Аудан әкімі ауыл тұрғындарына есеп беруде

419

Әр жылдың басында барлық облыс, аудан, қала әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулері өтетіні белгілі. Кеше Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов Досбол ауылдық округінде есептік кездесу өткізді.

Күн тәртібіне сәйкес аудан басшысы өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы жылдың міндеттеріне кеңінен тоқталды.

— Досбол ауылдық округіне 4 елді мекен кіреді. 111 аула саны, 618 халық саны бар.
Барлық мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар бойынша ауыл тұрғындарына үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде:
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 2 азамат 8 млн теңге несие алса, 2020 жылы 2 азамат 6 млн теңге несие алып мал өсірумен айналысуда. Қайтарымсыз 530 мың теңге грантты 2019 жылы 1 ғана азамат алса, 2020 жылы 8 азамат — 4,4 млн теңге қаржы алып, мал өсіруде.
Жалпы барлығы жыл басынан бері – 10 азамат 9,2 млн теңге қаржы алды. Ауылдық округтегі көше жарықтандырылуы мен ауыл іші көше жолдарының жөнделуі бойынша: Досбол, Шағалалы ауылдарының түнгі көше жарығы толық ауыстырылды. Қазіргі уақытта 100 пайыз жанып тұр. Жобаның жалпы құны – 3,7 млн теңге
Досбол ауылында ауыз су мәселесі толық шешімін тапқан. 2019 жылы ауыз су құбыры тартылып, 2020 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда ауыл халқының 100 пайызы таза ауыз су пайдаланып отыр.
Ауылдық округке ұялы байланыс құрылғысын орнатуға байланысты, Досбол ауылының тумасы Жұмаділов Әбдірахым өз қаржысымен биіктігі 22 метр болатын құны 1 миллион тұратын ұялы байланыс мұнарасын (вышка) орнатып берді. Желтоқсан айында Досбол актив ұялы байланыс желісі мен 3G интернет желісі іске қосылды. 2021 жылы Шағалалы ауылына да орнатылады деп күтілуде,-деді.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң, жарыс сөзге шығып сөйлегендер:

Ауыл тұрғыны, ақсақалдар алқасының төрағасы: М. Жаманқараев :

— Аудандағы барлық қол жеткізілген көрсеткіштерге көңіліміз толды. Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімі есебіне қанағаттанарлық деген бағамды беремін.
ШАҒАЛАЛЫ ауылында ауыз су мәселесі шешімін таппай келеді. Ауыл ащы су ішіп отыр. 2017 жылы ауылдың кіре берісіне ауыз суға ұңғыма бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Осы ұңғыма қашан іске қосылып, халыққа пайдалануға беріледі?
Екінші сұрағым, Шағалалы ауылына бір клуб соғылып берілсе?, -деген ойын ортаға салды.

Ал, ауыл тұрғыны, зейнеткер Б. Мұхашов болса: — Біздегі басты мәселе Талас өзені суының аз келуі. Былтырғы жылы да жайылымдық, шабындықтарға жайылған жоқ. Аз жіберілген су арна ішімен ағып, жайылымдық, шабындық жерлерге жайылған жоқ. Биылда мал шаруашылығымен айналысатын халыққа қиынға соғайын деп тұр. Ауылдық округке келген суды пайдалану үшін 1 тоспа (шлюз) орнатып берсеңіз, және де, судың келуіне ықпал жасасаңыздар?

Ардагерлер кеңесінің төрағасы П. Алтынбеков. –Аудан әкімі Б.Жақсылықовтың есебіне, ауданның, ауылдық округтің көрсеткіштеріне көңілі толатынын, ауыл тұрғындары атынан жоғары бағасын беріп, Досбол ауылына кіре берістегі көпірге дейінгі 1,5 шақырым жол мен Досбол – Үлкен Көкдала арасындағы 24 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын жеткізді.

«Елдос-2004» шаруа қожалығының төрағасы Наханов Талғат : -Ауданда жасалып жатқан игі істерге көңіліміз толады. Ауыл халқы алдында берген есебіңізге қанағаттанарлық деген бағамызды береміз. Жоғарыда Б.Мұхашов ағамыз айтқандай ауылдық округке қарасты Талас өзені арнасына 1 тоспа өте қажет. Мал шаруашылығымен айналысатын бұл халыққа Талас өзенінде су болмаса, мал азығы болмай, шаруаларға көп шығын әкеледі.
Екінші сұрағым, Досбол ауылына газ қосылды, Шағалалы ауылына ағымдағы жылы қосылады деп айтып өттіңіз. Осы газды Көкдала ауылына дейін тартуға ықпал жасасаңыз?,-деді.
Үш ауыл тұрғындары аудан әкімі Б. Жақсылықовтың есепті баяндамасын талқылауда белсенділік танытты. Тұрғындар тарапынан айтылған орынды ұсыныстар, құнды ой-пікірлер ауылдарды көркейтуге бағытталған. Әрі аудан әкімі, ауыл әкімі тарапынан нақты жауаптар қайтарылып отырды.

Жиын барысында жарыссөзге жазылған жандардың өтініштері мен ризашылықтары да айтылып жатты. Одан бөлек, ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, кеңінен талқыланды.

Кездесу соңында ақсақалдар ауыл халқының атынан аудан басшысының атқарып жатқан істеріне ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.