Жамбыл облысында жаңа заңнаманы іске асырудың алғашқы дерегі тіркелді

307

Ағымдағы жылдың 11 қаңтарында күшіне енген заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес, Қазақстанда мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілерге жаза қатаңдатылды.
Аталған өзгерістерді іс жүзінде қолдану дерегі алғашқы рет Шу ауданында тіркелді. Осы жылдың 15 қаңтарында Шу аудандық полиция бөлімінің инспекторымен бұрын жүргізу құқығынан айырылса да, қайта «орташа» дәрежедегі масаң күйде көлік басқарған 32 жастағы «Ауди 100» маркалы автокөлігінің жүргізушісі ұсталды.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, Қылмыстық кодекстің 346-бабы, 1-бөлігімен (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) заң бұзушыға өмірбақи көлік құралын басқару құқығынан, сондай-ақ 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынып, автокөлік айыптұраққа қойылды.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.