«Міржақып. Оян,қазақ!» тарихи туындысы. Продюсермен сұхбат

357

Биыл қазақ кинематографиясының қоржыны тағы бір жауһар туын­ды­мен толықты. Алты бө­лім­нен тұратын «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи дра­масы руханият пен мәдениеттегі жыл жаңа­лығы болды десек артық емес. Осы сөзімізге көрермендердің ыстық ықыласы мен оң бағасы негіз болып отыр. 
Осы орайда, жыл жаңалығы болған та­ғы­­­лы­мы мен тәлімі мол туындының про­дюсері Айсәуле Әбілдамен өрбіткен сұхбатымызды на­зар­ларыңыз­ға ұсынуды жөн көрдік.

– Айсауле ханым, қайырлы таң! Бүгінгі таңғы кофеңізді «Мір­жақып. Оян, қазақ!» туралы әңгімемен бастауға келіскеніңіз үшін көп рақмет! Өткен жылы ел ықыласына бөленген «Ахмет. Ұлт ұстазы» туындысынан кейін «Міржақып. Оян, қазақ!» қалай түсірілді?
– Көрермен көркем туындының екін­ші бөлігі шыққан сәтте шы­ғар­машылық топтың қалай тез транс­фор­мацияға ұшырағанын, биыл «ше­мішкідей шақтық» деген сенімге то­лы әңгімесін естігісі келетін шы­ғар. Алайда бізді былтырғыға қара­ған­да анау айтқандай өзгеріс күткен жоқ, сол жағдай, сол мүмкіндік, сол қиын­дық қайта алдымыздан шықты, се­бебі былтырдан бері ештеңе өз­ге­ріп кеткен жоқ қой. Биыл сцена­рий­де локация тым көп және оның бә­рін табу мүмкіндігі аз. Дала сахна­лары да жетерлік, дүниедегі ең қиын нәрселердің бірі даланы толтыру ғой, ат керек, керегесі мен уығы ағаш­тан жасалған ескі киіз үйлер ке­рек… Киіз үйді дұрыс құратын адам табудың өзі қинап қояды де­ген­­дей. Оған күн санап көтеріліп жат­қан инфляцияны қосыңыз. Со­лай «шықпа, жаным, шықпамен» жа­сап шықтық қой.
«Міржақып. Оян,қазақ!» тарихи туындысы. Продюсермен сұхбат– Жоба бас-аяғы қанша уа­қыт­та дайын болды?
– Негізі, біздің MurAi Production ком­панияның ерекшелігі деп айтсам артық айтпаспын, біз бір жылда тек бір жобаны жүзеге асырамыз, экран­дай­мыз. Себебі түсірілетін туынды­ның санына емес, сапасына жауап бер­гіміз келеді. «Неге?» деген заңды сұ­рақ туындауы әбден мүмкін. Тү­сірі­лім процесінің ең алғашқы қа­да­мы – материал жинау мен сценарий жазудың өзі үш-төрт айға жалғасады, түсірілімге дайындық мерзімі екі ай болса, кинотуындыны түсірудің өзі екі-үш ай уақытты алады. Сонда се­гіз-тоғыз ай уақытты алады деуге бо­лады. Алайда біздің Алаш азамат­та­рына деген құрметіміз бұл қиын­дық­­ты сәл де болса жеңілдеткен шы­ғар деп ойлаймын.
– Түсірілімге дайындық пен ки­нотуындыны түсіру процес­те­рін қосып алғанда сегіз ай уақыт ке­теді деп айтып отырсыз. Түсі­рі­лім барысына тоқталып кет­се­ңіз.
– Тарихи кинода дала сахна­ла­рын түсіру әрқашан қиын. Жарық, су, жылу жоқ. Көшіп-қону да оңай емес, өздеріңіз байқағандай, Қос­та­най қаласында, Торғай даласындағы Қыз­бел, Қоңыраулы мекендерінде де тү­сірілім жасадық. Оған қоса, тірі рек­визит, яғни жылқы көп, олардың та­сымалы мен жемшөбі, күтімі ак­тер­ден қиын боп кетеді кейде. Осын­дай көзге көрінбейтін, бірақ үл­кен маңызы бар жұмыс көп ки­но­да. Мысалы, Міржақып пен Сейдах­мет­тің Омбыда жалдап тұрған үйін Ал­маты қаласынан да, Қостанайдан да таба алмадық. Соңында Қырғыз­сай ауылындағы «Ахмет. Ұлт ұста­зын­­дағы» Ахметтің «үйін» биыл та­ғы пайдалануға тура келді. Ондай ескі үйлердің іші әдетте тар келеді, ал әр режиссер мен оператордың ар­маны – кең жерде жұмыс істеу. Ка­мераның рельсін құрып, жа­рық­-ты қалаған жеріне қойып түсірілім жа­сауды кім қаламайды? Оқып отыр­­ған оқырман «ескі үйлер көп қой» деуі мүмкін, алайда қанша ауыл­­ды, екі облысты іздеп жүріп тап­­қан үй­ле­рі­міз түсірілім стан­дарт­тарына сай болмай қалатын кездер көп бо­ла­ды. Тарихи туындыны тү­сіру­ге қа­жет реквизиттер табу да үлкен мә­селе. «Ахмет. Ұлт ұстазында» Ах­мет­тің пенсесін бірінші еліміздегі бір компанияға жасатып, ол рек­ви­зит режиссердің көңілінен шықпай, көр­шілес елден іздеуге тура келіп еді. Ал биыл «Міржақып. Оян, қазақ!» хи­­каясындағы реквизиттерге қа­тыс­ты есте қаларлық оқиғаның бірі Ғай­нижамалдың той көйлегіне қа­тысты болды. Ғайнижамал Досым­бе­кова қазақ интеллигенция­сынан шыққан, оқыған қыз болған. Оның той көйлек киіп түскен фотосурет­тері де сақталған. Сол той көйлегін та­бу қиынға соқты. Костюмерді қа­сыма ертіп, таңғы жетіден бастап Ал­матының барлық той дүкендерін ара­лап, таппадық. Шаршап кеттік. Ой­лана келе қаланың ең танымал сау­да нүктесі барахолкаға бет алдық. Ба­қытымызға орай, кеш бата Гаяның той көйлегіне келтіруге болатындай көйлек таптық. Екеуін алдық, себебі үстіндегі салпыншағын шығаруға тура сондай мата табу керек еді. Кос­тюмер қыз тігіншіге беріп, екі көй­лек­тің басын қосып, түсірілімге ке­рек той көйлегін құрастырып шық­­ты. Той күні көйлектің үстінен Ғай­­­­нижамал күміс алқа таққан еді. Енді күміс алқаны дәл тарихи сурет­тегідей етіп жасау үшін де біраз тер төктік. Бірнеше күміс әшекейдің ба­сын біріктіруде әкемнің көмегі қат­ты тиді. Былай қарасаңыз, осы сах­на телехикаяның небәрі 3 мину­тын алған болуы мүмкін.
«Міржақып. Оян,қазақ!» тарихи туындысы. Продюсермен сұхбат– Бұл танымал туындының қою­шы режиссері әрі сценарий авторларының бірі Мұрат Есжан ту­ралы түсірілім алаңында жүр­ген актерлерден біраз ой естіген едік. Мұраттың басқа режиссер­лер­ден ерекшелігін сіз де айтып кет­сеңіз?
– Мұрат Есжанмен үйде де, түзде де бірге болу бұйырған соң ол кісінің қандай адам екенін жақсы білемін. Мұрат – идеяға қатты сеніп, соған қат­ты берілген жан. Ол бір істі бас­таса, түбіне жеткізбей қоймайды. Ол тек жұмысқа, идеяға қатысты дүние, ал басқа дүние тіршілігінен ол тез шар­шап, беті қайтып кетуі әбден мүм­кін. Бірақ сол ортақ идея, ұлтқа қа­тысты дүние болса, Мұраттың кү­ші екі еселенеді. Осы жобада ба­сынан соңына дейін жүретін жалғыз адам болғандықтан, өткен жылы «Ұлт ұстазы» аяқталған сәттен бас­тап осы тақырыппен ұйықтап, осы тақырыппен оянды десем де болады. Түсірілім алаңындағы жандардың барлығы да сол күшті байқаған бо­лар. Америкада «Болашақ» бағдар­ла­масымен оқуда болған кезде де Мұ­рат берілген сценарийлерді жа­зып шығу үшін бес-алты сағат ма­шинада тапжылмай отыратын еді. Неге машинада дерсіз, себебі үйде бала-шаға ойнап, шулап алаңдатады ғой. Кей демалыс күндері ел көру үшін қыдыратын болсақ, ол қолты­ғына ноутбугын қысып, ала жүретін. Иә, тарихи туындының сценарийін жазу, оның құрылымын шығару, жұртты соңына иіріп отыратындай оқиға желісін табу оңай емес. Бұл рет­те оған Америкада дәл осы ки­носценарий мамандығын оқығаны септесті деп ойлаймын. Мұнда сце­на­рийдің ауыр жүгін бірге көтеріс­кен Ұларбек Нұрғалымұлы мен Ұш­қын Сәйдірахманның зор еңбегін айта кету керек. Ұларбек ағамыз – соң­ғы кездегі бестселлер кітап «Дайа­ғашшының» авторы, жазушы, қа­зақ сөзінің майын ішкен жан, ал Ұш­қын замандасымыз – Алаш зия­лыларының тікелей мағынасында жоқ­таушысы, ізденімпаз ғалым, алаш­танушы. Осы үштік тандем был­­тыр да, биыл да жемісті жұмыс іс­те­ді деп айта аламын.
– Тарихи киноның сценарийі жа­зылған кезде бірінші кезекте нақ­ты фактілер мен куәгер­лер­дің естеліктері назарға алынады, ал содан кейін ғана көркемде­ле­ді. «Міржақып. Оян, қазақ!» те­ле­хикаясына сценарий жазылу ба­рысы туралы айтып берсеңіз.
– Телехикаяны жазу барысында ав­торлар отыздан астам тарихи әде­биет пайдаланды және барлығының атауы фильмнің соңында толықтай берілді. Отыз бір әдебиеттің барлы­ғы да толықтай оқылып, зерттел­ге­ніне куәмін. Сондай оқулықтардың бірі – Марат Әбсеметовтің әлі бас­паға берілмеген қолжазба кітабы, та­тар жазушысы Виль Галиевтің «Ұлт­ты оятқан кітап» (Міржақып Ду­ла­тұлы және оның «Оян, қазақ!» кі­­табының ізімен), Гүлнәр Мір­жа­қып­қызының, Мәмбет Қойгелдінің жә­не басқа да авторлардың кітап­тары толықтай оқылды. Бұл жоба ав­торы Мұрат Есжанның ғалымдар мен көрермен алдындағы адалдығы деп білемін, себебі басқа ешқандай ки­нода мұндайды кездестірмейсіз. «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян, қазақ!» картиналарында көрер­менге берілген барлық ақпарат та­рихи деректерге сай келеді. Көркем­дік шешімдер бар, бірақ ол шешімдер осы тұлғалардың абыройына еш нұқ­сан келтірмейтін, керісінше кө­рерменге сезімдерін жеткізе түсетін сәт­тер.
– Сценарий жазылды, лока­ция­лар таңдалды. Ендігі жауап­ты сәт – актерлік құрамды бекіту.
– Дұрыс айтасыз. Міржақып пен Ғайнижамалдың рөлін сомдаған актерлер «Ахмет. Ұлт ұстазында» екін­ші планда ойнаған еді. Екінші пландағы актерлер болса да, сол кездің өзінде Мұрат осы жобаның спин-оффын жасасам деген оймен екінші планға де тәжірибелі, белді актерлерді таңдап алған болатын. Сөйтіп, Міржақып пен Ғайнижамал­дың кинодағы тағдыры былтыр «Ах­мет. Ұлт ұстазында» белгілі бол­ды. Ал Гүлнәр Міржақыпқызы­ның рө­ліне актриса таңдау қиынға соқ­ты. Біраз іздедік. Ақыры, Қазақ­стан­ның халық әртісі Гүлжан Әспетова апай­ға тоқтадық. Апайдың жасы қа­зір екі жасы кем сексенде. Жақын­да ғана күрделі ота жасатыпты. Кө­зі­нің нашарлығына байланысты сце­нарийді қағаздан емес, аудиодан жаттады.
– Ол қалай сонда?
– Гүлжан апай өзі айтатын мә­тін­дерді ұлына оқытып, сол оқылған аудионы диктофоннан тыңдап, жаттап жүрді. Ол кісінің жағдайында он екі сағат түсірілім алаңында жүру оңай емес. Соған қарамастан, рөлін керемет алып шықты. Біз де про­цеске қолайсыз болса да, апайдың тү­сірілімдерін күн ара қойып, жыл­дамырақ жұмыс істеуге тырысып, қо­лы­мыздан келген көмегімізді көр­сеттік. Ал кішкентай Гүлнәр Мір­жақыпқызын сомдаған Кәусар есім­ді жас актрисаға келсек, бала болған соң тез шаршайды, еркелегісі келеді, бірақ өнерге деген ерекше құлшы­ны­сы мен көркем тәрбиесі соның бәрін жеңіп кетіп отырды. Осы ретте оның қасында демеу болып жүрген ана­сына ерекше ықыласымды біл­діргім келеді. Кинодағы қиындық­тар­дың бірі – егде актерлермен, ба­ла­лармен жұмыс істеу ғой. Ауырып қалмай, аман-есен соңына жеткізсек деп иненің ұшында жүресің. Биыл бізде бала актерлер көп болды. Әр ба­ла­ның өз еркелігі бар. Осы жолы өз балаларымызды да түсірілімге тарт­тық. Ондағы ойымыз балалары­мыз­ды танымал ету емес, қайта «пай­­­далану» болды (күлді). Себебі өз балаңа сәл де болса батылырақ ко­манда бере аласың, өз балаңа «сәл шы­дай тұр, аз қалды» деп айта ала­сың, сахнасы бүгінге сыймай қалса, ер­тең де бір сахна үшін сүйретіп ба­ра аласың дегендей ғой… Осы тұс­та Махамбетпен түсірілген сәтті айт­қым келіп отыр. Ашаршылық жыл­дарындағы қазақтың аш қалған баласын сомдады. Есіңізде болар, жа­зық далада, шақырайған күннің ас­тында жалғыз келе жатқан аш ба­ла. Міне, сол кішкентай ғана бө­лік­ті түсіру үшін уақыт жетпей қала бер­ді, күнде ертеңге қалдырып жүр­дік. Махамбет баламыз күнде таңғы 4-те тұрып, бізбен бірге түсірілім алаңына келіп, таңнан кешке дейін жүріп, кешке түскен кездері болған.
«Міржақып. Оян,қазақ!» тарихи туындысы. Продюсермен сұхбат– Әлеуметтік желіде тараған бір видеоға тоқталғым келіп отыр. Гүлнәр Міржақыпқызы­ның ұлы Ерлан ағаның кино аяқ­талған бойда хабарласып, ба­тасын берген сәті ерекше әсер­лі, сіз қандай күйде болдыңыз?
– Иә, өте толқытқан сәт болды. «Мір­жақып. Оян, қазақ!» туындысын түсірер ал­дында Мұрат екеуміз Гүл­нәр Мір­жа­қыпқызының ұлы Ерлан ағай мен қы­зы Жанат апайдың ал­дынан өт­тік. Аналарының жеке ар­хиві Жанат апайдың қолында екен. Бір чемодан фо­толар мен құжаттар, түпнұсқа кі­тап-газеттерді көрсетіп, фото-ви­деоға түсіріп алуға рұқсатын берді. Яғни, фильмде көрсетілген чемодан мен «Оян, қазақ!» кітабы өмір­дегі түп­нұсқамен жүз пайыз ұқ­сайды. Ол кі­сілерге сценарийді көр­сеттік. Де­генмен іштей «бұл кісі­лер киноны қа­лай қабылдар екен» деп үнемі алаң­дап жүретінбіз. «Мір­жа­қып. Оян, қазақ!» туындысы ұлт­тық ар­на­дан көрсетіліп болған сәтте Ер­лан аға бірден хабарласты. Бар­лық жа­сал­ған істің оң екенін ерекше атап өтті және батасы мен алғысын жау­дыр­ды. Ал Гүлнәр апаның келіні Жан­­на (ол кісінің өзі де кәсіби акт­­риса) «мен кинодан тірі Мір­жа­қып­ты, тірі адамды көрдім» деп қуант­ты. Дәл осы тұста Ұлттық арна ұжы­мы­на, «Міржақып. Оян, қазақ!» туын­дысының шығармашылық то­бы мен актерлік құрамына алғыс біл­діргім келеді! Мұрат айтқандай, шығарма­шы­лық тек сценарий жа­зылған кез­де болады, ал сценарий жа­зылып бол­ған соң, яғни қағаздағы ша­руаң біт­кен соң, шаруашылық бас­талады екен. Күтпеген мың ке­дер­гімен күре­сіп кетесің. Кино – үл­кен ұжымдық жұмыс, бір адамның жұ­мысы ақсаса, жүз адам күтіп қа­лады. «Кино өн­дірі­сі – үлкен ко­ман­далық спорт» де­ген­ді оқып едім. Ки­ноға адамдар бір арман-мақсатты бө­лісу үшін ке­леді. Сондай мың ке­дергіден бізбен бірген өтіп, жеңе біл­ген және бізбен бір мақсатты бө­лісу үшін келген барлық жанға рақмет айтқым келеді. Атқарушы продю­серлер Әсет Есжан мен Қа­дыр­жан Құлман, қоюшы оператор Жа­нат Өмірәлі, қоюшы сурет­ші Ела­ман Айнабеков, кос­тю­мер Гаухар Ақ­таева, гример Жұлдыз Иманбе­кова, режиссердің ассистенті Жәр­дем Дауылбаевқа және барлық ко­ман­дама ерекше алғыс білдіремін.
– Айсауле ханым, «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи туындысына «Ах­­мет. Ұлт ұстазының» жолын бер­­сін деп тілеймін! Сізге және бар­­лық шығармашылық то­быңыз­ға сәттілік!

Сұхбаттасқан
Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ

https://turkystan.kz/article/208822-mirzhakyp-oyan-kazak-tarihi-tuyndysy-prodyusermen-suhbat/

Leave A Reply

Your email address will not be published.