Үздік оқушыларға велосипедтер сыйға тартылды

489

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Қорыта айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауының басты бағытының бірі осы білім саласы. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді.

Бүгін Қазақстан бойынша білім беру тарихында алғаш рет оқу кезеңі 31 мамырда аяқталып, Соңғы қоңырау салтанаты 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аясында ұйымдастырылды.

Еліміздің барлық білім ұяларында соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлады. Соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. Бұл күні түлектер он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар сүйікті шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандырады.

Әне-міне, дегенше биылғы оқу жылы да өз мәресіне жетті. Кеше ғана алғашқы қоңырау сыңғыры оқушыларды мектепке, оқу-білімге шақырып, Білім күні мерекесі тойланған еді. Бүгін мектептерде соңғы қоңырау соғылып, мектеп бітіруші түлектерді үлкен өмірге шығарып салды.

Осындай соңғы қоңырау мерекесі Тараз қаласындағы Бүркітәлі бастауыш мектебінде де өтті. Басқа мектептерге қарағанда бұл бастауыш мектебінің тиімділіктері мен жеткен жетістіктері, балаларға жасалған мүмкіндіктері ерен.

Бүгінгі заман білім беру жүйесі жан-жақты дамыған, өздігінен жұмыс істей алатын, үздіксіз білім алуға ынтасы бар жастарды дайындауды талап етеді. Себебі, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында білім беру жүйесі жетекші рөл атқарады.

Дәл осы бағытта Бүркітәлі бастауыш мектебінде де атқарылған істер ауқымды. Баланың жан-жақты сауатты, салауатты, өнерлі де талапты болып қалыптасуына аталмыш мектептің үйретері көп. Балаларымыздың қолы қалт еткенде пайдалы іспен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Қосымшалармен қамтылған. Бұл баланың өзі үшін де, ата-анасы үшін де қажет.

Ия,қуанса бала қуансын. Бүгін соңғы қоңырау және балалар күніне орай Бүркітәлі бастауыш мектебінде керемет сәттің куәсі болдым. Мектеп құрылтайшысы атынан үздік оқушыларға яғни 16 сынып бойынша велосипед және қаржылай сыйлықтар таратты.

Мектеп директоры Дана Туғанбаева құттықтау сөз сөйлеп, жетістікке жеткен оқушылардың шеруі өтті. Өнерлі ұстаздар домбырада күй тартса, талантты оқушылар әсем әндер айтып, би билеп, білім туралы тақпақтар айтты.

Ұстаздар мен оқушылардың бірігіп дайындаған керемет бағдарламадан жиналған көпшілік, әдемі әсер алды. Ата-аналар сөз сөйлеп, аталмыш мектепке алғыстарын жеткізді.

Ұлы дала тұрғындарына үлкен үміт пен балаларымызға сапалы білім жайлы жағдай жасай білген Бүркітәлі бастауыш мектебінің 11 сыныпқа дейін оқытатын білім ошағы болса деген ата аналар тарапынан тілек айтылып жатты.

Балалардың ынталануы үшін осындай жомарттық жасап жатқан құрылтайшы Медет Мәдібек пен Айнұр Байымбетоваға Алла разы болсын дейміз!

Осы мектепте менің де балам оқығандықтан мен де осы сәттердің куәсі болдым. Мектеп-білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі. Заманауи мұғалімнің басты міндеті – оқушыны білімге қызықтыру. Ұстаз қашанда ұстаз. Соның ішінде бала жанын дөп басып, қасына жақындата білу, әрбір баланың мінез-құлқына сай сөйлесу нағыз ұстазға тән қасиет.

Міне, осындай қасиетке ие Бүркітәлі бастауыш мектебінің оқытушыларының бірі Айгүл Таутаева деп айта аламын.

Жаста болса бала оқытуда алдына жан салмайтын, еңбекқор, ізденімпаз, мұғалімдік жолды қателеспей таңдаған жарқын тұлғалардың бірі. Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген: “Ұстаздық- ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді….

Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз”. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттерінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстазымыз Айгүлдің армандары көп, мақсаттары биік. Осындай арман мен мақсатты Бүркітәлі бастауыш мектебі арқылы жалғастырып келе жатқан барша ұстаздар ұжымы мен мектеп басшылығын бүгінгі мерекемен құттықтап, ата-аналар атынан риясыз алғысымызды білдіреміз.

Дариха Пазылбекқызы, Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.