Жамбыл облысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысы өтті

30

ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді.

Су шаруашылығы және ветеринария саласының өзекті мәселелері қаралған Комитеттің көшпелі отырысы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің, бірқатар министрліктер өкілдерінің, шаруа қожалықтары, Су шаруашылығы және ирригация ҚазҒЗИ басшыларының, сондай-ақ салалық бірлестіктердің қатысуымен өтті.

— Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев суды үнемдеудің заманауи тетіктерін енгізуге мүмкіндік беретін жаңа Су кодексіне қол қойды. Ветеринария саласына келетін болсақ, Мемлекет басшысы орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктерді нақты айқындау, процестерді цифрландыру, ветеринария мамандарының жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды, — деп атап өтті Комитет төрағасы Серік Егізбаев.

Ербол Қарашөкеев өңірде су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, 203 суару каналын қайта құру және күрделі жөндеу жоспарлануда.

2024 жылы су үнемдеу технологиялары енгізілген егістік алқаптары 15,4 мың гектарға ұлғайып, облыстағы жалпы көрсеткіш 55,4 мың гектарды құрады.

2023-2024 жылдары ауылдағы ветеринария мамандарының жалақысы 30 пайызға өсті. Материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында 60 қызметтік көлік сатып алынды.

Биыл 40 ауылдық ветеринариялық пунктке арналған ғимараттар салу жоспарланып отыр, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

2026 жылға тағы 30 ғимараттың құрылысы жоспарлануда. Нәтижесінде облыстағы 160 ветеринарлық пункттің барлығы толықтай үй-жайлармен қамтамасыз етіледі.

Мал шаруашылығы саласындағы статистикалық деректерді нақтылау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы жануарларының нақты санын анықтауға мүмкіндік берді.

Басқосу барысында су ресурстары және ирригацияның бірінші вице-министрі Болат Бекнияз су ресурстарының тапшылығын азайтуға, оларды сарқылудан және ластанудан қорғауға, жер үсті және жер асты суларын кешенді пайдалануға, сондай-ақ суды ұтымды пайдалану мен суды үнемдеуге бағытталған жаңа Су кодексінің негізгі ережелерін түсіндірді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ветеринария қызметтің ағымдағы жай-күйі, оны реформалау барысы және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Сондай-ақ Қазақ су шаруашылығы және ирригация ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Нұрлан Балғабаев пен шаруа қожалықтарының басшылары баяндама жасады.

Сапар барысында мәжілісмендер өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен су шаруашылығы нысандарын да аралайды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.