Бүгінде қазақстандықтар үшін баспаналы болудың қолжетімді жолы – ипотека алу. Бірақ кей жағдайда банк қарыз беруден бас тартуы мүмкін. Massaget.kz тілшісі ипотекалық несиелендірумен айналысатын маман Лаура Жолшыбаевадан банктің ипотека беру кезінде неге назар аударатынын және қандай жағдайларда ипотека бермейтінін сұрады деп хабарлады turkystan.kz.
Сарапшының айтуынша, банк бірінші кезекте өтініш берушінің несие тарихы мен жалақысын тексереді. Кейін клиентке қатысты өзге деректер тексерістен өтеді.
Нашар несие тарихы
Жолшыбаеваның айтуынша, банк ипотека рәсімдеуден бас тартатын және жиі кездесетін себептердің бірі – нашар несие тарихы.
«Әрине, банк қарызын өтей алмаған адамға тағы қарыз бермейді. Әсіресе, ипотека. Сондай-ақ бұл ретте банк сіздің несие тарихыңыз неліктен нашар болғанын сұрап, анықтамайды. Тағы айта кететін жайт, ипотеканы ерлі-зайыптының бірі алатын болса, олардың екеуінің де несие тарихы мұқият зерттеледі. Комиссия екеуінің де несие тарихын, төлем қабілетін тексереді. Бірінің несие тарихы нашар болса, банк қарыз беруден бас тартады», – дейді Лаура Жолшыбаева.
Жұмыс істеу мерзімі жеткіліксіз болуы
Банк ипотека беруден бас тартуы мүмкін тағы бір себеп – өтініш берушінің жұмыс істеу мерзімі аз болуы.
«Екінші кезекте банк қарыз алушы адамнан кейінгі 6 айдағы табысы туралы анықтаманы талап етеді. Яғни жарты жыл уақыт жұмыс істеп жатқанын дәлелдейтін ресми құжат берілуі керек», – дейді сарапшы.
Зейнетақы аударымдарының болмауы
«Банктің ипотекадан бас тартуының үшінші себебі – зейнетақы аударымдарының болмауы. Бұл еліміздегі банктер үшін қарыз алушының тұрақты табысы, жалақысы бар екенінің дәлелі саналады. Себебі, ипотека 1 немесе 2 жылға берілмейді, кем дегенде 8-10 жылға береді. Сондықтан да банк үшін тұрақты табыс – маңызды фактор», – дейді Жолшыбаева.
Бастапқы жарнаның жеткіліксіз болуы
Сарапшы бастапқы жарна жеткіліксіз болса, банкке өтініш беріп, әуре болудың қажеті жоғын айтады.
«Банк клиенттің төлем қабілеті бар екеніне кепілдік беруі керек. Ол үшін банкке бастапқы жарна толық мөлшерде аударылуы қажет. Сондықтан бастапқы жарнаны жинаған соң ғана банкке барған жөн», – деп кеңес береді ол.
Қарыз алушы сотты болған жағдайда
Жолшыбаеваның айтуынша, өтініш берушінің сотты болуы несие тарихының нашар болуынан да қиын жағдай. Мұндай жағдайда банк өтінішті тіптен қарамауы да мүмкін екен. Заңға қайшы әрекеттер жасаған адамға банк қандай бір қарыз беруден бас тартуға құқы бар. Тіпті салық төлемей, сот алдына бірнеше рет барған адам да ипотека ала алмауы мүмкін.
Отбасының қарыз жүктемесі артуы
Сарапшының сөзінше, бірнеше кредиттің болуы да ипотека берілмеудің тағы бір жиі кездесетін себебі.
«Бірден бірнеше несие алып, оны төлеп жүрген адамға ипотека беру банк үшін қауіпті көрінуі мүмкін. Үш немесе одан да көп кредиті бар қазақстандықтың өтінішін банк міндетті түрде қайтарады. Сол себепті ипотека алудың алдында несиелерді жапқан дұрыс», – дейді ипотекалық несиелендірумен айналысатын маман.
Ипотекаға өтініш берер алдында не білу керек?
Сарапшы ипотека алғысы келген қазақстандықтарға бірінші кезекте қарыз жүктемесін азайтып, несие тарихын тексеру керегін айтады.
– несие тарихын тексеру;
– өз атыңызға жазылған кредит карталарын тексеру;
– өтінішті қатесіз, дұрыс толтыру;
– жалақының нақты сомасын жазу (азайтып немесе көбейтіп емес);
– жұмыс істеп тұрған жеке нөмірді жазу;
– басқа мүлік, табыс көзі барын жасырмау;
– отбасы мүшелерін, бала санын жасырмау.