Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен аумақтағы бизнес өкілдеріне түзеу мекемелерінде орналасқан өндірістік нысандар көрсетілді. Шара облыс әкімдігі және аймақтық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Оның аясында 20-дан аса бизнесмен түзеу мекемелерінде жұмыс істеп жатқан өндірістермен танысты. Сондай-ақ, облыс прокуратурасының қызметкерлері бос тұрған нысандар бейнеролик арқылы көрсетіп, алу жолын түсіндірді.
Шараның басты мақсаты – сотталғандарға қосымша ақылы жұмыс орындарын ашу. Себебі, сотталғандардың түзу жолға түсіп, оңалуының негізгі тәсілі – еңбекпен тәрбиелеу.
Бүгінгі таңда, облыстағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың 71 пайызы жұмыспен қамтылып, 30 өндірістік нысандарда еңбек етуде.
Мысалы, ҚАЖД ЖД – 158/7 түзеу мекемесінде ЖК «Шукуров» бөдене құсын өсіруді ұйымдастырып, етпен жұмыртқасын өткізумен айналысып, 12 сотталғанды жұмыспен қамтуда.
Осы түзеу мекемесінде ЖК «Ырысты» киіз үйді жасап, шығаруды ұйымдасытырып, 7 сотталғанға жұмыс беріп отыр.
Өткізілген іс-шараның қорытындысы бойынша 10 кәсіпкер түзеу мекемелерінде өздерінің өндірістерін ашуға қызығушылығын білдірді.