Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқаны сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда біз өзіміздің ұрпақ тәрбиелеу мектебін қаншалықты сақтап келеміз деген заңды сұрақ туындайды. Сол ұрпақ тәрбиесін қалыптастырудың бірден-бір жолы ол үлкенді сыйлау дәстүрі.
Қазіргі таңда, өкінішке орай, осы дәстүр көмескі тартып бара жатқанға ұқсайды. Көшеде болсын, қоғамдық орындар мен көліктерде болсын мен мұны жиі байқаймын. Үлкен адамға орын бермеу, сөзін тыңдамау, айтқанын орындамау сияқты жағымсыз әрекеттерді көрген кезде ұлттық тәрбие мектебімізді қалайша сақтап қаламыз деген мәселеге ой жүгіртемін. Меніңше, барлық тәрбиенің негізі отбасынан басталады. Ата-ананың ақыл-кеңесін бойына сіңіріп өскен әрбір жас азамат болашақта осы дәстүрге де жауапкершілікпен қарайтыны сөзсіз. Отбасынан кейін, балабақша, мектеп те балаларға үлкенді сыйлау дәстүрін үйретіп, қаперлеріне салып отырса құба-құп. Жасы үлкен адамға құрмет көрсету үлгісін әр халықтан кездестіруге болады. Ал қазақ халқында бұл дәстүрге ерекше мән берілетінін бүгінгі жастарымыз ұмытпауы керек. Үйге ақсақал келсе төрге оздыру, төрден орын беру сияқты тамаша әдет-ғұрыптарымызды сақтай білсек, елдігіміздің бір белгісі осы болмақ.
Кейде әзіл-оспақ театрларының да қойылымдарына қарап тұрып қарным ашады. Неге? Өйткені олар үлкен адамдарды құрметтеудің орнына әжуаға айналдырып жатады. Бұл мүлде дұрыс емес. Ал мұндай қойылымдарды көрген жас бала одан қандай үлгі-өнеге, тәрбие алады? Сол себепті театрда болсын, кино туындыларында болсын, біз мұндайға жол бермесек екен деймін. Қайта үлкен адамдардың қадірін арттыратын, ерекше құрметті қалыптастыратын сахналық бейнелер көбірек сомдалса, соның жас ұрпақтың тәрбиесіне беретін әсері әлдеқайда зор болмақ.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда елімізде қарттар үйіндегі қарияларымыздың қатары көбейіп барады. Ол неліктен? Әрине, бұған әртүрлі жауап беруге болады. Бірақ бұл мәселенің астарында, негізгі бір себебі ретінде үлкенді сыйламаушылық бар екенін ешкім де жоққа шығара алмас. Өз ата-анасын қарттар үйіне тапсырған балаларға не дерсің? Сондықтан елімізде қарттар үйі аз болсын десек, аталарымыз бен әжелеріміз, қарияларымыз қартайған шақтарын баянды ғұмырмен өткізсін десек, біз қазақтың үлкенді сыйлау дәстүріне ерекше мән беріп, оны тәрбиенің негізіне айналдыра білуіміз керек.
Алиша .