25 қазан — Республика күні мерекесі Жуалы ауданында атап өтілді

223
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Республика күні мерекесі биыл ұлттық мерекелердің тізіміне ресми түрде енгізілді.
2009 жылға дейін ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде бүкіл халықпен аталып, қоғамдық қолдауға ие болған Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралды.
Бұл ретте, Республика күні мен Тәуелсіздік күні түрлі мағыналық мазмұндағы мерекелер мен шығу тарихы жағынан өте маңызды мейрам екенін атап өткен жөн.
Тәуелсіздік күні – елімізді әлемдік қоғамдастықтың дербес мүшесі және халықаралық құқық субъектісі деп жариялай отырып, 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданған тарихи күн.
Республика күні – Жоғарғы Кеңестің Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған күні, яғни 1990 жылғы 25 қазан күнімен байланысты. Бұл Декларацияның айрықша рөлі – Қазақстан алғаш рет өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрлері, сондай-ақ болашағының пайымдауы бар бірегей аумақтық субъект ретінде жариялануында болып отыр.
Осыған орай, бүгін Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Достық» мәдениет үйінде өткен жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза Жуалы жұртшылығын және мерекеге жиналған қауымды Республика күні мерекесімен құттықтап, өңірдің дамуына және қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып жүрген бірқатар азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің Құрмет грамотасымен қатар, Алғысхаттармен марапаттады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бірқатар көпбалалы аналар «Күміс алқа» алқасына ие болды. Аталған жоғары марапаттардың барлығын аудан басшысы Жалғас Мұртаза салтанатты жағдайда табыс етті.
Республика күні ұлттық мерекесіне арналған салтанатты шара ары қарай аудан көркемөнарпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Жуалы ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.