6 138 метр жылу құбырының биыл 4602 метр бөлігін қайта жаңғыртылмақ

147
Облыс орталығы Таразда «Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған еді. Аталған жобаға сәйкес биыл 19 сәуірде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.
Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталған нысанға арнайы барып, жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
– Бұл жоба қала тұрғындары үшін өте маңызды. Осы арқылы облыс орталығындағы жылу желілерінің мәселесі түбегейлі шешілмек. Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталып, балалар мектепке барады. Тұрғындарға қолайсыздық тудырмау үшін жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын жеделдетуге тиіспіз. Әсіресе, мектепке баратын жолдарды тезірек қалпына келтіруге көңіл бөлген жөн, – деген шаһар басшысы бұл бағытта жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Бүгінде жоба аясында 4372 метр немесе 95 пайыз лоток және құбыр жүйесіне демонтаждау жұмыстары жүргізілген. Осы орайда айта кетерлігі, жалпы 6 138 метр жылу құбырының биыл 4602 метр бөлігін қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Бұдан кейін қала әкімі облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарының барысына қанықты.
Бүгінде Тараздың қай түкпіріне барсаңыз да жол жөндеу жұмыстарын көзіңіз шалады. Әсіресе, көлік қозғалысы көп, тұрғындар жиі қатынайтын көшелер басты назарға алынған.
Солардың бірі – Пушкин көшесінде орташа жөндеу жұмыстары қарқын алды. Жалпы құрылыс жұмыстары жүретін көшенің ұзындығы 2,805 шақырымды құрайды. «КАТSA» ЖШС мердігерлігімен қолға алынып жатқан жол құрылысында 17 техника мен 40-қа жуық адам еңбек етуде.
Аталған құрылыс жұмыстары бірнеше бөліктен тұрады. Қазіргі таңда Қосы батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін асфальт салынса, қалған бөліктерде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде.
– Мен үнемі қадаға күшеймей, құрылыс сапалы болмайтынын айтып келемін. Бұл әрбір мердігердің ұстанымына айналуға тиіс. Пушкин – орталық көшелердің бірі. Мұнда қатынайтын көлік қозғалысы да, жаяу жүргіншілер де өте көп. Құрылыс жұмыстары қыркүйекте мектепке баратын балаларға қолайсыздық тудырмас үшін 1 апта, әрі кетсе 10 күннің ішінде асфальттің алғашқы қабатын төсеп, жаяу жүргіншілер жолын тезірек аяқтауды назарға алыңыздар, — деген Бақытжан Әмірбекұлы осы бағытта нақты тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Салтанат» (4) шағын ауданындағы жолдарды ағымды жөндеу жұмыстарын көрді.
Биыл қалаішілік жолдарды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Әсіресе, шағын аудандардағы тұрғын үй аулаларына кіретін жолдарға да ерекше екпін түсірілген. Айталық, биыл орташа жөндеуге қазынадан тиісті қаражат қаралып, ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 41 жобаны, одан бөлек 18,1 шақырымдық 7 жаяу жүргіншілер жолын (тротуар) және 73,8 шақырымдық шағал жолды жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күнге межеленген 41 жобаның жартысынан астамында асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, жаяу жүргіншілер жолдары да ел игілігіне берілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.