2024 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық шаралары талқыланды

75

Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте 2024 жылғы вегетациялық кезеңде ағын суды пайдалану жоспары қаралды.

Басқосуда ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков келер жылға суармалы алқапта егілетін дақылдардың көлеміне өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, ауылшаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жоспарына сәйкес, алдағы жылдың өнімі үшін ауылшаруашылығы дақылдарын 770 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда. Осылайша келер жылы дақыл егілетін алқаптар 7,5 мың гектарға ұлғаяды.

Биыл орын алған суармалы су тапшылығын ескере отырып, тәлімі жерлерге орналасатын дақылдардың көлемі ұлғайып, керісінше суармалы алқапта орналасатын дақылдардың көлемі кемімек. Ауылшаруашылығы дақылдарына бекітілген нормаға сәйкес, қажетті суармалы су көлемі 1 миллиард 311,9 миллион текше метрді құрап отыр. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 112,6 миллион текше метр, майлы дақылдар – 13,2, қант қызылшасы – 54, картоп – 48,3, көкөніс дақылдары – 278,1, бақша дақылдары – 119,6, мал азығы дақылдары 611,3 миллион текше метр ағын суды қажет етеді.

— Барлық аудандардан келер жылдың өнімі үшін егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының жоспары алынып, егіс алқабының су жүйелеріне орналасу картасы жинақталды. Жинақталған мәліметке сәйкес және ағымдағы жылғы облыста орын алған суармалы судың тапшылығын ескере отырып, 2024 жылға суармалы алқапта егілетін ауылшаруашылығы дақылдарының көлеміне өзгерістер енгізіліп, оған 588 миллион текше метр ағын су жұмсалатыны анықталды, – деді  басқарма басшысы.

Облыс бойынша 19 мыңға жуық шаруашылық болса, оның 70 пайызында 1-100 гектар аралығында ғана егістік жері бар. Осы орайда ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру – басты мақсат.

Өз кезегінде аймақ басшысы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру үшін ынталандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.

– Жер көлемі шағын шаруашылықтар мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерден қағылатыны белгілі.  Төмен пайызды несиеге де қол жеткізуі қиын. Мұндай шаруашылықтың жері тұзданады, тозады, шаруашылық алға дамымайды. Сол үшін осындай шаруашылықтарды ірілендіру жолында ауылшаруашылығы басқармасы басшысы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы» акционерлік қоғамымен бірігіп, оларды ынталандырудың жаңа механизмін ойластыру керек. Арнайы өңірлік бағдарлама жасау арқылы бір шешімін табу маңызды.

Шаруалардың ұңғыма қазу шығындарын субсидиялау 50 пайыздан 80 пайызға дейін артыру туралы тиісті министрлікке ұсыным берілді. Ендігі кезекте егіс алқабын суландыруға жүргізілетін инфрақұрылым шығындарын субсидиялауды да осы мөлшерге көтеруге қатысты жұмыстар жүруде. Дегенмен, бұл мәселенің қолдау табу-таппауы белгісіз. Сондықтан шаруаларды босқа алаңдатпай, түсіндіріп, нақтысын айту керек,– деді Ербол Қарашөкеев.

Бұдан кейін «Қазсушар» РМК облыс бойынша филиалы директорының уақытша міндетін атқарушы Ғалия Зарубаева баяндама жасап, алдағы жылы қай ауданның, қай ағын су жүйесі бойындағы алқаптарда су тапшылығы орын алуы мүмкін екенін, қандай дақыл түрін егу қажеттігіне тоқталды.

Басқосуда облыс әкімі ағын су тапшылығы туындауы мүмкін аудан басшыларымен онлайн байланыс арқылы сөйлесіп, алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысын сұрады.

Аймақ басшысы жауаптыларға «Қазсушар» мекемесімен келісімшартқа тұрмай, алқаптарын төте жолмен суарып отырған шаруаларды, олардың жер көлемін анықтап, тәртіпке келтіруді тапсырды.

Бұдан бөлек, тиісті басшыларға вегетациялық кезеңнен кедергісіз өтужолдарын қарастыру, ағын су жүйелерін жөндеу, су қоймаларының су қабылдау мүмкіншілігін талапқа сай ету секілді бірқатар тапсырма жүктелді.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.