиындықтар бар.
Сондай-ақ сайлауды ТМД миссиясының 196 байқаушысы қадағалаған. Оның ішінде 10 байқаушы ұзақ мерзімді негізде жұмыс істеген.
– Миссия республика бойынша халықаралық байқаушылардың қызметіне қажетті жағдай жасалғанына толық көз жеткізді. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға дайындық пен оны өткізу кезінде кәсіби ұйымдастырушылық деңгейін көрсетті, – деп мәлімдеді ТМД атынан байқаушылар миссиясының басшысы Леонид Анфимов.
Оның сөзінше, саяси додада бәсекелестіктің жоғары болғаны – тіркелген жаңа партиялар мен өзін ұсынған кандидаттар қатарының көп болуына байланысты. ТМД байқаушылары 832 сайлау учаскесіне барып, қадағалау жүргізген.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары Григорий Логвинов сайлау мемлекет заңнамасы талаптарына және ел қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткенін мәлімдеді.
Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары, ұйым атынан келген байқаушылар миссиясының басшысы Сади Джафаров миссия мүшелері байқаушы ретінде Астана қаласындағы бірқатар учаскеде болғанын айтты.
– Учаскелердің ашылуы ұлттық заңнама талаптарына сәйкес іске асырылды. Жалпы, біздің миссия 32 сайлау учаскесіне барды. Біз тиісті мониторинг жүргіздік және оның барысында елеулі кемшіліктер болған жоқ. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу заң талаптары аясында өтті, – деді Сади Джафаров.
Сөйтіп, жақын арада VIIІ шақырылым жұмысын бастайды. Сайлаудың нақты нәтижесі Орталық сайлау комиссиясының түпкілікті қорытындысы жария болғанда нақтыланбақ. Дегенмен, нәтижеде аса қатты өзгеріс болмайтыны анық, яғни жалпылама мәліметтер – осы. Ал Мәжілістің қанша пайызға жаңаратыны, қанша пайызға «жасаратыны», басқа да мәліметтер партиялар тізім ұсынғанда анық болмақ.