Жас мамандар саны артып келеді

591

Осыдан бірнеше жыл бұрын сәтті жүзеге асқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бүгінде ауылдағы маман тапшылығын шешуге үлкен сеп болуда. Әсіресе, аудандағы елді мекендерде сұранысқа ие болып отырған медицина, білім беру және мәдениет салаларына білікті де білімді жас мамандар көптеп келе бастады. Оның үстіне, ауылға келген жас мамандарды ынталандыру мақсатында көтерме жәрдемақы төленіп, баспана алуына да жеңілдетілген несие берілуде. Мемлекет басшысы да өз сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Бізді асырайтын ауыл» – деп ашық та, анық айтқан болатын. Міне, осындай мүмкіндікті мүлт жібермеген жас маманның бірі – Шу ауданының тұрғыны Едіге Рай.

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша білім алған ол, оқуын аяқтаған соң еңбек жолын ауылдан бастауды құп көрген. «Бүгінде медицина саласы қарыштап дамып келе жатқандықтан, ондағы жаңашылдықтарды әсіресе жастар жақсы түсінеді. Сонымен қатар, жоғарғы білімді мамандар ауылды жерлерге өте қажет. Мұнда үлкен тәжірибе жинап, білікті дәрігер болып қалыптасуға мүмкіндік те көп. Сондықтан, қолға диплом тиісімен туған жерге жұмысқа тұруға асықтық. Сәтін салғанда, «Дипломмен ауылға» ауылға бағдарламасымен дер кезінде танысып, сол арқылы Шу ауданының орталық ауруханасына жұмысқа орналастым» – дейді Едіге Болатбекұлы.Қазіргі таңда аталмыш бағдарламаның арқасында тұрақты жұмыспен қамтылған жас маман алғашқы жылы 120 мың теңге көлемінде жеңілдетілген көтерме жәрдемақыға ие болған. Сонымен бірге, 2016 жылы аудан орталығынан үй алу үшін кезекке де тұрған. Енді міне, аудандық орталық ауруханада күндізгі бөлім дәрігері болып қызмет атқарып жүріп, үстіміздегі жылы аталмыш бағдарламаның арқасында үйлі-жайлы болып отыр.

Әлбетте, жастар ауылдың тіршілігімен, ондағы тұрғындардың өмірімен таныс болғаны дұрыс. Өткені, бүгін ауылда еңбек етіп жүрген жас буын, ертең-ақ билік басында отыруы әбден мүмкін. Ол қабылдаған шешім қалалық жерде қалай, ауылдық жерде қалай жүзеге асатындығын білуі қажет. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүрген маманды ғана тәжірибелілердің қатарына жатқызуға болады. Демек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мамандарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың біліктіліге қатысты да көзге көріне бермейтін, десе де маңызы зор мәселелердің шешімін табуға ықпал етіп отыр деуге болады. Бір қуанарлығы, бүгінгі күні ел жастары үшін игілігі мол бағдарламаның тиімділігін түсінген жастардың қатары жыл санап артып келеді. Мысалы, Шу ауданында өткен жылы дәл осы бағдарламаның арқасында 30 маманға бас-аяғы 5 миллион 99 мың теңге қаражат бөлінген. Дәлірек айтқанда, әр маманға 168350 теңге көлемінде қаржы қаралып отыр. Олардың 7-уі денсаулық саласы, 20-ы білім саласы, 2-уі ветеринария саласы, 1 маман мәдениет саласы бойынша жұмысқа орналасқан. Ал, тұрғын үй сатып алу бойынша ағымдағы жылы 49 маманға жалпы көлемі 178 миллион 458 мың теңге көлемінде бюджеттік несиеге қол жеткізген.

Қажетті білімді меңгерген, ауылдың абыройын көтеретін, өмірін өзгертетін жігерлі жас қашан да табылады. Сонымен қатар, сол ауылдан шықсаңыз тіпті жақсы. Ауылдың əлеуметіне қанық, жағдайына жетік бола тұрып, сол елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ету сіз бен бізге міндет. Жаны отансүйгіштік сезіміне сусындаған, бойына ұлтжандылық қасиеті дарыған жас өрен ұлы істерді жасауға даяр. Міне, туған жерінің түлеуін ойлап, алған білімі мен білігін жерлестеріне жұмсап жүрген осындай мамандардың қатары артса, еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз.

dalanews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.