Қазір ғаламтор желісін пайдаланбайтын жастар кемде-кем шығар. Әсіресе жаз мезгілінде, демалыс уақытында жастардың дені ғаламдық торды жан серігіне айналдырып алатыны шындық. Дегенмен әрбір ата-ана осы бір дүниенің бала психологиясына қаншалықты теріс әсер етіп жатқанын біле бермейді. Одан балаларды қорғау жолын да дұрыс қарастырмайды. Ал ғаламтордан қорғалмаған бала түрлі психологиялық ауруларға душар болуда. Бұрын жаз мезгілі бола қалса балалардың барлығы азаннан қара кешке дейін үй көрмей далада ойнап жүруші еді. Қазір ауылдық жерде де, қалалық жерде де сыртта асыр салып жүрген баланы сирек көреміз. Себебі оларды үйге матап тастаған бір дүние бар ол – ғаламтор.
Компьютерлік ойындардың қызығына еніп, өмір мен виртуалды әлем арасындағы шекараны жоғалтқан жандар қаншама. Психологтар мұндай жандармен арнайы жұмыс істейді, алдын алу шараларын жүргізеді. Ең бастысы жақындарының қолдауы және өмірге деген көзқарасын, қызуғышылығын ояту. Әрине, бұл бәрі күндік жұмыс емес, емдеу адамның өзіне тікелей байланысты. Ғаламтордан түрлі ойындар ойнап, түрлі әуен тыңдап, бейнежазба көруге құмартып алған олар тіпті компьютердің жанынан шықпайтын болды. Жастарды компьютерсіз көзге елестету де қиын болып бара жатқан сияқты. Күндіз үй көрмей, түнде ұйқы көрмей жұмыс істейтін ата-аналар үшін де компьютер балаларын алдайтын жақсы құралға айналды. Егер адамзат компьютерлік ойындарға тәуелділікпен мақсатты түрде, әлемдік деңгейде күреспесе түбі әлемдік түйткілге айналуы ықтимал.
Ғаламтордағы онлайн ойындары атыс-шабыс, тағы басқа қантөгу, жауыздық тақырыбында болады. Осы ойындарды бала ойнап, оның психологиясына қандай жаман әсер беретінін өздеріңізде білесіздер. Ұдайы ойнаған баланың миында ойынның мазмұны, әдіс-тәсілдері еніп, жаман қылық, тіпті қылмысқа да баратын болады. Қалалы жерде ақша табу үшін компьютерлік ойындарды жарнамалап, жастарды өздеріне тарта бастап, жаман қылықтарға бағыттайды. Онлайн ойындарынан басқа да өзіміздің ұлттық ойындарымыз бар,соны неге ойнамасқа? Асық ойнау, күрес, қол күресі сияқты көп ойындар бар. Біз бөлмеде тығылыпкомпьютерлік ойынды ойнағанша, далада таза ауа жұтып, көпшілікпен көңіл көтеріп, денемізді шынықтырып, сау болғанымызға не жетсін.
Қорытындылай келе, дені сау саламатты ұрпақты тәрбиелегіміз келсе, қоғам болып отбасынан бастап, мектеп, арнайы орта және жоғары оқу орындарының барлық білім алушылары мен педагогтарының алдында үлкен міндет тұр. Ол — адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселесі, яғни тұлғаны әлеуметтендіру мәселесіне басты назар аударғанымыз жөн. Егер әр адам бала кезінен өз ортасында ізгі қарым-қатынастар негізінде тәрбиеленсе және сүйікті ісімен айналысып, мәселен спорт, музыка, техникалық үйірмелер, дебат клубтары немесе шебер қолдар үйірмелері т.б. тәуелділік мәселелеріне тосқауыл қойылар еді. Сонымен бірге, ғаламтор желісін қажетіне қарай, шамамен пайдалана білу мәдениетін қалыптастыру да көп ойланатын дүние.
Нұрдәулет СЕРІКҰЛЫ