ЖЕТІСАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАУЫНДАРЫ РЕСЕЙГЕ ЖӨНЕЛТІЛУДЕ

167
Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 79,2 мың гектар суармалы жердің 44 мың гектарына мақта шитін сепсе, 17,1 мың гектар жерге бақша, 7,5 мың жерге дәндік жүгері, 3,7 мың га жерге көкөніс пен 6,4 мың гектар алқапқа жоңышқа дақылын егу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде ауданда егілген қауын дақылдарының алғашқы өнімі пісіп те үлгерген.
Жетісай ауданының тұрғыны Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері жер еміп, диханшылықпен айналысып келеді.
Жалпы иелігіндегі 300 гектар жерінің 260 гектарына мақта тұқымын сеуіп, 40 гектарына қауын көшетін отырғызатын «Әл-Фараби» шаруа қожалығы жылдағы әдеті бойынша биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр.
Қожалық төрағасы иелігіндегі егістігіне қауынның «Нұр-Бакинка» сортын егіп, өнім жинауды бастады. Ақпан айының соңында отырғызылған көшеттер жоспардағы 65 күнде емес, ауа-райының жауын-шашынды болуы салдарынан 80 күнде дайын болып отыр. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына экспорттап жатыр. Баға да жаман емес, егістік басынан ешқандай делдалсыз келісін 650 теңгеден сатып жатыр.
«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Аудан әкімдігі тарапынан ағын су каналдарының уақытылы тазалануының нәтижесінде тапшылық сезілмеді.
Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап, ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз» дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.
Айта кетейік, биылғы жылы аудандағы суармалы жердің 17,1 мың гектарына егілген бақша дақылдарының 14,2 мың гектары қауын болса, 3 мың гектары қарбыз дақылы.
Былтырғы жылы 16,9 гектар алқапқа егілген бақшаның 13,9 мың гектары қауын, 3 мың гектары қарбыз болған. Ал, жалпы алынған өнім көлемі 510 мың тоннаны құраған.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.