Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне пәтер кілттері табысталды

220

Жамбыл облысында үздік спортшылар марапатталды. «Жыл үздігі – 2022» спорттық номинацияларды тапсыру салтанатына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде аймақ басшысы өңірдегі жетістіктерге, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

— Қасиетті Әулиеата өңірінің жақсы спорттық дәстүрі мен жеңісті жолдары ежелден қалыптасқан. Сол дәстүрді жоғалтпау, сол абырой биігінен түспеу біздің алға қойған міндетіміз екенін естен шығармау керек.

Облыс спортшылары биыл республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде 1500-ге жуық медальға ие болды. Қазіргі таңда 683 спортшы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командаларға мүше болып отыр.

Өңірімізде жоғарғы спорт, оның ішінде бұқаралық спорттың дамуына үлкен көңіл бөлінуде. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 475,3 мың адамға немесе 39,1 пайызға жетті. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

«Тәні саудың – жаны сау» демекші, Мемлекет басшысы да бұқаралық спортты дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеп отырғаны бекер емес. Бізде бұған барлық мүмкіндік бар.

Облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында, сондай-ақ, ауылдарда заманауи спорт залдары мен арнайы алаңдарының саны артуда. Биыл Талас және Қордай аудандарында дене шынықтыру сауықтыру кешендері іске қосылса, облыс бойынша 62 спорт алаңшасы қолданысқа берілді. Тағы да 3 спорт нысанын жыл аяғына дейін қолданысқа беріп, 13 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі болып отыр,-деді Нұржан Нұржігітов.

Бұдан соң облыс әкімі жылдың үздік спортшыларын түрлі аталымдар бойынша марапаттады. Нақтырақ айтсақ, ХХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері Ғабит Есжановқа, Ғасыр Тұрғынбай, Анна Краморова, Асан Нұржан, Фериде Кара Оглы, Олжас Рысжанов, Эвелина Егембердиева, Айдос Түгелбаевқа пәтер кілттері табысталды.

Сондай-ақ, №2 облыстық мамандандырылған балалар – жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-і армрестлингтен жаттықтырушы Виталий Трубинге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Сарысу аудандық ат бәйгесі федерациясының жетекшісі Алпысбай Исабаевқа «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі берілді.

Өзге де үздік спортшылар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамомасымен, Облысқа сіңірген еңбегі үшін белгісімен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар, Париж – 2024 XXXІІІ жазғы Олимпиада және XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына лицензия алуға үміткер спортшыларға сертификаттар және Ұлттық Олимпиада комитетінің төсбелгілері табыс етілді.

 

Жамбыл облысының әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.