Түркістанда сүтті ешкі 1 млн 200 мың теңгеге сатылды

174

Түркістандағы мал базарында сауын ешкісі 1 млн 200 мың теңгеге сатылған. Бұл туралы журналист Тельман Бейсен Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz. 

«Бүгінде саясаттың көрігін САЙЛАУ қыздырып жатса, Түркістандағы мал базарының көрігін ешкінің саудасы қыздыруда. Бір сауын ешкісінің құны 260 мың теңге. Яғни, бұл жаман-жәутікбұзаулы сиырдың құнына бара-бар баға. 

«Есің кетсе, ешкі жи» дегендей, жұрт бүгінде сүт үшін сиырға қарағанда жем-шөптен шығыны әлдеқайда аз болатын сүтті ешкіні қол көреді. Күніне жай ешкілер 1 литр сүтті әзер берсе, асыл тұқымдылары (парода) 4, 6 литрден бастап, тіптен 12 литрге дейін сүт беретін ешкілер де бар көрінеді. 

Қазекемнің ықылым заманнан төрт түліктің қатарына қоспай, анау айтқандай, 9 мән бермей келген ешкі малы қазіргі нарық заманында теңдігін алып, базарда дәуірі жүріп-ақ тұр. 

Бүгін жол түсіп мал базарға соқтым. Шыны керек, көп жылдар бойы бармаған едім. Қызықтың бәрі сонда екен. Мал саудасына келісе алмай дал болғандар және сатып алушының қолын сілкіп, жұлқып, саудасын келістіріп, мәмілеге келтіріп, ол еңбегіне ақшасын алып, мұртын майлаған делдалдар мен көзі түскен малын көздеген бағасына сатып алып жатқандар өте көп. 

Қыстан титықтап аман шыққан жұрт малдың бағасын көтеріңкі сатуда. Уақ мал сатып жатқан көкегендерді аралап жүріп, ешкі сатып жатқандарға көзім түсті. Тұрсынбай есімді ақсақал ешкісіне 260 000 теңге сұрап тұр екен. Ешкісінің екі лағы бар» деп жазды ол.

Журналист базарда саудамен айналысып тұрған ақсақалды да әңгімеге тартқан. Оның айтуынша, ертеректе сүтті ешкілерді Ресей жақтан әкеліп, соңғы жылдары соларды көбейтіп, түпкілікті ешкі малы кәсібіне ден қойған. Сүтті ешкінің санын бұрын 140-қа дейін көбейткен екен, бүгінде 50 шақтысын бағып, лақтағандарын базарға апарып сатып, одан қалса сауып, сүтін де сатады екен. 

Ақсақал, нағыз пайда асыл тұқымды, сүтті көп беретін ешкі бағуда дейді. Айтуынша, сүтті ешкілердің әртүрлі тұқымдары бар. Сондай-ақ ол сөз арасында, жақында бір азаматттың бір күнде 12 литр сүт беретін асыл тұқымды ешкісін 1 млн 200 мың теңгеге пұлдағанын айтады. 

«Сиырдың сүті тілінде, яғни сиырдан мол сүт алу үшін оған жем-шөп көп бермесең болмайды. Шығыны көп, ал мынадай ешкіге аз ғана жем-шөп берсең де жарап жатыр. Есесіне анау-мынау сиырдан сүтті көп береді», – дейді ақсақал.

Бір замандарда шығыс пен батыстың арасын жалғаған Ұлы жібек жолының саудасын қыздырған Түркістан шаһарының базарлары тіршілігі қазіргі заманда да жалғасып жатқандай» деп жазды журналист. 

https://turkystan.kz/article/216368-turkistanda-sutti-eshki-1-mln-200-myn-tengege-satyldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.