Эт экспортында әлеуетіміз артып келеді

826

Өткен жылы аймақта мүйізді ірі қараның саны 350 мың басқа жуықтаса, биыл бұл көрсеткіш 3,4 пайызға артқан. Нәтижесінде, алыс-жақын шет мемлекеттерге ет экспорттаудың тетігі табылып отыр. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биыл 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамытуға арналған салалық бағдарлама қабылданып, индикативті көрсеткіштер бекітіліпті. Аталған бағдарламаға сай, 2024 жылға дейін өңір сырттан 36 мың басқа жуық аналық ірі қара мал сатып алмақ. Биыл соның 1850 басын елге жеткізу жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні белгіленген межені жүзеге асыруда мойынқұмдық «АгрофирмаТүрікпен» ЖШС-ның жұмысы жүйелі. Серіктестік Ресей мемлекетінің Алтай өңірінен қазақтың ақбас тұқымдас 600 бас сиырын әкеліп, жерсіндіруде. Одан бөлек, олар 2016 жылдан бастап Ресейден 1 699 бас ет бағытындағы қалмақ тұқымдас мүйізді ірі қара малдарын әкелген болатын. Алдағы уақытта серіктестік тағы 3 мың бас ірі қара малын импорттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қожалық
3 000 басқа арналған бордақылау кешені мен 5 000 басқа шақталған репродуктор-шаруашылық құру жобасын жандандыруда. Жобаға сәйкес 8 мал азығын дайындайтын нысан, малдарды ұстауға 20 қора және малшыларға арналған 20 үй салынуда.
Облыста 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамытуға арналған салалық бағдарлама аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдарының облыстық филиалдарына 1 602 мүйізді ірі қараның аналық басын сатып алу бойынша 19 тауар өндірушіден сұраныс қабылданып, 4 өтінім мақұлданған. Бұның негізінде өңірге тағы 320 бас сиыр келеді деп күтілуде. Сондай-ақ, 3 жоба бойынша 104,9 миллион теңге несие беріліп (293 бас), тауар өндірушілер Ресей мемлекетінен мал әкелу бойынша келісімдер жасауда. Егер бұл мәміле жүзеге асатын болса, елімізге қосымша 293 бас Зеңгі баба түлігі жеткізіледі. Осы орайда жоғарыда аталған «АгрофирмаТүрікпен» ЖШС зәкірлік кооперация ретінде шетелден мал жеткізіп беру (операторлық) қызметін ұсынуда.
– Қазіргі таңда шаруашылықта 4 мыңнан астам ірі қара малы өсірілуде. Алдағы уақытта осы малдардың төлдерін өңірдегі шағын шаруашылықтарға сатып және шетелден асыл тұқымды мал жеткізіп беру жұмыстарын қолға алмақпыз.
Бұдан бөлек, қолдан ұрықтандыру әдісі биыл оң жемісін беруде. Қазіргі таңда «Асылдандыру-Тараз» орталығынан қазақтың ақбас сиырының 280 ұрығы алынып, аналық басты ұрықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, асыл тұқымды мал басын арттыру үшін Ресейден 3 000 бас сиыр әкелу жұмыстары пысықталуда. Бір апта бұрын сол жоспардың аясында 600 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырлары көршілес мемлекеттің Алтай өңірінен жеткізілді. Ол жұмыстарды «КазАгро» ұлттық холдингі қаржыландырып жатыр, – дейді серіктестік басшысы Бауыржан Әбілдаев.
Бұдан өзге, өңірде шетелден мал жеткізумен қатар, шетелдік инвесторлардың қатысуымен мал шаруашылығын дамыту бағытында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар да баршылық. Мәселен, малайзиялық инвесторлармен МІҚ бордақылауды қолға алған «АгростанФарм» ЖШС 2 миллиард 700 миллион теңгенің жобасын, Біріккен Араб Әмірлігінен инвестор тартқан «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС 2 миллиард 379 миллион теңгенің жобасын жүзеге асыруда. Сондай-ақ, Ресей, Канада, Ирландия сынды мемлекеттермен де біріккен жобалар бар. Жыл басынан бері 309,3 тонна сиыр еті Қырғыз Республикасына, Бахрейн Корольдігіне, Өзбекстан Республикасына жіберілсе, 975,1 тонна қой еті Иран Ислам Республикасына жөнелтілген. Бүгінгі күні Өзбекстанға 700 бас бордақыланған бұқашықтар жіберіліпті. Тағы 1 000 бас ет бағытындағы мүйізді ірі қара экспорттау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.
– Ағымдағы жылдың басынан бері өңірдің тауар өндірушілерімен барлығы 1637,5 тонна ет экспортқа шығарылды. Оның ішінде 1002,54 тонна қой, 518,8 тонна сиыр, 117,7 тонна құс және 1 тонна жылқы еті көрші елдерге жіберіліп отыр. Айта кетерлігі, жылдың соңына дейін 1 000 тонна сиыр және 1 500 тонна қой етін экспортқа шығару жоспарланған болатын. Оған өңірдегі тауар өндірушілердің әлеуеті жеткілікті, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Балжан Ысқақова.
Иә, бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық бастамалар. Мемлекет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан қолдаулардың арқасында Алтай асып, өңірге ірі қара малдары келіп жатса, өз кезегінде облыстан шетелге ет экспортталуда. Бұл аймақ экономикасы үшін жасалған үлкен қолдау екені даусыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.