Жамбылдық медицина мекемелері жыл соңына дейін жүз пайыз ғаламтормен қамтылмақ

588

Сандық технологиялардың үлесі бойынша медицина мамандары мақтана алады.

Қолға алған ірі жобаларының бірі – электронды денсаулық төлқұжаты. Бұл жоба қазір үш өңірде пилоттық жүйеде жүзеге асып жатыр. Басты артықшылығы – сырқаттар туралы барлық мәліметтер бір электронды базаға жинақталған. Яғни науқастар енді бұрынғыдай тіркеу бөліміне сабылып, амбулаторлық карталарын іздеп, әуре-сарсаңға түспейді, дәрігерлер де қағазбастылықтан құтылады.

Батыс Қазақстан облысы – медицина саласын толықтай ақпараттандырған аймақтың бірі. Бүгінде облыс орталығындағы 35 емдеу мекемесі жаңалықты жатсынбай қабылдады. Осы арқылы аурулар амбулаториялық картадан құтылды, дәрігерлер қағазбастылықты азайтты. Ортақ дерекқордағы ақпарат арқылы сырқат сырын анықтап, диагноз қою да жеңілдеді.

– Пациенттің фамилиясы аты-жөнін жазу арқылы науқастың ауруы жайында бүкіл ақпаратын біліп отырамыз. Мысалы, бұрын қандай аурумен ауырғаны, қандай диагноз бойынша қаралғаны тұрады. Біз ешқандай қағаз сұратпаймыз,– дейді №3 емханадағы денсаулық орталығының меңгерушісі Шолпан Жұмашева.

Өңірде сандық салада 7 жоба қолға алынды. Ішінде жемісті жүзеге асып жатқандары да, әлі бір қайнауы кем боп тұрғандары да бар. Мысалы, электронды кезек. Осының арқасында емханаларда адам аяғы азайғанымен, сырқаттың дәрігерге жету уақыты жеделдеген жоқ. Белгілі бір бағыттағы дәрігерге қаралу үшін әуелі жалпы тәжірибедегі дәрігерге барып, одан соң апталап күту қажет.

Алыс ауылдардағы ғаламтор байланысының сапасы — сандық технологияларды енгізудегі басты кедергінің бірі. Мұндай түйінді мәселе Жамбыл облысында да бар. Өңірде 406 денсаулық сақтау ұйымы болса, соның 8 пайызы интернеттің игілігіне қол жеткізе қоймапты.

Ал Тараз қаласындағы емдеу мекемелерінде ақпараттандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Мәселен, №5 емханада дәрігерді үйге шақырту, жазылу, науқастың сараптама қорытындыларын зертханаға жолдау барлығы электронды түрде іске асады.

– Тіркелген халықтардың барлығының амбулаторлы медициналық мәліметтерінің барлығы электронды сандық жүйеге кіргізілді. Қазіргі таңда емханаға қаралған науқастардың барлығы электронды сандық жүйе арқылы дәрігерлердің қаралуына, лабораторлы инструменталды тексерістерді электронды сандық жүйе арқылы өтуде, – дейді дәрігерлік кеңестік комиссия төрағасы Рахат Аймурзаев.

Жамбылда 43 емдеу ұйымы «Elsi Med» және «Damu Med» ақпараттық жүйесіне қосылған. Жыл соңына дейін медицина мекемелері 100 пайыз ғаламтормен қамтылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.