Біржан Жақып, әлем чемпионы: Мен сіздерден кешірім сұраймын

1 077

Біржан Жақыпов – қазақ боксшылары ішінен үш бірдей Олимпия ойындарына барған жалғыз боксшы. Шымкенттік оғлан 2005 жылы 23 жасында Мьянмада өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Осылайша ел құрамасынан ойып тұрып орын алды. Чикагода өткен әлем чемпионатында қытайлық Зоу Шимин жолын кесті.

Әрбір спортшыда өзі үшін қолайсыз қарсыластар бо­лады. Небір мықтыларды тұқырт­қанымен сыралғы қарсыласыңа кел­генде адымың тұсалып қала береді. Нұржан Смановты куба­лық қабылан Хуан Эрнандес ат­тат­пай қойды. Ермахан Ыбы­райы­­мов Кубаның тағы бір қара маржаны Дуверхилді бір жеңе алмай кетті.

Ал қытайлық Зоу Ши­мин біздің бекзат бітімді бокс­шы­мыздың жолында талыстай болып жатып алған. 2008 жылы Бейжіңде өткен олимпия ойындарында Біржан атақты Пал Бедак пен Оганес Данилянды жеңген. Ширек финалда Зоу алдынан ат ойнатып шықты.

Лондон. 2012 жыл. Қазір Бір­жан Жақыпов шаршы алаңға шығады. Қасымдағы сыралғы дос, сол кездегі Оңтүстік Қазақ­стан облысы спорт және дене тәр­биесі басқармасының басшысы Болат Қырықбаев қайта-қайта терең дем алып, жеңіл күрсініп қояды. Түсініп тұрмын. Басу айта алмаймын. Зоу Шимин жеңісті қолдан беретін боксшы емес. Сонау Бей­жің олимпиадасынан бергі Әлем, Азия чемпионаттарының да, Азия ойындарының да аса сапа­лы металдан жасалған медаль­дары үйінің қақ төрінде ілулі тұр.

Алса ала берсін-ау, бірақ сол Бейжіңнен бері біздің Бір­жанның несібесін жырып келе жат­қандығы көңілге қаяу түсіреді. Мінезі көркем біздің жігіттің осал жері жоқ.

Зоу Шиминнан аянып қалған жері және жоқ. Бірақ ұры тазы­дай сумаңдап шаршы алаңда ой­нақ салатын Зоу тепе-тең ұрыста да жеңіске жетіп кетеді. Оның үстіне Лондонда Қытай бокс құра­масынан Зоудан басқасы жарыс жолынан шығып қалған. Ендеше, бокс әлеміндегі бар атақ даңқты бір бойына жиып алған Зоу шіркініңіз, бір жарым миллиардқа жуық Қытайдың үкілеген үміті бұл жолы да біздің жігітке есе беруі қиын-ау. Болат екеуіміздің қабағымыз салыңқы тартып, күрсініп отыр­ғанымыз осы.

Оңтүстіктің медаль алады деген спортшыларының барлығы орта жолда барлығып қалған. Жеңіспен бірге абырой да керек елге арқырап барғанға. Бәрін бүлдіріп тұрған мынау қытай. Тым құрыса жартылай финалда жолыққанда ғой.

Әне, екі қолын ербеңдетіп, ботадай ойнақтаған Зоу тұсы­мыз­дан өтіп барады.

Артынша Біржан көрінді. Ке­­лісті жігіт. Соңында жеке жаттықтырушысы және Қазақстан құра­ма­сының бас бапкері Мырзағали Айтжанов. Айқайладық. Көзі жарқ ете қалған Біржан бізге қол бұлғады.

Алапат айқас басталып кетті. Екеуі де бір-бірін өте жақсы біледі. Екеуінің де ұрыс машығы жүректерінде жатталып қалған. Екеуі де осы айқас алтынға бас­тайтын баспалдақ екенін жақсы біледі. Біздің жігіт тым ширығулы. Әншейіндегі сынық мінезін бойынан сыпырып тас­тап, жолбарыстай шабынып жүр. Екеуінің қолдары да алмас қылыштай жарқ-жұрқ. Талмау тұс ашылып қалса наркескендей сұғып алуға бар. Аңдысу жоқ, қойғыласу бар.

Зоу Біржанның таудан құ­лаған селдей екпініне шыдай алмай тайғанақтап ұрыс салып жүр. Жырынды қу шабуыл кезінде ашылған сәттерде есесін жібермейді.

Бірінші раунд та, екінші раунд та Зоудың еншісіне жазылды. Онсыз да қарасұр Болат қаны қарайып сұп-сұр болып отыр. Өзіміздің жігіттер шаршы алаңға шыққанда сарайды мойнымызға іліп кетердей екіленетін біздің түріміз де оңып тұрған жоқ-ау. Бес төрешінің үшеуі ұпайды пиа­нино тілін басқандай қытайға беріп жатыр.

Соңғы раунд. Ақылды жігіт емес пе, Біржан бәрін түсініп жүр. Зоуды ұрып құлатпаса енді же­ңіс жоқ. Қос қолы найзағайдай жарқылдап қытай боксшысының төбесінде ойнайды. Бокс – өте қатал өнер түрі. Талай ауыр соқ­­қы­лардан талай боксшы қайт­пай­тын жаққа аттанып кеткен­діктен бокс қолғабының ішіне са­лынатын қыл-қыбырды қалың­датқан. Жеңіл тию үшін. Жеңіл салмақтағы боксшыға жеңіл тиетін қолғаппен ұрып құлату қиын. Бірақ намысы тұла бойын буырқантқан Біржан атойлауын тоқтатар емес. Болмады. Ер­теңінде тағы келдік. Жарыс бас­талуға әлі бірталай уақыт бар еді.

– Бақтияр аға!

Шаршы алаң түбіндегі бас­қыш­та Біржан тұр. Барып ба­тыры­мыздың маңдайынан сүй­дім. Іштей ширығып жүрген Біржанның көзінен бырт етіп жас үзілді.

– Аға, барымды салдым. Зоу тағы да алдырмай кетті. Өз түйсігімде жеңілген жоқ сияқ­ты едім. Төреші қолыңды көтер­ме­геннен кейін бәрі бекер. Хал­қымыздың үмітін ақтасам деп едім. Әкем Жақыпты жақсы білесіз, мен үшін жанын беруге бар. Созақбай аға да ақ тілеу айтып қалып еді. Елдің үмітін ақтау үшін аянғаным жоқ.

Жайшылықта сөзге жоқ бауырым қыстыға ақтарылады. Өз басымыз да Біржан жеңілді деген ойда жоқпыз. Теңбе-тең айқас. Жеңісті Біржанға берсе де Зоу «Оу, бұл қалай болды?» демес еді.

Содан бері талай жыл өтті, тарих парағы сан ашылып-жабылды.

Зоу Лондоннан соң кәсіпқой боксқа ауысты. Ал үлкен спорт­та­ғы үлкен жеңісінен үміті бар біз­дің Біржан әлем биігін бағын­дырды.

Оның жүлделерін айтар болсақ, 2005 жылы Әлем чем­пио­натының қола жүлдегері. 2008 жылы Әлем Кубогінің қола жүл­дегері, 2010 жылы Азия ойын­дарының ақтық сынына шықты. 2012 жылы Олимпиадалық ква­ли­фикациялық құрлықаралық тур­нирдің жеңімпазы. Ал 2013 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Рио олимпиадасының жолдамасын AIBA-ның APB жобасы бойынша жеңіп, осы жүйеде топ бас­тады.

Алматыда өткен әлем чемпионатында өзбекстандық сы­рал­ғы қарсыласы Хасанбой Дус­матовты жеңген еді. Әлем чемпионы Йосвани Вейтаны да жолда қалдырған.

Жанкүйерлер Біржанның Рио де Жанейро олимпиадасын­да жүл­де аларына сенді. Бәрі­міз де сен­генбіз. Бәрі Алланың қа­лауында екен. Риода халық­аралық жарыс­тар­да итжығыс түсіп жүретін Ха­санбой Дус­ма­товтың асуынан өте алмады.

Біржан Жақыпов – мінезі көр­кем, жібектей жігіт. Шаршы алаң­да қарсыласының ес-тұсын ал­ғанымен, былайғы өмірде шы­бын­ды шертпейтін, кісіге жақсы­лығы мол азамат. Осы Біржанның «Мен де атақты боксшымын – ең­бегім өткен» деп біреуге дауыс кө­тергенін көрмедік, қашанда кішік. Ел ішінде әпербақандар көп қой. Біржанның үш олим­пиа­даға баруын өз бапкері, Қазақ­стан құрамасының бас жат­тық­тырушысы Мырзағали Айт­жановтан көргендер бар.

Обалы не керек, жел сөз. Өйт­кені 48-49 кило салмақта Қазақ­стан құрамасында Біржанның алдын орайтын боксшы жоқ еді.

– Менің арманым Олимпия ойындарында еліміздің байрағын көтеріп, әнұранын ойнату еді. Сол үшін теңіздей тер төктім. Алла қош көрмеді ме, тілегім орындалмады.

Үміттеріңізді ақтамағаным үшін мен сіздерден кешірім сұраймын. Кешіріңіздерші, мені.

…Қанша даңқты спортшыларды көрдік. Жеңді, жеңілді. Бірақ ешқайсысы халықтан кешірім сұрамаған еді. Ешқайсысы ха­лық­тан үлкен емес. Біржан соны түсінеді.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.