Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 29 қыркүйегі күні «Саналы TALKS» жобасы аясында «Еңбек – ел мұраты» атты Ted-X форматында жастармен кездесу өтті.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – бірегей идеяларды таратуға жол ашу. Талқыланатын тақырыптары әр түрлі: ғылым, өнер, дизайн, саясат, мәдениет, кәсіпкерлік, ғаламдық мәселелер, технология және ойын-сауық. Бүгінгі шара қажырлы еңбектің арқасында табысқа жеткен адамдардың тәжірибесін, еңбекқорлық құндылықтарды, ұдайы өзін-өзі жетілдіру идеясын айту арқылы еңбек етуге деген сүйіспеншілікті насихаттау, жастарды еңбекке баулу, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және жастардың қоғамдық жұмыстарға тартылуына мол мүмкіндіктер ашу мақсатында ұйымдастырылды.
Шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік университетінің докторанты, жас ғалым — Егембердиев Дәулет Қанатұлы, «Qazaqstan jastary» ҚҚ директоры — Жұмат Бауыржан Киікбайұлы және Қазақстан Студенттері Альянсының Жамбыл облысы бойынша көшбасшысы — Рақметов Асхат қатысып өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Осыған дейін Саналы Talks ашық алаңында кәсіпкерлер, жас ғалымдар мен дәрігерлер, мұғалімдер мен жастар ұйымдарының басшылары, үкіметтік емес ұйым басшылар да өздерінің идеяларымен бөліскен болатын.