«30 жылда дәретханаға жарымадық!»: Мәжіліс депутаттары «Қазақтуризмді» сынның астына алды

81

Санитарлық талаптарға сай болуы үшін эко саябақтар мен тарихи туризм аймақтарында әр 100-150 метр сайын био дәретханасы болуы тиіс. Ал, бізде ұят та болса жаның қысылса дәрет сындыратын орын таппай, көпшілік айналаны ластауға мәжбүр дейді халық қалаулылары. Ал, осы туризм саласының көсегесі көгеруіне тікелей жауапты «Қазақ туризм» компаниясына Үкімет жыл сайын 1,7 млрд теңге қаржы бөледі екен.

“Программаға сәйкес әр 100, 150 шақырымда туалеттер қойылу керек қой. Бірақ біз бүгінгі таңда қарапайым сол туалетке жарымай отырмыз ғой. 1,7 млрд теңге қаржы жыл сайын Қазақ туризм компаниясына бөлінеді. Айлықтарына басқасына. Бірақ туризм саласында ешбір нәтиже жоқ”, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Раманқұлов.

Көркіне көз тоятын, бірақ қызмет көрсетуіне көңіл толмайтын туристік аймақтарда соңғы бес жылда құны 5-7 миллион теңге тұратын дәретханалар орнатылған. Оның өзінде бірде істейді, бірде аяздан есігі қатып қалады. Халықтың ашу-ызасын туғызған бұл жайт, жемқорлықтың елімізде дендегенінің бірден-бір көрінісі дейді депутаттар.

“Туристік кластерді дамытамыз деп жатқанымызға бәленбай жыл болды. Біз туристерді қабылдауымыздың қаншалықты екендігін мына Ресейде ішінара мобилизация кезінде адамдардың легіне төтеп бере алмауы, қонақ үйдің аздығы, тіптен бір мезетте жалға беріліп жатқан пәтерлердің күрт қымбаттап кетуі мәселесімен кездесіп қалдық”, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов.

Ал Қазақ туризм компаниясы жыр болған дәретхана мәселесіне біз жауапты емеспіз деп ат-тонын ала қашты. Жергілікті әкімдіктерге жылдық қажетті нысандардың тізімін береміз, әрі қарай іс әкім-қаралардың мойнында екен.

“Енді сіз айтып отырған мәселе ол 30 жыл бойы жиналып қалған мәселе ол. Мысалы әжетханалар олар тек туристер емес, жергілікті халық үшін де салынуы тиіс. Негізгі туристік органдарда 500 әжетхана салу керек деген анализді бердік. Соның қазір үштен бірі, яғни үштен бірі орнатылған. Әрбір әкімдіктің алдына көтеріп, Үкімет оны бекітті”, – дейді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының Басқарушы директоры Даниел Сержанұлы.

Қазір жыл сайын туризмнен ел бюджетіне 100 млрд теңгеден астам пайда түседі. Жалпы ішкі өнімнің 5 пайызы осы салаға тиесілі. Ал, депутаттар, жолаушы дем алып, шұрайлы жерлерді туризм кластеріне айналдыра алмаған Қазақтуризм компаниясындағы құзіретті алып тастауды сұрауда. Қаражатты әр туристік компанияға әлеуетіне сәйкес үлестірген дұрыс деген пікірде.

https://stan.kz/30-zhilda-darethanaga-zharimadik-mazhilis-deputattari-k-371858/

Leave A Reply

Your email address will not be published.