Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 1700-ден астам шетелдік жауапқа тартылды деп хабарлады turkystan.kz.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір аумағында шетел азаматтарының болуы, мигранттардың келуі және шығуы қатаң бақылауға алынған.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдіктерге 30 тәулікке дейін, ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары үшін 90 тәулікке дейін Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат талап етілмейді. Ал 6 негіз бойынша ол уақыттан асырып тұруға болады: жұмыс, емделу, отбасын біріктіру, оқу және тағы басқа. Бірақ ол үшін рұқсат алу қажет», – деді облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Ринат Шкибаев.
Келу мақсатына қарамастан, қабылдаушы тарап көші-қон қызметіне шетелдіктің ҚР аумағында орналасқан жері туралы үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Жыл басынан бері облыс бойынша халықтың көші-қоны саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін 1700-ден астам шетелдік және 769 қабылдаушы адам әкімшілік жауапқа тартылды.