Академик Зейнеп Базарбаеваның ғылыми еңбектері жарық көрді

177

Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген аталы сөз бар. Нағыз тектінің тұяғы, асылдың сынығы Зейнеп Мүслімқызы мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі әдебиетші ғалым Мүслім Базарбаев пен ұлағатты ұстаз Гүлбараш Ізбасқанқызының шаңырағында дүниеге келген.

Зейнеп Мүслімқызы Мәскеудегі Морис Торез атындағы мемлекеттік шет тілдер институтын (қазіргі Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті) тәмамдағаннан кейін, аспирантураны 1981 жылы бітіріп шықты. Тіл білімі институтына да сол жылы келді. 40 жыл бойы институтта табан аудармай қызмет атқарып, белді, беделді ғалымның біріне айналды.

Зейнеп Базарбаева – шетел филологиясы, салыстырмалы-типологиялық, жалпы тіл білімі және түркі тіл білімі салалары бойынша жетекші ғалымдардың бірі. Ол тіл біліміндегі жаңа бағыттар – интонология, просодика, фонология салаларын зерттеп, осы ғылыми ілімдерінің негіздерін қалыптастырған еңбектер жариялады. Қолданбалы лингвистика, коммуникативті синтаксис, интонология, тарихи фонология, сегментті және суперсегментті фонетика бойынша ғылыми-зерттеу жобаларына жетекшілік етіп келеді.

Академик Зейнеп Базарбаеваның ғылыми еңбектері жарық көрді

Өзінің еңбектерінде қазақ, орыс, француз тілдерін салыстыра зерттеп, қазақ тілінің просодикалық жүйесі орыс тілінен гөрі, француз тіліне жақын екенін дәлелдеді.

Зейнеп Мүслімқызы француз тілін де жетік меңгерген. Жақында Париждегі ЮНЕСКО-ның бас штаб-пәтерінде өткен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойында французша баяндама оқып, жергілікті жұртқа таңдай қақтырды.

Зейнеп Базарбаева шетелдерде баяндама жасағаны бір бұл емес. Ол Мәскеу, Петербор, Новосібір, Тифлис, Қазан, Бішкек және Франция, Қытай мен Түркияның бірқатар қаласында өткен халықаралық жиындарға қатысып баяндама жасап келеді.

Зейнеп Базарбаеваның ғұмыры ғибратқа толы ғалым ғана емес, ұлағатты ұстаз екенін айтпай кетуге болмас.

Ол 1998-2008 жылдар аралығында Қайнар университетінде халықаралық факультетінің шет тілдер кафедрасының меңгерушісі және қазақ филологиясы кафедрасының профессоры болып жұмыс істеді.

2009-2012 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде фонология, интонология, жалпы фонетика бойынша дәріс оқыды.

2014-2018 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы тіл білімі, шетел және еуропа тілдері кафедрасының профессоры болды.

1998-2020 жылдар аралығында ол шетел филологиясы мамандығы бойынша докторлық диссертация кеңестерінің мүшесі және жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы (2003-2020) қызметін атқаоды.

2010-2012 жылдары Гумилев атындағы ЕҰУ-де «филология» және «салыстырмалы-тарихи, типологиялық, салыстырмалы лингвистика» мамандығы бойынша PhD докторларды дайындайтын диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде жұмыс атқарды.

2014 – 2021 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы жалпы және шетел тілдер мамандығы бойынша PhD докторларды дайындайтын диссертациялық кеңестің мүшесі.

2018 жылдан бастап Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінде шетел филологиясы мамандығы бойынша (PhD) докторанттар мен магистранттарға жетекшілік жасап келеді. Оның жетекшілігімен 9 кандидаттық және 2 PhD докторлық диссертация қорғалды.

Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, Фонетика бөлімінің меңгерушісі Айсәуле Аманбаева, бөлімнің аға ғылыми қызметкері Жанар Жұмабаева және басқа да шәкірттері ұстаз салып берген сүрлеуді даңғыл жолға айналдырып, жемісті еңбек етіп келеді. Аталған ғалымдардың барлығы – филология ғылымдарының кандидаттары.

Зейнеп Мүсілімқызы ғылыммен шұғылданумен қатар, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене қатысып келеді. Әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік комиссияларға мүше бола отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қазақ тілінің дамуына байланысты кесек-кесек ойларын ашық айтып жүрген ғалым.

Биыл Зейнеп апай 70 жасқа толды. Мерейжасын екінші отбасы саналатын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында тойлады.

Институт ұжымы, шәкірттері «ХХІ ғасырдағы тілтанымдық ойдың даму үрдісі мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырған. Оған жақын шетелдердегі, атап айтқанда Өзбекстан әлем тілдерінің профессоры Маханбет Джусупов, Еге университетінің профессоры Мұстафа Өнер, Уфа федералды зерттеу орталығы тарих, тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Зиннур Сиразитдинов және елімізге белгілі бір топ ғалым қатысып, баяндама жасады. Конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және тағы басқа құттықтау хаттары оқылды. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев арнайы келіп, құттықтады.
Мерейтой қарсаңында ғалымның «Интонология», «Қазақ фонологиясы», «Казахская интонация», «Типологическое исследование интонации вводных единиц» және «Тұлғалар» атты кітаптары жарық көрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.