Жамбыл облысында суармалы инфрақұрылым жаңғыртылып, мыңдаған гектар алқап сумен қамтылады

142

Жамбыл облысында суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға бағытталған ірі ирригациялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өңір еліміздің оңтүстік аймақтарының бірі ретінде суармалы егіншілікке қолайлы табиғи жағдайымен ерекшеленеді. Климаттың жыл сайын құрғақшылыққа бейімделуі және трансшекаралық өзендердің суын тиімді пайдалану қажеттілігі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуды күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналдырды.

Осы мақсатта Жамбыл ауданында орналасқан Бескемпір, Бошмойын және Талас–Аса магистральдық каналдарында күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды мердігер мекеме – «Реал Билдинг» ЖШС іске асыруда.

Соның ішінде «Бошмойын» каналы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба суармалы жерлерді толық пайдалануға мүмкіндік береді. Жоба аяқталғаннан кейін қосымша 1324 гектар жер айналымға енгізіліп, суармалы алқаптың жалпы көлемі 4809 гектардан асады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайтып, су пайдалану тиімділігін едәуір жақсартады.

Жоба аясында ұзындығы 21 шақырымды құрайтын тозығы жеткен науалар толық ауыстырылып, су тарату құдықтары, гидробекеттер, шаруашылықішілік каналдардың су шығару құрылғылары мен су өлшеу нысандары жөнделеді. Сонымен қатар жаңа су реттегіш қақпалар орнатылады.

Бұдан бөлек, Байзақ ауданындағы Өтеміс шаруашылықаралық каналы да қайта жаңғыртылып жатыр. Жобаны «ҚазАтакент Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Каналдың ұзындығы шамамен 28 шақырымды құрайды. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген гидротехникалық нысандардың тозуы салдарынан су шығыны жоғары болған.

Қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде каналдың техникалық жағдайы толық қалпына келтіріліп, су ысырабы азаяды. Ең бастысы, 3500 гектардан астам суармалы алқап тұрақты суару сумен қамтамасыз етіліп, өңірдегі егіншілік саласының өнімділігі артады.

Жалпы, облыста жүзеге асырылып жатқан ирригациялық жобалар су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады.

baq-orda.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.