Шаттыққа бөлеген шырша кеші

246

Қала  әкім Бақытжан Орынбеков тараздық бүлдіршіндердің дәстүрлі жаңажылдық мерекесіне қатысты. «Сиқырлы шарлар» тақырыбымен өткен  салтанатты  шараға көне шаһардағы 61  мектептің 150 оқушысы куә болды.

Жаңа жыл мерекесіне арналған шырша кешін балалар керемет көңіл күймен қарсы алды. Ән де айтты, би де биледі. Тараз қаласы білім бөлімі мен қалалық оқушылар сарайының шәкірттері мерекеге арнайы қойылымдар көрсетіп, балдырғандарды ертегілер әлеміне саяхат жасатты. Қазақи нақыштағы ертегі кейіпкерлерінің кереметтей көріністері кеш қатысушыларын таң-тамаша қалдырды.

Салтанатты кеште бүлдіршіндер Аяз Ата мен Ақшақарды қарсы алып, әсем шыршаның шамын жақты. Мерекелік кешке арнайы келген қала әкімі Бақытжан Орынбеков жеткіншектерді мерекелерімен құттықтады.

– Жаңа жыл – барша баланың асыға күтетін, армандайтын, ең көңілді ғажап мерекесі. Әрбір адам баласы Жаңа жылдан жақсылық күтеді.

Сіздер  жыл бойы жақсы оқып, түрлі байқаулар мен жарыстарда жеңіске жеттіңіздер, өйткені бұл шыршаға тек белсенді әрі талантты балалар ғана шақырылады. Мен осы үшін өте қуаныштымын.

Жаңа жылда достарыңызға деген адалдықты, ұстаздарыңызға деген құрметті және елімізге деген сүйіспеншілікті сақтап, ата-аналарыңызды қуантып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар! – деді шаһар басшысы өз сөзінде.

Әрі қарай Аяз Ата балаларға арналған сыйлықтарын үлестіріп, мереке көңілді ойындармен, ән-бимен жалғасын тапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.