Донорлық қанның жетіспеуі бүкіл Қазақстан үшін қазіргі көкейкесті мәселенің бірі. Түрлі бастамалар арқылы оған қоғамның үнемі назары аударылып келеді. Сауапты іске бұл жолы Қылмыстық-атқару жүйесі Жамбыл облыстық департаменті ЖД-158/1 мекемесінің 4-ауысым қызметкерлері мұрындық болды. Бұл тәртіп сақшылары үшін дәстүрлі шара. Олар донор болу арқылы қанға зәру науқастарға көмек беруді ұйғарды.
Әуелі қан таптырмас бұрын мекеменің 13 қызметкері медициналық сауалнама толтырды. Қан қысымы өлшеніп, түрлі ауру белгілерінің бар-жоғы зертханалық жолмен анықталды. Тек соның қорытындысы бойынша ғана қан тапсыруға рұқсат алды. Әрқайсысы 450 милилитр қан тапсырды. Ақ халаттылар тапсырылған қан көлемі мен оның мінсіз сапасына баса назар аударады. Сондай-ақ, донордың денсаулығы да қадағалауда болады.
Іс-шараға ұжым ұйымдасқан түрде бір кісідей атсалысты. Олар бұл күні қан тапсырып, донор атанды. Дәрігерлердің дерегіне сәйкес қазіргі таңда жас донорлар саны аз. Олар үнемі қан тапсырып жүрсе, зиянды әдеттерден аулақ болып, сәйкесінше, салауатты өмір салтын ұстанатын жас буын қатарының артатынына сенімді.
Дастан КАДИРОВ,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті
ЖД-158/1 мекемесі Режим және күзет бөлімі бастығының орынбасары,
әділет аға лейтенанты