ҒАСЫРЛАР САП, ҚАЛЫҢ ЕЛМЕН ҚАУЫШТЫ, СЕРТІ БИІК ЕР СЕҢКІБАЙ ТҰЛҒАСЫ

296

Өткен аптаның сенбісінде қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жоңғар басқыншыларына қарсы Абылайхан бастаған азаттық айқастарында ерлік істерімен дараланған, батыр әрі би Сеңкібай Қабанұлының туғанына 320 жылдығына орай батыр атындағы ауылда еңселі ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.


Бұл күні Сеңкібай ауылына алыс-жақыннан ағылған жұртта есеп болмады. Ташкент, Астана, Алматы, Өскемен, Шымкент қалалары, Атырау, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аудандарынан келген қонақтар кездескенде құшақтаса қауышып, бір-бірін батырдың мерейтойымен құттықтап жатты.
Мерекелік салтанатқа жиналғандар алдымен батыр ескерткішінің маңына жиналды. Батыр әрі би Сеңкібай Қабанұлының еңселі ескерткішінің перде жамылғысын қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, батыр ұрпағы Абдисаид Момбаев, Шымкент қаласындағы «Жаныс баба» рухани орталығының төрағасы Жарылқасын Ізбасаров,  облыстық «Жаныс баба ұрпақтары» қоғамдық қорының төрағасы Мұратбек Азимовтер ағытты.

Ақ жаулықты әжелер шашу шашқаннан кейін жиналғандар алдында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйледі. Еркін Құлымбайұлы Төле би бабамыздың тәлім тәрбиесін алған, 20 жасында Аңырақай шайқасына қатысқан Сеңкібай Қабанұлы ерліктің ерен үлгісін көрсеткендігін айтып, қалың қауымды тоймен және алда келе жатқан Республика күнімен құттықтады.

Қоғам қайраткері Амалбек Тшанов 300 жыл бойы азаттық үшін күрескен қазақ халқы тәуелсіздіктің қадірін білу қажеттігіне екпін сала отырып, Сеңкібай батырдың ерлігі ұлықтала беретіндігін, өтіп жатқан іс-шаралар елдің ынтымағы мен бірлігін көрсетіп отырғандығын жеткізді. Ел игілігі үшін қаражатын аямай жұмсаған жомарт кәсіпкерге алғысын білдірді. Еңбек ардагері Әуесхан Байгелов өтіп жатқан іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, әділ би атанған Сеңкібай бабаның  35 шақырым канал қаздырғандығын, бүгінгі таңда 7 округтің шаруашылықтары осы каналдың игілігін көріп отырғандығын, дүниеден озғанша ел басқарып, халық үшін қызмет жасағанын айтты. Жазушы Әшірбек Көпіш батырға арнаған арнауын оқып, демеушілердің қолдауымен «Әулиеата жаныс ұрпақтары» атты кітап шығарылғандығын жеткізді. Жаныс ұрпақтары атынан батыр ескерткішінің жасалуына үлкен демеушілік көрсеткен Тараз қаласындағы «Бек» базарының басшысы Батыр Алмазовтың иығына шапан жауып, астына ат мінгізілді. Жуалы ауданының Құрметті азаматы, батагөй қария Аманжол  Дүрәліұлы қалың қауымға батасын берді.

Әрмен қарай жұртшылық орталық сахна алаңына қарай бет алды. Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншілері шырқаған әуезді ән аспан төрінде қалықтап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, қаз-қатар тігілген алты қанатты ақшаңқан киіз үйлер, Сеңкібай бабаның батырлығын әспеттеген баннер ілінген сахна көздің жауын алды. Жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндер, кілем үстінде мықтылығын танытқысы келген балуандар, ауыздықпен алысқан тұлпарлар,  қыр гүліндей құлпырған арулар мен ұлттық киім киген әжелер тойдың сән-салтанатын асырып жатты.
Мұнда аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жиналғандарды батыр тойымен құттықтап, Байзақ ауданы батырлар мен спортшылар, ақындар көптеп шыққан өлке екендігіне тоқталды. Еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен ерлердің ерліктерін ұлықтау ұрпақ парызы екенін жеткізді. Хас батыр ескерткішінің тұрғызылуына және бүгінгі шараның өтуіне үлес қосқан Лесбай Оразбеков, Талғат Сабденов, Мұрат Базылбаев, Маратжан Юнусов, Қайрат Асанбаев, Досым Жиенбаев, Талғат Бухарбаев, Ануар Серікбаев, Алпысбай Келімбетов, Әбілсеит Момбаевтарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Сағат 11.00-де Сеңкібай бабаға арналған конференция өтті. «Батыр, би Сеңкібай Қабанұлының өмір жолы» тақырыбында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің  қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Әбдіқадырова, аталған университеттің филология  ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Көпбаева баяндама жасады. Баяндамашылар ел қорғаны болған Сеңкібай бабаның батырлығы, төрелік айтудағы әділдігі, тұтқынға түскен Абылай ханды құтқаруға барған Сеңкібай мен Шойбектің мәмілегерлігіне басымдық берді. Тарихшы Асқар Селеубаев  «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның»  атақты батыры Сеңкібай батырдың «Айрантөгілген» даласындағы,  «Майтан» қалашығындағы жан алысып, жан беріскен соғыстағы ерлігіне кеңінен тоқталды. Жергілікті тұрғындарға өзі құрастырған «Бәйдібек ұрпағының» шежіресін тарту етті. Бұдан кейін  батырдың 320 жылдығына орай шығарылған «Әулиеата Жаныс ұрпақтары» кітабының тұсауын  қоғам қайраткері Амалбек Тшанов,   “Казмұнай” Ұлттық компаниясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтан Қалиев кесті.

Қай заманда да елі үшін ерлік жасағандардың есімдері халықтың жүрегінен орын алады. Олардың өнегелі істері ұрпақтан-ұрпаққа үлгі етіледі. Есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылған  батырдың ескерткішін тұрғызуға, айтулы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған, елімізге еңбегі сіңген елге танымал тұлғаларға құрмет көрсетілді.
«Көне Тараз» қорының президенті Мұратбек Азимов, Түркістан облысы Төле би ауданы атынан Өтебай Тойбаев, ауған соғысы ардагері Сембек Оңалбаев, облыстық ауыл шаруашылығы кәсіподақ ұйымының төрағасы Қуандық Барлыбаев, Бақытжан Серікбеков,  Алматы, Астана, Өскемен, Шымкент қалалары, Атырау, Түркістан облыстарының аудандары және облысымызға қарасты Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Талас, Қордай, Сарысу аудандарынан келген өкілдер ретімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. ”Бәйдібек баба”,  “Х.Дулати атындағы”, “Д.Қонаев”, “Жаныс баба”, “Адай”, “Төле би” қорлары, “Парасатты Қазақстан” қоғамдық бірлестігі атынан ел азаматтарына марапаттар табыс етілді. Ауданымызға қарасты Аққия ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірхан Өмірәлиев еліне елеулі еңбегі сіңген тұлғалардың иығына шапан жауып, құрметін білдірді. Сонымен қатар ескерткіштің айналасын көгалдандыру және көріктендіру жұмыстарын сапалы атқарған құрылыс маманы Дінмұханбет Әмізеевке алғыс айтылды.
Мұнан  кейін ел Тәуелсіздігі үшін аттан түспей арпалысқан ердің ері Сеңкібай Қабанұлының ерлігін ұлықтаған (сөзі ақын Қасқырбай Нарбатырдікі, әні Әбілсейіт Момбаевтікі) «Ер Сеңкібай» әні орындалды. Бұл күні Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры және Байзақ аудандық «Шахан» халық театрының әртістері сахналаған “Сеңкібай шешімі” атты қойылым көрермендер назарына ұсынылды. Бұл қойылымда Сеңкібай батырдың түйінді мәселені әділ шешетін төрелігі шебер көрсетілді.Одан кейін Алматы облысы, Жамбыл ауданынан арнайы ат терлетіп келген «Ақ әжелер» ансамблінің орындауында орыс, қазақ, қытай тілдерінде әуезді әндер шырқалды.
-320 жыл өтсе де Сеңкібай бабаның ерлігіне деген құрметті көріп, айрықша толқыдық. Туған ауылында батырдың ескерткіші тұрғызылды. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ батырларын біліп, соған қарап бой түзеп өсуі тиіс. Осындай іс-шараны ұйымдастырған облыстық «Жаныс баба ұрпақтары» қоғамдық қорына, ізгі істі қолдаған облыстық, аудандық, жергілікті басшыларға, әр азаматқа аналық алғысымды айтамын,-деді ауыл тұрғыны Мақтагүл Әмізекеліні.

-Батырдың жетінші ұрпағымыз. Бізге жүктелетін міндет ауқымды екені айдан анық. Елінің азаттығы үшін күрескен бабамыздың тойы-ел тарихындағы маңызды оқиға деп білеміз. Араға ғасырлар салып, бабамыздың алып ескерткіші бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Бұл-өскелең ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті, даңқты бабаның ерлігіне деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатады деп ойлаймын,-деді ауыл тұрғыны Серікбай Маханбеталиев ағынан жарылып.
Жиын қатысушылары мен қонақтар мұнан соң  ақындар айтысын тамашалады. Белгілі ақын Алтынкүл Қасымбекова мен Рай Дөңбайдың, Дидар Басықараев пен Сәбит Искаковтың, Дархан Әбдіманат пен Ернұр Бейсеннің айтыстары мазмұндылығымен ерекшеленді. Айтыскер ақындар жауда батырлық, дауда шешендік танытқан, ел бостандығы мен ұлтының тұтастығы жолында көзсіз ерлік көрсеткен, байыпты мәмілегер Сеңкібай бабаның ерлігін жыр шумақтарымен өрнектей білді. Кезек күйге берілген кезде танымал күйші Шәміл  Әбілтаев «Жаныс», батыр ұрпағы Әбілсейіт Момбаевтың орындауындағы «Тәуелсіз қазақ» күйлері кең-байтақ даламызды күмбірлеген күйге бөледі. Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері патриоттық әндерді тамылжыта орындап, елді сүйсіндірді.
Сеңкібай бабаның 320 жылдығына келген барша қонақтарға арнап ас берілді. Батыр рухына  Кеңес және Сеңкібай ауылдарының имамдары Ғали Жұмабай мен Қобыланды Ахмедов құран бағыштаған соң, тойға келген қалың қауым рет-ретімен тігілген киіз үйлерде жайылған ақ дастарханнан дәм татып, қонақ күтушілердің ыстық ықыласы мен шынайы пейіліне риза болды. Сонымен қатар айтулы шараға сүбелі үлес қосқан азаматтарға, алыс-жақыннан  келген Құрметті қонақтарға құрмет көрсетілді.
Шара барысында көкпар, күрес және футболдан жарыс та қыза түсті. Мырзатай ауылында футболдан өткен жарыс жеңімпаздарына арнайы кубок, медаль, ақшалай сыйлықтар табыс етілсе,  батыр ауылында атан жілікті, апайтөс балуандар бозкілемге шығып, ерен күш иелері екендіктерін көрсетті. Жеңімпаз балуандарға аудандық «Жаныс баба» қоғамдық қоры атынан сый-сияпаттар табысталды.
Тойдың нағыз қызығы “Шөлтөбе”  жазығында  жалғасты. Сеңкібай батырдың 320 жылдығына арналған бұл көкпарда жалпы 1,5млн.теңгеден бастау алған салым өсіп отырды. Шымкент  қаласы және Жамбыл облысының  аудандарынан келген  әрбір шабандоздың білегінің күші мен тақымының мықтылығы сынға түскен ұлттық ойын көрермендерге ұмытылмастай әсер сыйлады. Осылайша батырдың тойы қою қараңғылық түскенше жалғасты.

 

Гүлшахар Әбдіқұлова,
Сеңкібай ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.