«Жаңа Жібек жолы» экспедициясы Таразға келді

509

«Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасы шеңберінде «Жаңа Жібек жолы» бағытымен 17 қыркүйекте Алматыдан шыққан экспедиция Таразға келіп, аялдады. Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысымен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырған экспедицияны «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.
Құрамында тәжірибелі саяхатшылар, туроператор өкілдері мен шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден құралған экспедиция «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында жергілікті журналистермен кездесіп, сұхбаттасты. Одан кейін саяхатшылар Әулиеата өңіріндегі тарихи орындарын аралады.
«Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржан Алгашов:
– Алматыдан алғаш жолға шыққанда Қазақстан-Қытай шекарасында болып, Қорғас бекетіне барар жолда Жаркенттегі ерекше мешітке соқтық. Ерекше деуіміздің себебі, бұл мешіт ешқандай шеге қағылмай, Тянь-шань шыршасынан салынған. Одан соң еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі Көлсайға барып, табиғаттың сұлу көркін тамашаладық. Біздің қатарымызда «National Geographic Россия» тобы да бар, – дейді.
Топ мүшелері тарихтың темірқазығы саналатын Таразды бірнеше күн бойы аралап, Батыс Тянь-Шань тауларының солтүстік-шығысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағын бетке алды. Ондағы теңіз деңгейінен 2 350 метр биіктікте орналасқан Сайрамсу көлін көруді жоспарлапты. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы Отырар қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелері мен Сауран қаласы секілді археологиялық ескерткіштерге жол тартпақшы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.