Бүгін Жамбыл облыстық «Jambyl» телеарнасының тілшілерімен арнайы түсірілім ұйымдастырылды. Аталған түсірілім барысында жалпы өрт сөндіруші-құтқарушылардың жұмысының қиындығы және құтқарушылардың жалақысының өсуі жөнінде әңгіме қозғалды.
Қызығы сол бүгінгі түсірілім облыс құтқарушыларының көктемгі су тасқынына дайындығын тексеру бойынша шарасына сәйкес келгендіктен, тілшілер арнайы су сору техникалары мен жарақтарының жарамдылығын тексеру шарасы өтетін жерге арнайы барып, қажетті кадрлар жинады. Түсірілім барысында Жамбыл облысы ТЖ департаменті бастығының орынбасары полковник Мақсат Амантайұлы Қосыбаев тілшілерге арнайы сұқбат беріп, ол өз сөзінде Жамбыл облысы ТЖ департаментінің күштері мен құралдарының, жалпы техникалар мен жарақтардың көктемгі су тасқынына дайын екендігін жеткізді.
Ал түсірілім одан әрі Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында жалғасын тапты. Онда тілшілер жеке құрамның тыныс-тіршілігімен тереңірек танысты. Аталған мамандандырылған өрт сөндіру бөлімнің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Дидар Дәуітоллаұлы Өмірзақов тілшілерге жоғарыда келтірілген тақырыптарды қамти отырып сұқбат берді. Ол өз сұқбатында өрт сөндіру қызметінің өзіндік қиындықтары мен ерекшеліктеріне кеңінен тоқталып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен барша Қазақстандық құтқарушылардың жалақыларының өсетіндігіне қуанышты екендігін жасырмады. Айта кеткен жөн, аталған түсірілімдегі кадрлар жуық арада облыстық «Jambyl» телеарнасының жаңалықтар қызметінен көрермендер назарына ұсынылатын болады.